Атырауда 38 жастағы азаматтың алимент төлеуден жалтарып, халықаралық іздеуде жүргені әшкереленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, 26 наурызда сағат 11:00 шамасында полицейлер оны көшеде мас күйде ұстаған.
«Атырау қаласындағы №6 учаскелік полиция бекетінің учаскелік полиция инспекторлары тексеру кезінде мас жігіттің Түркістан қаласының тұрғыны екенін анықтады. Жасы – 38-де. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 440-бабының 1-бөлігімен (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) әкімшілік хаттама толтырылып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, оған 2017 жылдан бері алимент төлеуден жалтарып, қашып жүргеніне байланысты халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.