• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Сәуір, 2021

Жеңіске пара-пар тең ойын

434 рет
көрсетілді

Футболдан Қазақстан ұлт­тық құрамасы 2022 жылы Қатар астанасы Дохада өтетін әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы 2-тур ойынында сырт алаңда Украина құрамасымен жолығып, алғаш рет тең ойнады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, әйгілі шабуылшы Андрей Шев­чен­ко жаттықтыратын Украи­на құрамасымен біздің жігіт­тер бүгінге дейін төрт рет кез­десіп, барлық ойында қар­сыластарына есе жіберген. Бір қызығы, Қазақстан мен Ук­раи­на құрамаларының жолы тек әлем біріншілігінің іріктеу ке­зе­ңіндегі ойындарда ғана түйі­седі екен. Мәселен, екі ел футболшылары бірінші рет 2006 жылғы, екінші рет 2010 жылғы әлем чемпионаттарының іріктеу кезеңіндегі топтық бәсе­келерінде жолыққан.

Міне, араға он жылдан аса уақыт салып, тағы да әлем чем­пионатының іріктеу кезеңінде бір топқа түсті.

Жалпы, екі құраманың ең алғашқы «таныстығы» 2004 жы­лы басталды. 8 қыркүйекте Алма­тыдағы Орталық стадион­да өткен ойынның бірінші таймында жерлестеріміз 1:1 нәтижесімен тең түскенімен, екінші таймда тағы бір гол өткізіп алып, 1:2 есебімен жол берді. Келесі жыл­дың маусым айында жер­лестеріміз Украинаға сапар ше­гіп, Киевтегі Олимпиадалық стадионда алаң иелері біздің қақпаға жауапсыз екі гол соғып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Араға үш жыл салып 2008 жы­лы екі құраманың жолы әлем чем­пионатының іріктеу кезеңінде тағы да түйісті. Өкінішке қарай, бұл іріктеудің екі кездесуінде де украиналықтардың мерейі үстем болды. Алматыдағы матчта 3:1, Украинада 2:1 есебімен жеңілдік.

Кешегі кездесуде де біздің жігіттер жеңілудің сәл-ақ алдында тұрған. Бірақ бас бапкер Талғат Байсуфиновтің ұтым­ды тактикасының, намысты ұландардан құралған ұлттық құрама футболшыларының тәуір ойыны арқасында тарихи нәти­жеге қол жеткізіп, Украи­намен тең түстік. Әрине, Кеңес Одағында бір тудың астында болған Украинамен тең ойнау  біз үшін аса бір үлкен жетістік болмауы керек еді. Тек кезекті бір ойында терезесі тең түскен кездесу ретінде қарауымыз тиіс болатын. Алайда бұған дейінгі төрт бірдей жеңілісімізді және құраманы өрге сүйрейді деген бірқатар негізгі ойыншылардың бұл матчта әріптестеріне көмек­тесе алмағанын ескере отырып, тең ойынды қазақ футболы үшін дәл қазір жоғары нәтиже деп санауға болады.

Ойынға тоқталар болсақ, Тал­ғат Байсуфинов Франциямен өткен алғашқы матчпен салыс­тырғанда, бұл жолы негізгі құ­рамға біраз өзгеріс енгізгенін байқадық. Қақпашы Александр Мокиннің орнына Стас Пока­тиловті шығарса, орталық қор­ғаушы Александр Марочкин мен оң қанат қорғаушысы Тимур Досмағанбетов Темірлан Ер­ланов пен Марат Быстровты ал­мас­тырды. Ал Франциямен болған ойында бірінші минуттан бастап шабуылда ойнаған Мак­сим Фединнің орнына Абат Айым­бетов шықты.

Ұлттық құрамаға бір-бірінің орнын жоқтатпайтын ең үздік фут­болшылар шақырылады десе де, кешегі матчта Марат Быс­тров­тың орны қатты білінді. Дос­мағанбетов оң қапталда сон­шалықты жаман ойын көрсетті деп айта алмаймыз, бірақ көп жерде жиі қателесіп жатты. Айым­бетов те өзіне жүктелген міндетті толық атқарды деуге ауыз бармайды. Жалпы, қазір ұлт­тық құрамада шабуыл сызығы қатты ақсап тұр. «Роторда» ойнайтын Алексей Щеткин мен «Ордабасының» шабуылшысы Тоқтар Жаңғы­лышбайда жа­рақат, Абатта ойын тәжірибесі жоқ, ал жас футболшылар Ра­мазан Кәрімов пен Максим Са­мородов әлі мұн­дай жоғары дең­гейдегі ойын­дарға дайын емес.

Матч көпшілік күткендей, алаң иелерінің басымдығымен басталды. Қос қап­талдан қыс­паққа алған Украина футболшылары 20-минутта есеп ашты. Англияның «Манчестер Сити» клубында доп тебетін Александр Зинченко оң қапталда ашық тұрған Роман Яремчукке тамаша пас шығарып, ол өз кезегінде Покатилов қорғаған қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Бірінші таймда украи­налықтарда есептегі басымдығын арттыратын бірнеше мүмкіндік бол­ғанымен, Қазақстан құра­ма­сының қорғаушылары мен қақ­пашысы қарсыластарына гол со­ғатын мүмкіндік бермеді. Сөйтіп бірінші тайм 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына ше­шілді.

Үзіліс кезінде бас бапкер Тал­ғат Байсуфинов футбол­шы­лардың намысын қайрап, қандай сөз арқылы рухын кө­тергені бізге белгісіз, бірақ екін­ші 45 минутта «тоғызыншы тер­­ритория» өкілдерінің ойыны өзгеріп сала берді. Негізінен қарсы шабуылға иек артқан Қа­­зақстан құрамасының футбол­шылары ойынның 59-минутында таразы басын теңестірді. Кезекті бір қарымта шабуылда Азат Нұрғалиевтің пасынан кейін Серікжан Му­жиковтің қарсылас ко­манданың айып алаңына жақын жерден айналдыра тепкен добына Украина құрамасында алғашқы матчын өткізіп жатқан қақпашы Сергей Трубин қарсы тұра алмады.

Есеп теңескеннен кейін біз­­дің жігіттерде белгілі бір дең­гей­де се­німділік пайда болып, мүмкіндік туындаған жағ­дай­­ларда алға қарай ұмтылды. Украи­­налықтар жеңіс голын соғуға барын салды. Бірнеше ұтым­­ды сәтті пайдалана ал­маған Украина құрамасына қар­сы жігіттеріміз сауатты өнер көрсетіп, қа­уіптің бетін той­та­­рып отырды. Бұл жерде қақ­пашы Стас Пока­ти­ловтың айтарлықтай ше­берлік таныт­қанын да айта кету парыз. Қорытынды есеп – 1:1. Осы­лай­ша, Қазақстан құрамасы бірінші рет Украинамен тең ойнап, осы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы голы мен алғашқы ұпайына қол жет­кізді.

Украинаның Олимпиадалық стадионында өткен кездесудің статистикалық нәтижелеріне қа­­рамай-ақ, кез келген футбол жанкүйерлерінен Қазақстан құ­рамасының ең үздік ойыншысы кім болды деп сұрасаңыз, еш ойланбастан гол авторы Серікжан Мужиков пен сегіз сейв жасаған қақпашы Стас Покатиловты айтар еді. «Қайрат» қақпашысы Франциямен өткен ойында мық­тылық танытқан Александр Мо­киннің ерлігін қайталап, алдағы уақытта да қақпаны өзіне сеніп тапсыруға болатынын дә­лелдеді. Айтпақшы, бейресми мәлімет бойынша Александр Фран­циямен өткен ойыннан кейін ұлттық құрамдағы карьерасын аяқтағанын айтыпты. Мокиннің есімі кешегі ойын хаттамасына енбегенін ескеретін болсақ, расымен жастарға орнын берген шығар.

Сөз соңында айта кетер тағы бір жайт. Ұлттық құраманың ойы­нына бейжай қарамай, барлық матчты жібермей көретін футбол жанкүйерлері байқаса керек, кейінгі екі ойында біздің жігіттер бірінші таймға қарағанда екінші таймда тәуір ойын көрсетіп жүр. Мәселен, Франциямен өт­кен кездесуде алғашқы таймда екі гол өткізіп алғанымен, екін­ші таймда ондай сәтсіздікке бой алдырмады. Украинамен бол­ған ойында да дәл сол сценарий қайталанды. Алғашқы таймда ойын жүрмегенімен, екінші таймда гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Ал бұрындары Қазақстан құрамасы алғашқы таймда тәп-тәуір өнер көрсетіп, екінші таймның соңғы минуттарында болмашы қателіктің салдарынан қақпаға гол өткізіп алатын. Міне, осыдан-ақ Талғат Байсуфиновтің ұлттық құрамаға үлкен өзгеріс әкеліп жатқанын байқауға болады.

Енді футболшылар қайтадан өз клубтарына барып, күзге дейін ішкі чемпионаттағы ойын­дарына басымдық береді. Өйткені әлем чемпионатының іріктеу кезе­ңін­дегі кезекті тур ойындары қыр­күйекте басталады.

2-турдан кейінгі турнир кестесі

 Құрамалар

О

Ж

Т

Ұ

Доп

айырмасы

Ұпай

1

Франция

3

2

1

0

4-1

7

2

Украина

3

0

3

0

3-3

3

3

Финляндия

2

0

2

0

3-3

2

4

Босния және Герцеговина

2

0

1

1

2-3

1

5

Қазақстан

2

0

1

1

1-3

1