«Жұмыс бабына сай үйренуіме тура келді. Себебі, өзім негізін салып, жетекшілік етіп келе жатқан Қазақ тағамтану академиясы сонау 1979 жылдың өзінде әлемде алғашқы болып Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтастық аясында еңбек ететін орталық атанды, ал 1997 жылы Біріккен ұлттар Ұйымы университетімен ынтымақтастық орталығы болдық. Аталған ұйымдармен бірге көптеген халық үшін әлеуметтік маңызды медициналық-демографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқардық.
Осылайша, түрлі іссапарлар барысында, келген делегациялармен тілдесу қажет болғандықтан, мен ағылшын тілін бір адамдай меңгеруге мұқтаж болдым. Мысалы, 2005 жылы ДДҰ Ассамблеясының мінбесінен, барша әлемдік медициналық қауымдастықтың алдында ағылшын тілінде сөз сөйледім. Түрлі алқалы жиындарды ағылшын тілінде басқарып, шетелдік әріптестермен еркін сөйлесе аламын.
Тоқсанды алқымдаған менің шет тілін меңгеріп алғандығымды көрген жастардың да тіл үйренуге, білім-ғылымға деген құлшынысы зор болуы тиіс деген ойдамын», деді Төрегелді Шарманұлы .