Бүгін Ақтөбе қаласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің төрағалығымен өтіп жатқан жаңа Экологиялық кодексті жұртшылыққа түсіндіруға арналған жиын өтті. Оған облысы әкімі Оңдасын Оразалин, өңірдегі ірі табиғат пайдаланушы компаниялар, экологиялық белсенділер мен қоғам өкілдері қатысты.
Еске салсақ, 2021 жылғы 2 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Экологиялық кодекске қол қойған болатын. Құжат адам өмірі мен денсаулығына маңыз бере отырып, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз етуді, бизнестің қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметін реттеуді көздейді.
«Биыл қабылданған жаңа экологиялық кодекс өндірісі тың дамыған Ақтөбе өңірі үшін де негізгі қажетті құжаттың бірі екені сөзсіз. Сондықтан да, онда көрсетілген талаптарды іске асыру, табиғат пайдаланушылардың және жалпы жұртшылықтың негізгі міндеті», деді жиын басында өңір басшысы Оңдасын Оразалин.
Министр Мағзұм Мырзағалиев Кодекс табиғат ластаушыларды жаңа технологияларды енгізуге, жұртшылықтың пікірімен санасуға мәжбүрлейтінін атап өтті.
«Бүгінде Ақтөбе атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары қалалардың қатарында. Қабылданған жаңа Экологиялық кодекс Қазақстандағы, сондай-ақ Ақтөбе облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналады. Кодекстің негізгі мақсаты – 50-60-шы жылдардағы іске қосылған ірі кәсіпорындарды экологияландыру, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу. Бұрынғы Заң жобасы кәсіпорындарға қоршаған ортаға залал келтіруге және ол үшін айыппұл төлеп құтылуға мүмкіндік берсе, жаңа Кодекс бойынша табиғатты ластау тым қымбатқа және тиімсіз болады», деді Мағзұм Мырзағалиев жиын басында.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфұхар Жолдасов Кодекстің барлық негізгі бөлімдерін толық түсіндіріп шықты.
«Кодекстің негізгі бағыттары «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын іске асыру, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, табиғат қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты жұмсау, үздік халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру, оның ішінде «waste to Energy» енгізу және т. б. болып табылады», деді ол.
Халықаралық антиядролық «НЕВЕДА-СЕМЕЙ» қозғалысы ҚР Батыс Қазақстан аймағы филиалының директоры Ізімғали Кубенов бюджетке түскен экологиялық төлемдердің түгелдей табиғат қорғау шараларына жұмсалатынына тоқталды.«Облыс көлемінде жинақталған экологиялық төлемдер түгелдей өз мақсатына жұмсалса, бұл да бір облыс көлеміндегі шешілмей жүрген экологиялық мәселелердің оңтайлы шешілуіне себеп болар еді. Барлық табиғат пайдаланушыларды, оның ішінде ірі кәсіпорындарды осы жаңа Экологиялық Кодекс тәртіпке шақырады деген сенімдеміз, сондықтан да, жаңа енгізіліп отырған Экологиялық Кодексті толықтай қолдаймыз. Сонымен бірге қоршаған ортаны ластау төлемдерінің орнына ең озық қолжетімді технологияларды енгізу механизімінің қолданылуын ерекше атап өтер едім», деді Кубенов.
Қаладағы барлық стационарлық көздерден бөлінетін шығарындылардың 50%-ы тиесілі «Кахром» ТҰҚ» АҚ-на қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты да Кодекске сәйкес ең озық қолжетімді технологияларды енгізіп жатыр. «Казхром» компаниясының президенті Арман Есенжолов осы бағыттағы жұмыстармен таныстырды.
«Біз Ресей мен Еуропа тәжірибелерін енгізе отырып 2030 жылға дейін ең озық қолжетімді технологияларды енгізу бағдарламасын қабылдадық. Оны жүзеге асыруға 47 млрд теңге бағытталды. Осылайша Ақсу ферроқорытпа зауытындағы шығарындылар көлемін 8 мың тоннаға дейін, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 3,8 мың тоннаға дейін азайтпақпыз. Қазіргі уақытта біз еліміздегі қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатып, жастардың бойында ЭКО-сана қалыптастырумен де айналысып жатырмыз. Қызметкерлеріміз қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне, қаланы жасылдандыру жұмыстарына белсенді қатысады», деді А. Есенжолов.
«Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Ақылжан Телеуов Экологиялық кодекстің жүзеге асуын ашық бақылау үшін ақпараттық интерактивті карта құруды ұсынды.
«Ақтөбе облысында мұндай интерактивті карта жасау өңірдің барлық экологиялық проблемалары жеке-жеке топтасқан ақпаратты біріктіріп, кез келген адамға тіркелуге мүмкіндік береді. Мәліметттердің жиналуына сурет, видео, тағы басқа ақпараттар жіберу арқылы халық та өз үлесін қоса алады. Бұл картаға жануарлар мен өсімдіктер әлемі туралы мәліметтерді де біріктіріп, ғылыми база қалыптастыра аламыз», деді Телеуов.
Жиналыста сонымен қатар өңірдегі бірқатар экологиялық проблемалар талқыға түсті. Шалқар көлінің, Көкжиде тұщы су кен орнының жағдайы туралы айтылды.