• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Сәуір, 2021

ТМД елдерінде шартты түрде сотталған қазақстандықтар жазасын елімізде өтей алады

288 рет
көрсетілді

Сенаторлар бүгін ТМД елдерінде сотталған азаматтар мемлекетте жазасын өтей алатын заң қабылдады. Бірақ онда бір мәселе бар. Оларды жазалау бас бостандығынан айыруға байланысты болмауы тиіс, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Конвенцияны ратификациялау бас бостандығынан айырумен байланысты емес қылмыстық жазаға тартылған азаматтарды өз елінде жазасын өтеу мүмкіндігі мен әлеуметтік оңалтуға, сондай-ақ жаңа қылмыстардың алдын алуға және қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға ықпал ететін болады», деді сенатор Рысқали Әбдікеров.

Бұл ереже «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды орындауды беру туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заңда жазылған.

ҚР ІІМ ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанның 280 азаматы мұндай жазаны ТМД елдерінде, оның ішінде 251 адам – Ресейде, 24-і Өзбекстанда, 3-уі Беларусьте және 2-еуі Қырғызстанда өтеп жатыр.

Қабылданған заңға сәйкес, біздің еліміз өз кезегінде, Қазақстанда сотталған ТМД елдерінің азаматтарына, сондай-ақ жазаның қалған бөлігін өз Отанында өтеуге мүмкіндік беруі тиіс. Қазір ТМД елдерінің 447 азаматы пробация бойынша біздің елімізде жүр.

Егер сот шешімімен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары тағайындалса, жаза ретінде айыппұл немесе мүліктік сипаттағы өзге де жаза, сондай-ақ тәркілеу белгіленген болса Конвенцияның ережелері қолданылмайды.