Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде осы жылдың ақпан айында басталған «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жалғасады. Наурыз айында еліміздің 17 өңірінде 2000-нан астам іс-шара өткізіліп, оған еріктілер, меценаттар, белсенділер, бизнес өкілдері, мектеп оқушылары, студенттер және игі істен айналып өтпейтін азаматтар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Марафонға қатысушылар азық-түлік себеттерін таратты. Қан өткізіп, донор болды, қар күреп көмектесті, сондай-ақ адамдарға жылдар бойы жақсылық әкелетін игі істерді атқарды. Балқашта Наурыз мерекесі қарсаңында егде адамдардың денсаулығын нығайтуға, ауырғаннан кейін қайта жұмысқа кірісу қабілетін қалпына келтіруге бағытталған жаңа оңалту орталық – қаладағы ең алғашқы медициналық мекеме ашылды. Оңалту орталығы 40 төсекке есептелген әрі заманға сай және технологиялық құрылғылармен - механоаппараттармен, тренажерлермен, физиотерапияға арналған жабдықтармен, емдік дене шынықтыру және массаж қызметімен жарақтандырылған. Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасынан атап өткендей, жоба «Балқаш Медицина орталығы» ЖШС-мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылған.
«Бұрын Балқаш қаласында тұратын пациенттер оңалту емі үшін облыстағы клиникаларға баратын. Ал ол жерде кезек ұзын-сонар еді. Бұдан былай біз медициналық қызметті осында көрсете аламыз. Орталықтың ашылуы - бұл осы қаланың тұрғындары үшін ғана қуанышты хабар емес, себебі біз таяудағы елді мекендерден келетін азаматтарды да қабылдайтын боламыз», деді оңалту орталығының атқарушы директоры Бекзат Төлеубеков.
Игі істердің тағы бірі Көкшетау қаласында жасалды. Онда 1 наурыз күні жалғызбасты зейнеткерлерге арналған «Мейірімді жүрек Lider.kz» пансионаты ашылды. Жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықпен бетпе-бет келетін әйелдерге арналған. Пансионат басшысы Ирина Катухованың айтуынша, өткен айда пансионатқа 10 зейнеткер жүгінген. Тағы төртеуі келесі аптада келеді.
«Жеке демеуші – «Тиолайн» ЖШС жалға, азық-түліктің бір бөлігіне, төрт қызметкердің – үш медицина қызметкері мен санитардың айлық еңбекақысына керекті соманы төлеп береді. Ал қалғандарының барлығы мұнда волонтер ретінде жұмыс істейді. Біздің пансионатта күніне алты уақыт тамақ береді. Психологтың қызметі де бар. Сонымен бірге келушілер медициналық тексерістен өтеді. Мәселен, бізде инсульт алған әже жатыр. Арнайы сол кісі үшін біз функционалдық кереует алдық», дейді пансионат басшысы Ирина Катухова.
Игі істер эстафетасы Қостанай қаласында да қолдауға ие болды. Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапханада 2 наурызда Үстел теннисінің әуесқойлары клубы ашылды. Енді әрбір сейсенбі мен бейсенбі сайын мұнда зағип және көру қабілеті нашар адамдар келіп, бос уақытын танымды әрі қызықты өткізеді.
Ал Алматы облысында Наурыз мерекесі қарсаңында «Халық» Қайырымдылық қоры «Ел тірегі – Елбасы» атты акция өткізді: волонтерлар халықтың аз қамтылған бөлігі саналатын 2000 отбасыға азық-түлікке толы 6000 себет таратты. Қайырымдылық себеттері Ақсу, Балқаш, Алакөл, Ескелді, Сарқан, Қаратал, Көксу аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларына жеткізілді.
Бұл - марафонға қатысушылардың көптеген игі істерінің аз ғана бөлігі. Өткен айда он мыңнан астам отбасы көмек пен қолдау тауып, ал ең белсенді аймақтар қатарында Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары болды.
«Марафонға мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, меценаттар, қоғамдық ұйымдар және игі іске бей-жай қарамайтын адамдар белсенді қатысып жатыр. Сондықтан марафонға кез келген адам қатыса алады. Біз өз азаматтарымызды марафонға қатысуға, сондай-ақ өз игі істерін әлеуметтік желілерде бөлісуге, сол арқылы басқаларға үлгі көрсетуге шақырамыз», деді «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Басқарма Төрайымы Лима Диас.
Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» – адамдар мен ұйымдарды біріктіретін, жақсылық жасауға жігерлендіретін жалпыұлттық жоба. Жоба мейірімділік пен жомарттық салтанат құрған қоғам құруды көздейді, өйткені осындай әрекеттер қоғамның, адам баласының жақсы өмір сүруіне себепші болмақ.
Барлық ұйымдастырушылық сұрақтары бойынша үйлестірушілермен мына телефон нөмірі +7 7172 22 12 24 бойынша, немесе инстаграмдағы @qaiyrymdy_ister_marafony аккаунты арқылы байланыса аласыздар.