• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Таным 31 Наурыз, 2021

Жүсіп ата жазбалары табылды

721 рет
көрсетілді

Қожа Ахмет Ясауидің жиені Жүсіп атаға қатысты шежі­ренің бір бөлігі мен арнайы мөр басылған құжаттар табылды. Шағатай тілінде жазылған қолжазбаның ұзындығы – 3,5 метр. Тарихи жәдігерді Жүсіп атаның ұрпақтары ата­дан-балаға мирас етіп, көздің қарашығындай сақтап кел­ген.

ХІІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп ата кесенесі Түркістан қала­сынан 25 шақырым жер­дегі Ескі Иқан елді меке­нін­де орналасқан. Кесене екі бөл­­меден тұрады. Оңтүстік шығысы – қабірхана. Үлкен бөл­месі зияратхана есебінде салынған. Оған дәлел – михраб болмауы. Нысанға 2005 жылы археолог М.Тұяқбаев зерттеу жүргізген.

Сейдәлім Юлдашев қария­ның жеке мұрағатынан табыл­ған бұл жәдігерлерді ұр­­пақ­тары бұған дейін бірде жер­ге көміп, бірде шатырға жасы­рып сақтап келіпті.

«8 жасымда атам, 18 жа­сымда әкем өмірден өтті. Бұл заттарды атам әкеме, әкем маған аманаттап кетті.  Мен тарихшы емеспін. Бірақ мұра болып сақталып бұл дүниелердің бір күні сұрауы болатынына сенім арттым. Қызы­ғу­шы­­лықпен жазбаларды оқи алатын кісілерге көрсеттім. Мұнда насабнама емес, тарих жазылған екен. Менің ұққаным – Жүсіп атаға қатысты деректер, ханның жарлықтары, жер-су атаулары, халықтың тыныс-тіршілігі жайлы мәліметтер бар. Қазіргі Шаға ауылы ше­жіреде «Жаға» деп айтылса, Иқан ауылы сол кездің өзінде бау-бақшамен айналысқанын аңғаруға болады. Шежіреде Жүсіп атамыз Ясауи бабамызға келе жатқан қонақтарды қарсы алып, 12 түрлі жүзім ұсынып, күтіп алғаны жайлы мәлімет кездеседі. Бұл де­рек­терді толықтай зерттеу ға­лым­дардың еншісінде», дейді Сейдәлім Нуршиддинұлы.