• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Сұхбат 31 Наурыз, 2021

Думан Базарбеков: «Аграрлық» банк құру ауыл шаруашылығына серпіліс әкеледі

1558 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының басты көзіріне айналуы тиіс сала. Дегенмен бұл сала әлі аяғынан тұрып кете алған жоқ. Секторда шешілуі тиіс түйткіл көп. Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысындағы аграрлық холдинг басшысы Думан Базарбековпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Аз күннен соң еліміздің біраз өңірінде көктемгі егіс науқаны басталады. Бірақ шаруалардың көбі қазір «өлместің» күнін көріп жүр. Пандемия кесірінен жұмыстары тіпті тұралап қалды. Осыдан кейін олар егін егу науқанына белсенді қатысады деп айта аласыз ба?

 

– Шыны керек, аграрлық саланың солқылдақ тұстары әлі де көп. Қордаланып қалған біраз мәселе бар. Соларды уақыт оздырмай шешу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға жіті мән береміз деген еді. Президент: «Алдын ала сатып алу шараларын қолға алдық. Бұған қосымша оффтейк-келісім шарттарын енгіземіз» деген. Бұл өте маңызды мәлімдеме. Өйткені, шаруаларды қаржыландыру мәселесін қайта қарастырса, олардың еңбек етуге деген ынтасы артар еді. Қазір Қазақстанда 1 миллион 700 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық бар. Бірақ олардың өнімі сауда сөрелеріне қойылып жатқан жоқ. Тіпті, өңдеу кәсіпорындарына да жеткізілмейді. Бұдан кейін олар не істейді? Жиған-тергенін өздері қалай да өткізіп, кеткен шығынды өтеп қалуға тырысады. Себебі, оларға да жан бағу керек. Ал мұндай жағдай  қазір шетелдіктерге ғана қолайлы болып тұр.

 

Айталық, диқандар жиған астықты элеваторларға өткізеді. Ал олар 1 тонна өнімге тек 200 доллар көлемінде ғана ақша төлейді. Шетелдіктер үшінші санатты бидайдың тоннасын 400 доллардан сатып алып жатыр. Мұндайда диқандар не істейді? Әрине, астықты шетелдіктерге береді. Өйткені олар ақшаны көбірек төлейді. Сол себепті, отандық астық өнімдерін бір ғана мекеме экспорттау керек. Онымен азық-түлік корпорациясы айналысқаны жөн. Бұл ұйым жекенің қолында емес, мемлекетке қарайды.

 

– Бұл ұсыныс қарапайым шаруаларға, егіс алқаптарында жұмыс істеп жүрген диқандарға не береді? Оның қандай пайдасы бар?

 

– Оның пайдасы көл-көсір. Мәселен, азық-түлік корпорациясының құзыретін күшейтті делік. Диқандар орып алған өнімдерін соларға жөнелтеді. Қай шаруа көп өнім өткізсе, соған көбірек қолдау болады. Түрлі тыңайтқыштарды, ауыл шаруашылығы техникаларын алуға субсидия бөлінеді. Жеңілдетілген несие ұсынады. Міне, азық-түлік корпорациясы белсенді жұмыс істейтін диқандарға осындай жағдай жасайды. Егер астық өнімдерін экспорттау құзыры азық-түлік корпорациясына берілсе, онда сатудан түскен пайданы субсидия ретінде пайдаланса болады. Ондай кезде бюджетке салмақ түспейді. Яғни, ел қазынасынан бір тиын да алмайды. Корпорация бұл саланы өзі реттеп отырады. Екі тарапқа да ыңғайлы болар еді. Шаруалар қаржылай қолдау табады, ал мемлекет салық есебінен республикалық бюджетті толтыруға мүмкіндік алады. Мұндай әдіс экономиканы серпілтіп тастауға септігін тигізеді.

 

– Корпорацияның құзыретін күшейтсе, салада жемқорлық белең алып кетеді деп қорықпайсыз ба?

 

– Ондай қауіп бар. Бірақ қазір барлық құжат цифрлық жүйеге ауыстырылған. Шаруалардың қанша жері бар, олар қандай көлемде астық жинады, міне осындай деректердің барлығы сол базаға енгізілген. Оны «Қолдау» жүйесі арқылы кез келген адам бақылай алады. Сондықтан бармақ басты, көз қыстыға жол берілмейді деп ойлаймын. Оның үстіне, ауыл шаруашылығы басқармалары тұрақты түрде мониторинг жасап тұрса, шаруалар да айлаға баспас. Әйтпесе, жиған-терген өнімін қамбасына салып, тығып қоятын диқандарды да кездестірдік. Олар астыққа сұраныс артқан бойда, шетелдіктерге қымбат бағаға сатып жіберуге тырысады. Сөйтіп, бірден толайым табысқа кенелгісі келеді. Ондай диқандардың кесірінен кейде астық өнімдері аз жиналып жатады. Тіпті, ішкі нарықты толтыра алмай қалатын кездер болады. Соның кесірінен нан бағасы да, ұн да қымбаттайды. Халықтың қалтасына салмақ түседі. Мұндайды әлбетте болдырмау керек.                        

 

– Ал латифундистердің әрекетін қалай бағалар едіңіз?

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді» деп кесіп айтты. Мұны заңмен бекітуді тапсырды. Сөйтіп, даулы мәселеге нүкте қойды. Бірақ біз мына жайтты естен шығармауымыз керек. Қазір шетелдіктер серіктес ретінде біздің нарыққа кіріп жатыр. Сөйтіп, Қазақстанның сапалы астығын өздеріне жаппай алып кетеді. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Меніңше, азық-түлік корпорациясын бірыңғай оператор ретінде бекітсе, мұндай бассыздық болмас еді. Содан кейін, ат шаптырым аумақты алып алып, соны жалға өткізіп жатқан латифундистер жетіп артылады. Азық-түлік корпорациясы осыларды да тексеріп, игерілмей жатқан жер телімдерін сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарып алу керек. Жерді қолынан іс келетін, егін егіп, астық жинайтын нағыз диқандарға беру керек. Мұны Елбасы кезінде бірнеше рет қадап айтқан. Сол кезде ғана ауыл шаруашылығы саласы өркен жаяды. Осыны түсінетін уақыт жетті.

 

Одан кейін, «Отбасы банкі» негізінде «Аграрлық» банк құру керек. Қазір шаруалар жерді жалға алады, бірақ іс жүргізуге келгенде ақсап қалады. Неге? Өйткені олар қаржылай қолдауға мұқтаж. Егер жалға алған жер телімдерін екінші деңгейлі банктерге кепілдік ретінде қойса, сөйтіп жеңілдетілген несие алса, ол шаруа кәбісін өркендетуге мүмкіндік алар еді. Бір жалға алған жерлерді – кепілдікке қою деген бизнес көзіне айналып кетпеуі керек. Сол себепті, олардың ісін прокуратура жіті қадағалауы тиіс. Егер әлдекім жалға алған жерін игермесе немесе жерін кептілдікке қойып, несие алса, содан жұмысын өндіре алмаса, әлгі телімдерді дереу мемлекет меншігіне өткізу керек. Меніңше, фермерлерге мүмкіндік берілу керек. Қолынан іс келетін қаншама адам жүр. Бірақ солар қолдау таба алмайды. Егер «Аграрлық» банк құрылса, шаруалар жұмыстарын ширатып кетер еді.

 

– Әңгімеңізге рақмет!