Шымкент қаласының әкімі дизельді генератор өндіретін зауыт жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz
Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында дизельді генератор шығаратын «New Technology Ltd» ЖШС орналасқан. Онда жылына 300 дана дизельді генератор өндіріледі.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған мекеменің жұмысымен танысты. Жоба 2018-2020 жылдары жүзеге асты. Құны – 300 млн теңге. Қазір мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімнің 70 пайызы – ішкі нарықта саудаланса, қалған 30 пайызы Өзбекстан еліне экспортталады.
Кәсіпорында альтернатор, дизельді қозғалтқыш, металл, поролон, шланг секілді қосалқы бөлшектер де өндіріледі. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен индустриалды аймақтан 1 гектар жер бөлінген болатын.
Зауыттың жұмысымен танысқан шаһар басшысы жұмысшы санын және өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге, мемлекеттік мекемелерді – ауруханалар мен мектептерді жергілікті өндіріліп жатқан дизельді генераторды тұтынуға шақыру керек деп тиісті басшыларға тапсырма жүктеді.