Батыс Қазақстан облысында коронавирус пандемиясының таралу деңгейі жоғары болғандықтан, мектептерде төртінші тоқсанның сабақтары күшейтілген сақтық режімінде басталды, деп хабарлайды Egemen.kz
Еліміздің Бас санитар дәрігері биылғы оқу жылының 4 тоқсанында контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептердегі сабақты бала санын 25 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берген болатын. Шыны керек, жыл бойы мектеп көрмей, құрбы-құрдастарымен араласпай, қашықтан оқуға мәжбүр болған оқушылар сәуірдің 1-ін асыға күткен еді. Алайда елімізде қайта күшейген коронавирус бұл жоспарды өзгертті. Әсіресе соңғы апталар бойы «қызыл аймақтан» шыға алмай келе жатқан Батыс Қазақстан облысында балалардың қауіпсіздігін қатерге тігуге болмайды.
- Тәуекелі жоғары аймақта орналасқан өңірлердегі барлық білім нысандары Денсаулық сақтау министрі бекіткен қағидаға сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық талаптарын сақтауы тиіс. Бүгін облыс аумағындағы 379 мемлекеттік мектептің 279-ында сабақ штаттық режимде, 100 мектепте аралас форматта басталды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Әдеттегідей оқытып жатқан – шалғай елді мекендердегі шағын комплектілі мектептер. Олардың саны барлық мектептің 75 пайызы болғанымен, облыстағы барлық оқушының 25,4%-ы ғана ол мектептерде білім алады. Ал оқушылардың 74,6%-ы, яғни 82 мыңнан астам оқушы қашықтан оқытылуда.
Облыстың бас санитар дәрігері М.Арыспаев бала саны көп, сыныптағы оқушы тығыз Бөрлі, Бәйтерек аудандары мен Орал қаласының мектептерінде әр сыныптағы бала санын 15 адамнан асырмай аралас форматта оқытуды ұсынды.
Қала мектептерінде әрбір сынып оқушыларына өзіндік қозғалыс кестесі бекітіліп, балалардың бір-бірімен араласпауы, ғимарат ішінде жүріп-тұру кезінде бір жақты қозғалыс, ара қашықтық қағидалары сақталуы, қол өңдеуге арналған санитайзерлердің әр қабатта болуы, мектептің кіре берісінда аяқ киімге арналған дезинфекция кілемшесінің болуы, міндетті түрде желдету, ылғалды жинау, кварцтау жұмыстарын жүргізу, сабақ арасындағы үзіліс әр сыныпқа әртүрлі уақытқа белгіленуі, санитариялық-эпидемологиялық талаптардың сақталуына жауапты маман тағайындалуы қарастырылған.
«Барлық мекеме санитайзер, антисептикалық құрал, термометрия, кварц шамдары, диспенсер, дезинфекциялау құралдары, ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілді» деді басқарма басшысы.
Көпшіліктің сұрауына сәйкес, оқушыларға мектеп формасын сақтау талап етілмейтін болды.
Батыс Қазақстан