• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Сұхбат 30 Наурыз, 2021

Наурыз мейрамының тарихы ғылыми зерделеуді қажет етеді - Нұрсан Әлімбай

909 рет
көрсетілді

– Нұрсан аға, ақтың молайып, тіршіліктің жаңарып, күннің ұза­ратын, көңілдің кеңитін кезеңі – Нау­рыз айы да өтіп барады. Қазақы күн­тізбе бойынша жаңа жыл еліміз үшін ырысты болғай дей отырып, Нау­рыз мерекесінің елімізде аталып өтуінің тарихына қатысты деректерді өзіңізден естісек деп отырмыз.

– Ең алдымен, Наурыз дәстүрінің 2009 жылдың 30 қыркүйегінен бас­тап ЮНЕСКО-ның адамзаттың мате­риал­дық емес мәдени мұрасының ре­презентативтік тізіміне енгендігін еске сала кетейін. Осынау айтулы жайт БҰҰ Бас Ассамблеясының «Халықаралық наурыз күні» деп аталатын 2010 жылғы қарарының қабылдануына негіз болды. Қазақ елінде ежелден аталып келген Наурыз мерекесіне 1926 жылы белгілі себеппен тыйым салынған болатын. Араға көп жыл салып тек 1988 жылы ғана қазақ елі әз Наурызбен қайта қа­уышты. Аталмыш уақытта Наурыздың бүкілхалықтық деңгейде мерекеленуі, сөз жоқ, ұлт мәдениетіне өзінің айрықша ұйымдастырушылық қайраткерлігімен де, сан салалы зерттеулерімен де өл­шеусіз үлес қосқан Өзағаның, Өзбекәлі Жәнібековтің есімімен тығыз байланысты екендігін ерекше айтқан ләзім. Алайда, мемлекеттік деңгейде ресми мойындалуы ҚазКСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдың 15 наурыз күні қабылдаған «22 наурыз мейрамы – халықтық көктем мерекесі» Жарлығынан кейін ғана мүмкін болды. Ал 2001 жылдан бері мемлекеттік мереке ретінде аталып келеді.

– Ресми деңгейде тойланбағанымен де, Кеңес заманында ауыл-ауылда үй-үйді аралап көже ішудің өзі бір мереке еді ғой.

– Наурыз мерекесін атап өту қариясы көп ауылдардың берекесі болатын. Әр үйде арнайы наурызкөже дайындау үрдісі әлі күнге жалғасып келеді. Дегенмен де қаймағы бұзылмаған ауылдың қазынасы болған қайран әжелеріміз бен аналарымыз пісірген осынау ғажайып тағамның тіл үйірер ерекше дәмі ауыздан кетпейді-ау.

– Ұлық мерекені еліміздің әр өңірінде өзінше жөн-жоралғысымен атап өтіп жатады. Десек те көпшілікті Наурыз­дың пайда болу тарихына қатыс­ты деректер мен дәстүрлі қаза­қы ортадағы тойлану барысына қатыс­ты жайттар қызықтыратыны анық.

– Наурыз туған күннен бастап тір­шілікте басталған көркем құбылыстар көз қуантып жатқанымен де, оның тарихын бір әңгіменің аясына сыйдыру мүмкін емес. Қазақтың ауызша тарихнамасының аса көрнекті өкілі Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлының мәліметіне қарағанда, наурыз айында басталатын қоғамдағы және табиғаттағы жаңару, өркендеу, өсіп-өну үрдісіне пәрмен беретін ұлы күш – көк сеңгір аспан кейпіндегі Тәңірі (ер адам) мен бүкіл тіршілік иесі туатын Жер Ананың өзара жұптасуы екен. Мұны еш әсіресіз дүниенің жаратылысы туралы көшпелілер тұжырымдамасының ерекше қыры ретінде бағамдауға әбден болады. Ал ғалымдардың басым көпшілігі, соның ішінде, аса көрнекті ағылшын ирантанушысы Мэри Бойс Наурыз жосын-жоралғысының генезисін біз­дің жыл санауымызға дейінгі ХІІ–Х ғасырларда индоирандық этномәдени ортада орныққан зороастризм ілімімен және осы ілімнің институттарымен байланыстырады. Ғалым атап көрсеткендей, индоарийлік мифологиялық қисын бо­йынша, құдайлар пантеонындағы бас құдай Ахура-Мазданың қызы Ардвидсура өркендеу құдайы ретінде жыл сайын қыс мезгілінде жан тәсілім етіп, көктем туа сала (яғни қазіргі ағымдағы күнтізбеге сәйкес наурыз айында) тіріліп отырады екен. Ардвидсураға аталмыш уақыт­та жан бітуі жан-жануарлардың жаппай төлдеуіне, өсімдіктер дүниесінің өсіп-өнуіне дем береді екен деседі. Сөй­тіп, адам баласы үшін тоқшылық тір­ші­ліктің бастауы іспеттес осынау ай­тулы құбылыстың тойлануы Наурыз түрінде қазіргі заманға дейін жетіп отыр дегенге саяды ғалымның ой-тұ­жырымы. Алайда, ғылымда мұндай ой-­тұжырымға кереғар келетін пікір­­­­­­лер де баршылық. Көрнекі мысал ре­тін­де біраз ғалымдардың парсылық термин деп есептелетін «новруздың» (наурыздың) көне копт тілінде кездесетін «ниярус» сөзінің ирандық фонетикалық түрленіске ұшыраған түрі деген көз­қарастарын айтуға болады. Өйткені «ниярус» ұғымы – өзінің идеология­сы мен тұжырымдамасы һәм атқарылу реті жағынан Наурыздың жосын-жо­ралғысына өте ұқсас копт елінде жыл сайын көктемнің бас кезеңінде аталып отырған ғұрыптық мерекенің атауы дейді. Ал копт елінде бұл мереке, бізге жеткен дерек бойынша, жыл санауымызға дейінгі VI ға­сырдың өзінде аталып өткен екен. Демек Наурыз мейрамының тек тамыры әлі де ғылыми зерделеуді қажет етеді. Алайда қазақ жерінде Нау­рыз мерекесі көршілес отырықшы елдерден ауысып, орныққандығы еш дау туғыз­­байды. Осыған байланысты кей­бір ғалымдардың Наурыз көшпелі ортада пайда болды деген көзқарасының шын­дық­қа жанаспайтындығын айта кеткен жөн.

– Соңғы жиырма шақты жылдың ішінде Наурыз тарихын зерттеуге байланысты көптеген зерттеулер, ғылыми көпшілік басылымдар жарық көрген. Кейде басылым беттерінен негізсіз жазылған деректерді де кездестіріп қаламыз...

– Күні бүгінге дейін Наурыз тақы­рыбына байланысты елімізде жарыққа шыққан басылымдардың ұзын саны мыңнан асады екен. Бұлардың бәрінің танымдық тағылымын төмен бағамдауға болмас. Олардың ішінде теориялық жағынан ерекше назар аударатындары да баршылық. Дей тұрғанмен, біразының «мен білемдікпен» жазылғандығын аңғару да қиын емес. Ең алдымен, бұл гәпті ғана емес, ұлттық тарихнамадағы басқа кемшін жайттарды да отандық әлеуметтік және гуманитарлық ғылым салаларының әлі де болса «бір қайнауы» жетпей жатқан күйімен түсіндіруге бо­лады. Елімізде әлемдік деңгейдегі мық­ты ғылыми орта қалыптасса, мұндай ол­қылықтарды «сүріп тастап» отырар еді.

– Осы орайда музей мамандары тарапынан да аз зерттеулер жасалған жоқ. Наурыз мерекесін дәстүрлі атап өтудің өзіндік ережесі дейміз бе, әлде тәртібінің әлеуметтік ерекшеліктері жайындағы ғалымдар тұжырымы қандай?

– Менің қарастырылып отырған тақырып жөніндегі көзқарасым 2017 жылы екінші рет толықтырып Мемлекеттік орталық музей ғалымдары жарыққа шығарған «Қазақтың этногра­фиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты жалпы көлемі 500 баспа табақты құрайтын іргелі ғылыми энциклопедиядағы Наурыз мерекесіне байланысты мақа­лалар циклінде толық көрініс тапты. Осы мақалалардың дәстүрлі қаза­қы ортада Наурыз мерекесінің дәстүр­лі атқарылу ретіне байланысты тұс­тарының тұжырымдамалық жағына ғана тоқталып өтейін. Ең алдымен, Наурыз жосын-жоралғысын атап өтетін барлық халықтар сияқты көшпелі тіршілік кешкен қазақы ортада да Наурыз «Адам – Қоғам – Табиғат» деп аталатын белгілі ұлы триада арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге бағытталғандығын айрықша атап өткен жөн. Дәстүрлі социум атаулының, соның ішінде көшпелі қоғамның да, қалыпты тыныс-тіршілігі үшін аталмыш үйлесімділіктің шешуші рөл атқарғандығы түсінікті жайт болса керек. Дәстүрлі қазақы ортада осынау ұлы міндет, Наурыздың бір-бірімен өзара себеп-салдарлық байланысы экологиялық, шаруашылық, әлеуметтік және символдық-ғұрыптық функциялары арқылы жүзеге асты. Бірінші және екінші функция бойынша – ертеректе Наурыз қарсаңында бүкіл ауыл болып, ең алдымен, төңіректегі бұлақтардың көздерін аршитын, құдықтар шегенделетін, өзен-көлдердің күнделікті су алатын және суат ретінде пайдаланатын тұстарын тазалайтын. Ал қазақ егіншілері болса, арық пен тоғанды су қалыпты жүретіндей күйге келтіретін, қажетінше көпірлер мен өткелдер салатын, бұрынғылары жөндеуден өтетін, ағаш отырғызылатын. Үшіншіден – Наурыздың алғашқы күні таң сібірлеп ата салысымен-ақ, ауылдың жасы кіші ер азаматтары үлкендермен көрісіп, сәлем беретін. Артынша бұл үрдіс ауыл адамдары арасындағы жас және жыныс ерекшеліктеріне байланысты Наурыз мерекесі аясында атқарылатын әртүрлі жосын-жоралғылар, ойын-сауықтар және ас-тағам – наурызкөже беру барысында жарасымды жалғасын тауып жататын. Осы сәтте адамдар арасындағы әртүрлі өкпе-реніш атаулы мүлдем кешіріліп, тіпті бұған дейін әртүрлі себептермен өзара жауығып кеткен жандар да бір-біріне «жасыңа жас қосылсын» деген исі қазақ ерекше қастерлейтін игі тілек айтысатын. Өйткені байырғы қа­зақы ортада туған күнді атап өту салты мүлдем болмаған. Наурыз мерекесі ба­рысындағы мұндай кісілік қарым-қатынастың күнделікті тіршіліктегі әлеуметтік байланыстан өзіндік сим­воликалық мәнді көрнекілігімен ерек­шеленетіндігі сондықтан. Бұл «көрнекі» әлеуметтік байланысты, бейнелеп айт­қанда, дәстүрлі қазақы ортада ежелден орныққан «ата-баба жолының» бұлжымас һәм үйлесімді принциптері мен нормаларының «ахуалдық монтаж­далған» көрінісі ретінде де бағамдауға болады. Наурыз жосынының төртінші символикалық мәнді ғұрыптық функциясы – кетік немесе бұрнағы жамау ыдыс атаулыны һәм жарамсыз ескі-құс­қы бұйымдарды «моғал ошақ» деп аталатын арнайы қазылған жер ошақта өртеп, соңынан мүлдем көміп тастайды. Бұл Наурыз жосын-жоралғысынан туындайтын жаңару идеясының жүзеге асуымен қатысты. Тіпті Наурызды атап өту барысында «қан шығару» осынау ұлы жосынның аталмыш идеясына кереғар болады деп мал сойылмайды. Дәстүрлі қазақы ортадан жалғасқан салт бойынша наурызкөженің жеті элементінің бірі ретінде қыстан жеткен сүр еттің пайдаланылатындығы сон­дықтан. Наурыз мерекесі кезінде ғана емес, осы ай туғанда көкті жұлуға, өсіп тұрған ағашты сындыруға, аң-құсты аулауға қатаң тыйым салынады. Бұл жайт­­тар наурыздың өркендеу, өсіп-өну идеясымен тығыз байланысты.

– Әңгімеңізге рахмет.