Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының таралуы сәл саябырсығанымен, 30 наурыз күні 22 науқас тіркелді. Оның басым бөлігі Семей қаласынан анықталған. Жағдайдың ушығып кетпеуі үшін облыста әлі де бірқатар шектеу шарасы сақталып отыр. Бірақ мектептерде дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берілді.
Жуырда облыстың бас санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Қанат Турдиев халық арасында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуын тежеу мақсатында 2021 жылғы 19 ақпандағы №4 қаулысына өзгерістер енгізді. Атап айтсақ, санитарлық ережелер мен күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режімді сақтай отырып, қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар санын 25-тен асырмай дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берілді. Ал колледждер мен жоғары оқу орындарының 1-курс студенттері үшін штаттық оқыту жалғастырылады.
Сонымен қатар аты жаман індеттің алдын алу үшін өңірде күнделікті рейдтер жүргізіліп жатыр. 26 наурызда ғана Өскеменде мобильді топтар 28 ереже бұзушылықты тіркеді. Олардың көбі маска режімін сақтамаумен байланысты. Сондай-ақ мониторингтік топ ұзын саны 310 нысанды тексеріп, 12 ереже бұзушылықты анықтаған. Жалпы сомасы 350 040 теңгенің айыппұлы салынды. Ал Семейдегі сауда үйлері мен базарларды тексерген мониторингтік топ маска режімін бұзған 14 азаматқа хаттама толтырды. Одан бөлек, жаппай іс-шара өткізгендер де анықталды. Айта кетерлігі, мұндай рейдтік шаралар облыстың өзге де қалаларында жүргізіліп жатыр. Демек, тұрғындардың барынша сақтанып жүргендері абзал. Дұрысы, рейдтік шаралардан емес, жұқпалы індеттен сақтану керек.
Індетпен күресте алдыңғы шепте жүретін мамандар ауырып ем іздегеннен гөрі, ауырмаудың жолын табайық деген ниетте ерікті түрде екпе де еккізіп жатыр. Күні кеше ғана облыстық полиция департаменті қызметкерлері арасында COVID-19-ға қарсы ерікті түрде вакцина алу басталды. Алдымен екпе алуға дайын полицейлердің тізімі жасалды. Олардың денсаулықтары тексерілді. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып, облыстық ПД бастығы Сағат Мәдиев алды.
– Індеттің қауіпті екенін былтыр бәріміз түсіндік. Дәрігерлер, әскерилер, полицейлер күн-түн демей, халықтың денсаулығы үшін күресті. Бірақ қауіптің беті қайтқан жоқ. Сондықтан індетке қарсы екпе алып жатырмыз. Өзім жеке құрам үшін үлгі болайын деп вакцинаны алғашқылардың бірі болып алдым, – деді облыстың бас полицейі С.Мәдиев.
Бүгінгі таңда вакциналанғандар тізімінде 100-ден астам полицей бар. Олар алдыңғы қатарда қызмет істейтін және халықпен жиі қарым-қатынаста болатын патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторлары.
Шығыс Қазақстан облысы