• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Сәуір, 2021

Ана мен баланы аялау қажет

227 рет
көрсетілді

Елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі пандемия кезінде өршіп кеткені соңғы кезде жиі айтылып жүр. Бұл сөзімізге күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінде осы тақырып төңірегінде өткен брифинг барысында ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк келтірген деректер де айғақ бола алады.

Өткен жылы полиция қыз­мет­­керлері отбасының ойраны шы­ғып, барар жер, басар тауы қал­­маған 11 мыңнан астам әйел­ді дағ­дарыс орталықтарына орна­лас­тыруға мәжбүр болған. Бүгін­де еліміз бойынша мұндай орта­лық­­тардың саны 40-қа жуық­тап қал­ған. Тұрмыстық зор­лық-зом­бы­лықтан зардап шек­кен­дерге әлеуметтік оңалту орталық­тарының 30-ында арнайы баспана да жасақталған.

Брифингте А.Милюк соңғы 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғатын қылмыстардың екі есеге, ал балаларға қатысты қыл­мыс­тардың саны үштен бірге қыс­қарғанымен карантин және қатаң оқшаулау кезінде тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың тым шие­ле­нісіп кеткенін жеткізді.

Зорлықшылармен күрес жүр­гізуде салдарынан гөрі себе­бін анықтап, алдын алудың жөн еке­нін алға тартқан ІІМ өкілі отба­сылық жанжалдарды болдыр­маудың бірнеше тетіктеріне тоқталды. «Ең алдымен отбасы тирандарымен жеке-жеке жұмыс жүргізген дұрыс. Қазіргі таңда елімізде қорғаныс ережесі көптеп қолданылып жүр. Бұл ереже отбасында зорлық-зомбылық жасауға бейім адамның құрбандармен 1 айға дейін байланысуына ты­йым салады. Шектеулерді бұзған құқық бұзушы 5 тәулікке дейін қамаққа алынады», деді спикер.

Сондай-ақ сот тәртібімен отбасы тирандарына тыйым салулар мен шектеулердің кеңейтілген тізбесі көрсетілген мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіленуі де мүмкін. Мұндай шешімдер әдетте 3 айдан бастап 1 жылға дейін қол­данылады. Мәселен, шаңы­рағы­ның шырқын бұзып жүрген еркекке қару сақтауға, тіпті үйде ішімдік ішуге тыйым салынуы мүм­кін. Ал жағдай тым күрделі бо­лып, бір баспана астында тұру мүмкін болмаған жағдайда сот зорлықшыл отағасының басқа үйі болса, пәтерден 10 күнге шығарып тастауға да құқылы.

А.Милюк отбасындағы зор­лық-зомбылықтан зардап шеккен кез келген адам құқық қорғау органдарына тәулік бойы жұмыс істейтін «102» полиция телефо­ны немесе арнайы мобильді қо­сымша арқылы хабарласа алатынын ескертті. Бұдан бөлек, ІІМ өкілі тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі туралы дабыл беретін құпия сөзді пайдалана отырып, полицияға уақтылы ха­барласуға мүмкіндігі жоқ зор­лық-зомбылық құрбандарын анық­тау бойынша арнайы алгоритм әзірленгенін де айтты.

Мемлекет басшысы жақында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау жө­ніндегі арнайы полиция инс­пек­торларының штат санын көбейтуді сөз еткен. Әйелдердің құ­қықтарын қорғауда бұл инс­пекторлардың алар орны ерекше екені даусыз. Осыған орай жа­қында ғана министрлік ішкі резервтер есебінен арнайы полиция инспекторларының санын екі есеге арттырып, белгіленген стандартқа дейін жеткізген. Бүгінде елімізде 17 мыңнан астам адам полиция есебінде тұр­са, оның 11 мыңнан астамы от­басының берекетін алатын зор­лық­шыл ретінде жіті ба­қы­­лауға алынған екен. Панде­мия кезінде 8 мыңнан астам әйел сенім телефондарына қо­ңы­рау шалып, құқықтық көмек сұ­раған. Соңғы бір жылда полиция қыз­меткерлері 78 мыңға жуық қор­ғау нұсқамасын шығарса, от­ба­сының берекетін алған 10 мыңға жуық құқық бұзушыға сот арқылы ерекше талаптар қойылған.