• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Экономика 31 Наурыз, 2021

Экспорт әлеуетін арттыратын шешім

213 рет
көрсетілді

Биыл 29 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1-сұрыпты ұнды биржалық тауарлар тізімінен алып тастау туралы шешім шығарды. Президенттің ресми сайты бұл туралы «Мемлекет басшысы ұн нарығының ерекшелігін және оның экспорттық әлеуетін ескере отырып, ұнды биржалық тауарлардың тізіміне қосуға ерте деп шешті» деп жазды. Жыл басталғалы отандық диірмендердің бас ауруына айналған көкейкесті мәселенің дер кезінде оң шешім табуы ұн өндіруші кәсіпкерлерді қуантып отыр.

Бұл жайында «Брендті ұнды биржада сатуға қарсы» деген тақырыппен «Egemen Qazaqstan» газетінің биыл 9 ақпандағы санында жарияланған мақала­да жан-жақты мәселе қозғал­ған еді. Естеріңізде болса, Сауда және интеграция министрлігі был­тыр 2021 жылдың шілде айы­­нан бас­тап 1-сұрыпты ұнды биржалық тауарлардың санатына енгізу туралы ұйғарымға келген. Артынша министрліктің бұл шешіміне шетелге ұн экспорттап отырған ірі диірмендер наразылық білдір­ді. Өйткені қазақ ұнының бір­ден-бір басты импортері – Ауғанс­тан тарапы биржа саудасына техникалық тұрғыдан дайын емес. Ал ұн биржа арқылы саудалана бастаса, Қазақстан экспорттағы қомақты үлесінен айырылып қалуы мүмкін.

Мемлекет басшысының ше­ші­міне, әсіресе биыл сыртқа сауда­­­ланатын ұн көлемін ұлғай­ту­ды көздеп отырған Қоста­най облысының ұн өндіруші кәсіп­керлері қатты қуанды.

– Бұл – біздің өңірдегі ғана емес, жал­пы бүкіл еліміздегі дүйім диір­мен кәсіпорындары тағат­сыз­дана күткен сүйінші жаңалық. Бұ­ған дейін бұл мәселені біз об­лыс­тық кәсіпкерлер палатасында бірнеше рет көтеріп, ұнның биржа арқылы сатылуы саланы тоқырауға әкелетінін айтқан болатынбыз. Нақтырақ айтсақ, ұн биржа арқылы сатыла бастаса, отандық ұн экспорты үле­сі­нің 65 пайызын алып отыр­ған Ауғанстанға шығатын жол жабылады. Өйткені бұл елде біз­дегідей емес, жағдай тұрақ­сыз, олар биржалық сауда қаты­нас­тары­на дайын емес. Сонымен қатар бірінші сұрыпты ұн қазақстан­дық бренд болып саналады. Яғни әр кәсіпорынның көп жылдан бері қалыптасып қалған сенімді клиенттері бар. Тағы бір мәселе, биржалық сауда талаптары бо­йынша ұнды сақтау мерзімі өте қысқа. Бұл – кәсіпкерлер үшін қолайсыз. Кәсіпкерлер пала­та­сының сарап­тама қорытын­ды­сында осының бәрін тізіп көр­­сеттік. Мемлекет басшысы жағ­дайды дұрыс бағамдап, мәселені кәсіпкерлердің пайдасына шешіп беріп отыр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – деді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Мұрат Әбенов.

 

Қостанай облысы