• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 01 Сәуір, 2021

Цурцумия қырқында қамал ала ма?

408 рет
көрсетілді

Сәуірдің 9-ы мен 11-і аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Токиода жалауы желбірейтін Жазғы Олимпия ойындарына жолдама беретін Азия аймақтық іріктеу турнирі өтеді. Алатау баурайында ұйымдастырылатын балуандар бәсекесінде күрестен Жапониядағы дүбірлі бәсекеге соңғы лицензиялар сарапқа салынады.

Бірер күн бұрын Қазақстаның грек-рим күресі құрамасының бас бапкері Алма­тыдағы лицензиялық турнирге қаты­сатын балуан­дардың тізімін жариялады. Бізді қатты таңғал­дырғаны, «классиктерді» баптайтын Бақтияр Байсейітовтің таңдауы 130 кило салмақтағы 33 жастағы Нұрмахан Тінәлиев­ке емес, үлкен спортпен қоштасып, бірнеше жылдан бері бапкерлік өнерге бет бұрған 40 жастағы апайтөс балуан Георгий Цурцумияға түскені.

2004 жылы Афина Олимпиадасының күміс, 2003 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Цурцумия осылайша араға он жылға жуық уақыт салып үлкен спортқа қайта оралды. Бас бапкер Б.Байсейітов Алматыдағы лицензиялық турнирде белдесетін ауыр салмақтағы спортшылар арасынан не үшін Георгийді таңдағанын былай түсіндірді: «Георгий Цурцумияға тоқталатын болсам, ол бұл бәсекеге бір жыл бойы тынымсыз дайындалды. Оқу-жаттығу жиыны кезінде бапкерлерге де көмектесіп, өзі де жаттығудан қол үзген жоқ. Қазір ол нағыз бабында деп айта аламын. Алдағы жарысқа қатысуға сақадай сай болған соң, осы балуанды таңдадық. Қазіргі бабымен ол құрамада жүрген біраз балуанға бәсекелестік таныта алады. Сәуір айы тартысты жекпе-жектерге толы болмақ. Біз өз кезегімізде жанкүйерлерге нағыз мереке сыйлауға тырысамыз», деді ол.

Ал осыдан біраз уақыт бұрын берген бір сұхбатында ол егер Нұрмахан Тінәлиев Алматыдағы жарыс алдында бабында болса, аса ауыр салмақта күресуі мүмкін деген еді. Соған қарағанда, 2012 және 2016 жылғы Олимпия ойындарында бақ сынаған Тінәлиев бабына еніп үлгермеген сияқты.

Георгий Цурцумия Алматыдағы ірік­теу турнирінде жасындай жарқылдап, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп ала­тын болса, араға 16 жыл салып лицензия алған Қазақстандағы санаулы спортшының қатарына кіреді. Грек-рим күресінен Олимпиадаға жолдама беретін құрлықтық іріктеу жарысына Қазақстан құрамасынан Мейіржан Шермаханбет (67 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) және Олжас Сырлыбай (97 кило) қатысады.

Ұлттық құраманың ұзақ жылдар бойы үздігі атанып, екі Олимпиадаға қатыс­қан Алмат Кебіспаев лицензиялық турнирден сырт қалды. Ол Италияда өткен рей­тингтік турнирдің финалында Мейіржан Шермаханбеттен 0:9 есебімен жеңілген-ді. Осыдан соң бапкерлер Мейіржанға мүмкіндік беруді жөн санаған. Ал Нұрсұлтан Тұрсынов пен Олжас Сырлыбай биыл ел чемпионатында көзге түсіп, Италиядағы турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінген болатын.