Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) және Экономикалық зерттеулер институты балаларға арналған бюджет әдіснамасы мен балалар әл-ауқатының қазақстандық индексін енгізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігі Балалар әл-ауқатының индексін әзірлеп жатыр.
«Индекстің мақсаты – әр түрлі салада балалардың жағдайын жақсарту. Индекс еліміздегі балалар әл-ауқатының жалпы және жеке бағыттар бойынша қаншалықты жақсы екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірлердегі ұлттық саясаттың тиімділігін бақылауға негіз болады. Индексті әзірлеу үшін еліміздегі ең өзекті көрсеткіштер іріктеледі. Индекс объективті және субъективті деректерден тұрады. Деректер ҚР ресми статистикасының халыққа жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша алынады.
Үш жақты іс-шаралар жоспарына қол қою – бірлескен жобаны бастауға мүмкіндік туғызады деп ойлаймын. Біздің ортақ міндетіміз – ЮНИСЕФ Инноченти зерттеу кеңсесінің жаһандық әдіснамасына негізделген индекстің бейімделген моделін әзірлеу. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы балалардың өмірін жақсарту мақсатында мемлекеттік саясат шеңберінде шешім қабылдау», - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Өз кезегінде Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен балаларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – ЮНИСЕФ-тің ең маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.
«2022 жылға қарай балалар әл-ауқаты индексінің іске қосылуы еліміздегі балалардың жағдайын тұрақты түрде бақылауға және объективті көрсеткіштерге негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Балалардың әл-ауқатын ұлттық мониторинг жүйесі – бұл Қазақстан үшін маңызды жоба. Индекс уақыт өте келе балалардың өмір сүру сапасы қалай өзгеретінін және олардың әл – ауқатындағы мәселелерді көрсете алады», деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.