• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 31 Наурыз, 2021

Жасыл желек – жанға дауа

1537 рет
көрсетілді

Наурыз мерекесі қарсаңында бір қызық түс көрдім. Түсімде өзімнің туып-өскен ауылым – Қаратау жотасындағы шырайлы аймақ Көсегенің Көкжонындағы алақандай Үшбаста жүр екенмін. Жадыраған көктемнің шуақты күнінде ауылдың жасы бар, қарты бар қолдарына күрек, кетпен ұстап, топ-топқа бөлініп, тау беткейіне жүздеген жас ағаш көшетін отырғызып жүрміз...

Көпшіліктің көңілі көтеріңкі, жарасымды әзіл-қалжың айтып, құрдастар сөзбен қағысып, ойын-күлкі артыла төгіліп жатыр. Арқа-жарқа жерлестерімнің мына игілікті ісін көріп жүрегің жылып, көңілің марқая түседі. Көнекөз қариялар батасын беріп, ризашылық сезіммен алғысын жау­дырып жүр. Сол көпшіліктің арасында қызылды-жасылды киінген Алматыдан, Шымкенттен, Нұр-Сұлтаннан, Тараздан, Қаратау мен Жаңатастан келген, кіндік қаны осы жерге тамған азаматтар да аз емес. Наурыздың шуақты күнінде гу-гу қайнаған тіршілік, қызу еңбек.

– Жылда наурызда қайда жүрмейік, не қызмет атқармайық, уақыт тауып, осылай туып-өскен ауылға атбасын бұрып, басымыз қосылып ауылымызды көріктентіруді қолға алсақ қандай игілікті іс болар еді?! Оны көрген балаларымыз бен немерелеріміз де біздің мына ісімізді жалғастырар еді. «Ауыл – алтын бесігіміз» деп еміренеміз. Өкінішке қарай, көп ауылдың бақ-берекесі басынан тайып, қожырап, тіпті иесіз қалып жатқанын көргенде жүрегің қан жылайды. Көпшілік «Ауылым» дегенімен онысы құрғақ сөзден аспайды. Оның тұралап бара жатқанын көре тұрып, қолұшын бермейтіндерден не қайыр, не үміт? Естеріңізде болса, қазақтың асыл азаматы, тұңғыш Олимпиада чемпионы, марқұм Жақсылық Үшкемпіров «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып, Елбасы Н.Назарбаев кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан сәтте халыққа қарап: «Елімізде әрі кетсе 5 мың ауыл бар болар. Сол ауылдарға бір-бір кәсіпкер қолдау көрсетсе деген ұсынысым бар. Кәсіпкер үшін ол не тұрады? Ауылды қолдайық!» деп әріптестеріне қолқа салды емес пе?! Ендеше, біз де туған ауы­лымыздан қолдан келген көмегімізді аямайық, – деп көпшілікке ұсыныс жасап жатыр екенмін. Көпшілік дуылдап, қолдап, қол шапалақтап жатқанда ұйқым ашылып кетті. Сол тәтті түс осы күнге дейін есімнен шықпайды. «Қар еріп, жол ашылғаннан кейін ауылыма барып, жігіттерді ұйымдастырып, ауылдың көшелерін, арық-атыздарын ретке келтіріп, тал-дарақ көшеттерін отырғызып, бітеліп қалған бұлақ көздерін ашып қайту керек екен» деп ниет етіп жүрмін. Амандық болса ол да іске асар...

Міне, өлкемізге шуағын мол төгіп көптен күткен, сағындырған көгілдір көктем де келді. Бұл – табиғаттың ерекше бір керемет мезгілі. Бүкіл әлем дүр сілкініп, жасарып, жаңарып шыға келгендей сезімде боласыз. Көктем келгеннен-ақ барлық өңірде қарбалас басталып, қой қоздап, қорада шу көбейіп, егіс-дала жұмыстары қызып, өзен тасып, жазиралы дала жасыл кілем жамылып, бұтақтар бүр жарып, алуан гүл шешек ата бастайды. Қалалар мен ауылдарда тазалық айлығы жарияланып, көше, аулаларды, арық-атыздарды қоқыстан арылту, көктемгі көріктендіру науқаны белең алады. Елімізде «Жасыл ел» бағдарламасы қабылданып, әр өңірде көріктендіру, көгалдандыру ісі қарқынды қолға алынып жатқаны қуантады. Мысалы, астананың төңірегі санаулы жылдардың ішінде жасыл желекке малынып, көрікті жасыл белдеуге айналды, адам танымас­тай өзгерді. Оның іші аң-құсқа толды. Жасыл белдеу аймағы қанатын кеңге жайып туған жеріміздің табиғатын одан әрі жақсарта түсуде. «Жасыл желек – жанға дауа» деп қазақ бекер айтпаған. Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында қызықты, жалындаған студенттік күндеріміз өткен Алматы – әсем қала, жасыл қала жиі есіме түседі. Көктем келе қала ерекше құлпырып, жасарып, жасыл желекке малынып, тау бөктеріндегі алма ағаштары гүлдеп, таудың саф ауасына сол гүлдердің исі араласып, тынысыңды ашып, керемет бір жан шуағына бөлейтін. Оның пәленбай гектар жерді алып жатқан Баум саябағын адам қолымен өсірілген дегенге сену қиын болатын.

Қазақстанда жеке өсіп тұрған немесе көп жасаған «Әулие ағаш» деп аталып жүрген ағаштар бар. Солардың бірі – Жаркент өңірінде жеті ғасырдан астам уақыт бойы жайқалып тұрған жуандығы жеті адамның құшағына әрең сыятын алып бәйтерек. Айтушылар кезiнде бұл жерден Құдайдың жетi сүйiктi құлы Мекке-Мединаға сапар шегiп өткен деседi. Солардың iшiнде Шамашұрып деген Алланың нұрына шомылған әулие жатар мезгiлде қолындағы аса таяғын жерге шаншып қойыпты. Әулие таңертең тұрып қараса, әлгi түнде жерге қадап қойған асасы көктеп, тамырланып кеткен екен. Жаратқанның шексiз құдiретiне таңғалып, сансыз мақтау айтып тұрған Шамашұрыптың жүрегiне «Тиме, өсе берсiн!» деген аян келiптi. Мiне, содан әлгi асатаяқ көгерiп, қанатын кеңге жа­йып, тамырын тереңге тартып, жайқалып өсе бередi. Мұндай аңыз-әңгімелерді әр өңірден табуға болады.

Жамбыл облысында да жасыл же­лекті молайту жағына әжептәуір көңіл бө­лініп келеді. Тек соңғы онжылдықта Сарыкемер, Құлан ауылдарының маңына дендросаябақтар ұйымдастырылып, бұл күндері жас ағаштар көгеріп өсіп, желкілдеп бой түзеп келеді. Жас ден­дросаябақтар сұлу көркімен көз тартып, көңіліңді желпінтеді. Осындай іс-шаралар басқа аймақтарда да қолдау тауып, жасыл желектер көлемі кеңейе берсе дейсің...

...Жас кезімде көнекөз, кәріқұлақ қариялардан естіген мына бір әңгіме есіме жиі түседі. Ертеде бір патша уәзір-нөкерлерімен аңға бара жатып, белі бүкірейген қарт кісінің ағаш егіп жат­қанын көреді. Патша әлгі ақсақалға бұрылып келіп сәлем беріп, мынадай сұрақ қояды:

– Қария, неге сонша қиналып жатырсыз? Бұл ағаш бірнеше жылдан кейін жемісін береді. Сіздің ғұмырыңыз оған дейін жетпейді ғой. Сонда ақсақал:

– Тақсыр, мен өмірімнің жетпейтінін білемін. Бірақ мен аталарымның еккен ағаштарының жемісін жеп жүрмін емес пе? Ертеңгі ұрпақ та менің еккен ағаштарымның жемісін жесін, – деп жа­уап беріпті. Патша қарияның айтқан жауа­бына риза болып, бір қалта алтын береді. Сонда ақсақал:

– Міне, көрдіңіз бе, менің еккен аға­шым казірдің өзінде жемісін бере бастады, – депті. Патша бұл сөзге де риза болып, тағы да алтын береді.

– Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен сонда ақсақал.

Осы әпсананы еске ала отырып қа­зақтың: «Әкеден мал қалғанша, тал қал­сын» деген сөзінің бекер айтылмағанын ұғасың. Ағаш отырғызу, өсіру, күту тағы басқа жұмыстар облысымызда тиісті деңгейде жүргізілсе екен деп ойлайсың. Тал-дарақ өсуі үшін оңтүстікте мүмкіндік мол емес пе? Күн нұры десең – тәубе, ол бар. Су десең – қалауын тапсаң ол да жеткілікті. Табиғат бар мүмкіншілікті жасап отыр! Тек көп адамдарда құнт жоқ, немқұрайдылық, енжарлық, жалқаулық басым. Ауыл-аймақтар көкжелекке малынып, көрікті болып алыстан көз тартып тұрса несі айып? Тіпті, Тараз қа­ласының айналасына астанадағыдай тал-дарақты көптеп егіп, «жасыл белдеу» жасап тастасақ артық болмас еді ғой. Бұл ұсынысымыз көпшіліктен қолдау тауып, іске асып жатса, қанеки!

Әнеу бір күндері теледидардан Арал проблемасы туралы хабар берілді. Арал теңізінің тағдыры бәрімізге белгілі, жыл өткен сайын тартылып, таязданып, мүлдем жоқ болып кету қаупі төніп тұр. Бос қалған жағалары, табандары шөлге айналып, сордан көтерілген тозаң табиғатқа кері әсерін тигізуде. Көрші өзбек ағайындарымыз қарап жатпай, судан бос қалған аймақтарға сексеуіл, жыңғыл және де басқа өсімдіктер, көшеттер отырғызып, шаң-тозаңды азайту тәсілдерін іске асыруда. Оның құптарлық әркет екеніне көзіміз жетті. Табиғатты қадірлеу, аялау, жасыл желекке айналдыру – адамзаттың бас­ты парызы. Өйткені, Жер – біздің мәңгі ме­кеніміз, анамыз.

Ойлап қарасаңыз, сол тал-дарақтардың арқасында табиғат көз тартарлық жап-жасыл. Сол тамаша табиғаттың аясында, көкжелек ағаштардың көлеңкесінде рахаттана демаласыз, мәуеcін жейсіз. Жеміс берсін-бермесін кез келген ағаштың адамзатқа тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Адамға тіршілік үшін ең керегі ауа болса, сол ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі кір-лас атаулыны өзіне тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаруда ағаш орасан зор қызмет атқарады. Халқымыз: «Ауа адамсыз өмір сүре алады, адам ауасыз өмір сүре алмайды» деп бекер айтпаған. Сондықтан ағаш отырғызып, табиғатты аялау қажет.

Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде-бір қондырғы ойлап таба алған жоқ. Ағаштың ауаны тазартумен қатар ауаны реттеп, шудың азаюына да айтарлықтай пайда тигізетін қасиеті бар. Әсіресе, қаладағы шудың деңгейін едәуір төмендететін бірден-бір өсімдік. Табиғи тепе-теңдікті сақтап тұрған да айналамыздағы ағаштар.

Ежелгі жазбалардың бірінде: «Адамдар мен ағаштарды ежелден достық пен туысқандық сезім байланыстырған. Майдан даласында қансырап жатқан жауынгер күш-қайратына қайта міну үшін еменге жүгінген. Әйел отбасы-ошақ қасында бақытты болуы және дүниеге дені сау ұрпақ әкелуі үшін жөке ағашына қарай жүрген. Бойжеткен, болашақ өмірі бақытты болуы үшін қайыңға қол созған» деп жазылыпты. Бүгінде биофизика ғылымы шынымен де еменнің – еркекке, жөке ағашының – әйелге, қайыңның – қызға күш-жігер сыйлайтынын қуаттап отыр. Сонымен қатар ұзақ уақыт орман ішін аралау адам ағзасына кез келген дәріңізден де күшті әсер ететіні дәлелденген. Көптеген халықта ертеде дүниеге бала келгенде дереу ағаш егетін салт болған. Ол ағаш әлгі сәбиге ғана арнап егіледі. Егер сәби науқастанса, кейін өсе келе, ауырған жағдайда да әлгі өзінің ағашына апарып, емдейтін болған.

Табиғатқа мейірімділікпен қараудың өзі Алла құзырында құлшылық һәм үлкен сауап. Алла тағала құлдарынан жер бетін абаттандыруға және оны түрлі бүлінушіліктен қорғауға шақырады. Жәбирден (р.а.) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Адамның отырғызған жеміс ағашынан адамдар, жан-жануарлар немесе құстар жейтін болса, әлгі мұсылманға (отырғызған ағашы қурап қалғанша) қиямет-қайымға дейін садақа есебінде сауап жазылатын болады», делінген. «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін», деген (Бухари, Әдеп кітабы). Хадистен ағаш егудің маңызды іс екеніне көз жеткізе аламыз. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үш нәрсе көздің нұрлануына себеп болады: жасыл желекке, ағып жатқан суға және жарқын жүзге қарау», деп айтқан.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз қолымен құрма ағашын егіп, мұсылмандарды солай істеуге шақырып: «Қандай да бір мұсылман ағаш немесе егін ексе, ол егіс­тіктен адамдар, құрт-құмырсқалар мен құстар азықтанатын болса, міндетті түрде өзіне сауап ретінде кері қайтады», деп сауапты іске ынталандырған.

Міне, көріп отырсыздар, имандылық туралы жазылған діни кітаптарда да табиғатқа ұқыптылықпен қарап, оның көркеюіне үлес қосу жайлы көптеген мәнді, ойға салар пікірлер мол екен.

Ертеректе орыстың ұлы ақыны А.Пуш­кин қазақ елінің Орынбор, Жайық, Орал аймағына сапар шеге жүріп, оның жазира кең алқаптарына, сағым ойнаған жазық далаларына көз тігіп: «Шіркін, егер мына өңірдің әрбір жаны жыл са­йын бір-бірден тал егіп отырса, келе-келе осы кербез дала керемет жасыл орманға айналып кетпес пе еді», деп тәтті қиялға берілген екен.

Ендеше, айналамыздың көркі болған жасыл желек тал-дарақтарымызды бай­лығымыз деп танып, оны қорғап, әр жылдың көктемінде ағаш отырғызуға атсалысайық, ағайын! Өйткені, өзімізді қоршаған тіршілік ортасын келешек ұрпаққа бүлдірмей, ластамай, көркейтіп, көріктендіріп жеткізу – біздің басты парызымыз.

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

 дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы 

ТАРАЗ