Елорданың мобильді топтары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына және карантиндік шаралардың қатаңдатылуына қарамастан қалада күн сайын карантин режимін бұзушылар анықталуда. Өткен тәулікте мобильдік топтар осындай 14 фактіні тіркеді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Есіл ауданының мобильді топтары 6 кәсіпкерлік субъектінің карантинді бұзғанын анықтады. Мысалға «Alco Market» алкогольді ішімдіктер дүкенінде маска режимі сақталмаған. Ал «Happylon» аттракциондар паркі, «Invictus» фитнес-клубы, «Inforno» мейрамханасы, «Tequila» бары, «Pei Zdes» лаундж-бары белгіленген уақыттан кейін де жұмыс істеді.
Карантин режиміне қойылған шектеулерді Сарыарқа ауданындағы «Kidli kids», «Cotton Turkiye», «Коттон» дүкендері мен «Биньковский» бары да бұзды.
Тәртіп бұзушылар қатарында «Small» гипермаркеті, сондай-ақ Байқоңыр ауданының Сембинов көшесіндегі кейбір мекемелер, Алматы ауданындағы «Панаехали» бары және «Аққайың» кафесі бар.
Жоғарыда аталған фактілер бойынша рапорт жасалды. Тәртіп бұзушыларға қатысты материалдар кәсіпкерлік субъектілерін жауапкершілікке тарту үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан қаласы 10 наурыздан бастап эпидемиологиялық жағдай бойынша «қызыл аймаққа» енген. Кеше елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаладағы карантиндік шектеулерді қатайту туралы жаңа қаулыға қол қойды. Елорда тұрғындары мен қонақтарынан, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерінен карантин режимін қатаң сақтауды және адам көп жиналатын орындардан аулақ болуды талап етеді.