БҰҰ-ның шешімімен 2008 жылдан бері 2 сәуір Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні ретінде аталып өтеді. Өткен аптада осыған орай ақпарат таратылды. Бірақ бізді мазалайтыны – жыл сайын қайталанатын деректерді тарату емес, «Аутист балалар қалай білім алып жүр?» деген сұрақ. Өйткені бұл – еліміздегі аутизмге шалдыққан 6 мың баланың білімі мен болашағына, тәрбиесі мен тағдырына қатысты мәселе.
Ерекше балаларға ерекше білім керек, ал ерекше білім беретін арнайы педагог, яғни кадр мәселесін шешпей, сөз қозғаудың өзі қиын. Білім және ғылым министрлігі 2020 жылдан бастап мектептерге аутизмі бар балаларды оқу процесінде сүйемелдейтін педагог-ассистент лауазымын енгізді.
Арнайы және инклюзивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйкерім Мерекеқызы бізге берген шағын сұхбатында педагог-ассистенттің аутист балалардың ортаға бейімделіп, сау балалардың арасында білім алуына көмектесетін маман екенін айтты.
«Аутист балалар басқа да білім алушылармен бірдей мектепте оқуға құқылы. Алайда олар мектепке келгенде бірден сабаққа толық қатысып кете алмайды. Оларға арнайы педагог маманның көмегі керек. Сондықтан біз мұғалімге сондай ерекше балалармен жұмыс істеу арқылы көмектесетін ассистент лауазымын қарастырдық. Ол арнайы педагогиканың әдіс-тәсілдерімен аутист баланы оқытады, ортаға бейімдейді. Сонымен қатар педагог-ассистент ерекше оқушының ата-анасымен тығыз байланыста болып, балаға бөлек, өзінің деңгейіне сай тапсырмалар беріп отырады. Аталған лауазым аутист баланың ақыл-ой қабілетіне, даму ерекшелігіне қарай мұғалімнің мектеп бағдарламасы бойынша өткен тақырыптарын баланың игеріп кетуіне көмектеседі», дейді.
Дегенмен жаңа енгізілген лауазым иесіне де көмек керек. Осыны ескерген жоғарыда аталған орталық лауазым иелеріне арнап аутист балалармен жұмыс істеуге арналған әдістемелік нұсқаулықтың 8 түрін әзірлеп, орталықтың сайтына жүктеген екен. Аутизмнің де түрлері көп қой, осы тұрғыда орталық көздеген маманға мақсатына қарай әдістемелік нұсқаулық түрін таңдауға мүмкіндік берген көрінеді. Өйткені бір баланың ақыл-ойын, екіншісінің тілін дамыту керек.
Жақсы, педагог-ассистент бар делік, бірақ пандемия жайлағалы білімнен береке қашты ғой. Ерекше балалар түгіл, қарапайым оқушылардың өзін оқыту проблемаға айналды. Осындай жағдайда аутист балалар қалай білім алып жүр? Бұл сұраққа А.Мерекеқызы:
«Біріншіден, арнаулы мектептерге штаттық режімде жұмыс істеуге мүмкіндік берілген. Демек, ерекше білім беруді қажет ететін балалар арнаулы педагогтерінен бетпе-бет, бұрынғыдай білім алып жатыр. Екіншіден, ата-аналарға таңдау берілген. Яғни олар баласының мектепке баратын-бармайтынын өздері шешеді. Егер коронавирустан сақтанып, баласының үй жағдайында білім алғанын қаласа, арнайы педагогтер ерекше оқушыны қашықтықтан оқытады», деп жауап берді.
Иә, Білім және ғылым министрлігіне қарасты орталықтың басшысы А.Мерекеқызының сөзін елордадағы №88 мектеп-лицейінің педагог-ассистенті Арайлым Қажымұқанқызы да растап отыр. Өйткені ол карантин кезінде өз тәлімгерлігіндегі аутизмге шалдыққан оқушыларын қашықтықтан оқытты.
«Бұл мектеп – қатардағы оқу ошағы. Осы мектепте «Болашақ» корпоративті қоры арнаулы инклюзияны қолдау кабинетін (арнаулы кабинет) ашқан. Сол кабинетке 10 аутист бала келеді. Әр бала жас ерекшелігіне, деңгейіне сай түрлі сыныптарға бөлінген. Қарапайым балалар білім алатын 1 сыныпқа 1 ғана ерекше оқушыны қосады. Әуелі балаларды ата-аналарынан арнаулы кабинетте қабылдап алып, кейін кәдімгі сыныптардағы сабақтарға бірге отырып қатыстырамыз. Бірақ олар сабақта қарапайым оқушылар секілді 40-45 минут отыра алмайды. 5-10 минут негізгі тақырып өткізілген уақытта қатысуын қадағалап, кейін арнаулы кабинетте үйренгенін бекіту бойынша жұмыстар жүргіземіз. Ал карантин кезінде балаларды үйде оқыттық. Сабақты ZOOM бағдарламасымен өткіздік. Ата-аналармен тығыз байланыс орнату арқылы оқу-тәрбие жұмыстарының сапасын төмендетпеуге тырыстық», дейді ол.
Негізі педагог-ассистенттің жұмысы өте жауапты және күрделі. Себебі бұл маман алдымен баланың деңгейін анықтау бойынша арнайы тест алады. Содан соң педагог-ассистенттің кураторы тест қорытындысына сәйкес, баланы дамыту мен оқытудың жеке бағдарламасын құрады. Бір жылда туған балалар болса да, дамуында өзгешелігі бар ерекше оқушылардың әрқайсысына бөлек мақсат пен жоспар керек. Себебі бір балада есте сақтау қабілетін дамыту керек болса, екінші аутист бала зейінін тұрақтандыруды қажет етуі мүмкін. Ал педагог-ассистент сыныптағы негізгі мектеп бағдарламасынан бөлек осындай ерекше бағыт бойынша жұмыс істейді.
«Біз әр оқушының жеке бағдарламасына байланысты дамыту мен оқыту жұмыстарын аутист балаларға арналған құм, әткеншек, ойыншықтар, батут, танымдық көрнекіліктер бар арнаулы кабинетте ерекше баланың көңілін көтере жүріп жүргіземіз. Ерекше балалар ұзақ уақыт отырып сабақ оқи алмайды. Сондықтан оларды дамытуға мұндай сыныптың пайдасы өте зор. Бұл зейіні тез тұрақтала қоймайтын ерекше балаларға ойнап жүріп оқуына жылдам үйреніп, бейімделіп кетуіне көмектеседі. Шыны керек, мұндай арнаулы жабдықталған сыныптар біз секілді арнайы педагогтердің жұмысын жеңілдетуге де септеседі. Себебі 5 минут түгіл, орындыққа отырмай, педагог-ассистенттің өзіне қол көтеріп, бағынбай кететін балалар болады. Негізі, бұл жұмысқа асқан шыдамды, баланы дамыту мақсатына табандылық танытатын адам керек. Көп әріптесіміз шыдамай шығып кетеді», дейді А.Қажымұқанқызы.
Мемлекеттің ерекше балалардың білім алуын қамтамасыз етуді жолға қойып, жаңа штат ашып, педагог-ассистенттерге жалақы қарастырып отырғаны оң шығар, бірақ жалақы мардымсыз. Тіпті арнайы педагогтердің еңбегіне татымайды дерсіз. 90 мың теңгеге айына жүйкесін жұқартып жұмыс істеу кімге оңай дейсіз?! Бір баланы ғана алып жүреді ғой деп те ойларсыз, алайда олар 2-3 есе көп оқушымен жұмыс істегендей болады. Өйткені көбіне коммуникация жағынан қиналатын аутист балалардың жаңа адамға үйренуі үшін педагог-ассистенттер тәлімгерлігіне алған оқушыларын ауыстырып отырады екен.
Осындайда атқарушы органдардың инклюзивті білім беру мәселесін жолға қойып жатырмыз дегенінің өзі жеткіліксіз екеніне көзіңіз жетеді. Өйткені инклюзивті біліммен ерекше балаларды қамту деңгейін жоғарылатуды қалай ма, әйтәуір, ресми ұйымдардың дерегі бейресми мәліметтерден өзгерек келеді. Мәселен, ресми деректерде аутист балалардың саны елімізде 6 мың екені көрсетілсе, бейресми деректер бойынша аутизмі бар балалардың саны 30 мыңнан асады. Жоғарыда педагог-ассистент атап өткен «Болашақ» қоры бейресми деректердегі балалардың болашағына баса назар аударған секілді. Себебі қор ерекше балаларды бейімдейтін арнаулы инклюзияны қолдау кабинеттерін ашып қана қоймаған. Қордың инклюзия бойынша үйлестірушісі Жазира Ескендірова: «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беру моделін әзірлеуге және Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарында енгізуге бағытталған. 2015 жылдан бастап қордың қолдауымен Қазақстанның 17 өңірінде 43 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Аутизм және басқа да менталды бұзылыстары бар 500-ден аса бала күнделікті мектепке баруға мүмкіндік алды. Жоба еліміздің 34 мектебін және 2 астаналық балабақшаны қамтыды. Балаларында ерекше білім алу қажеттіліктері бар 1500-ден аса отбасына консультация берілді. 2 мың маман инклюзивті білім беру және мінез-құлықты қолданбалы талдау бойынша оқудан өтті, 400-ден аса жұмыс орны құрылды. Қор инклюзивті білім беру бойынша нормативтік-құқықтық актілерге 70 түзету енгізді» дейді.
«Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісованың айтуынша, «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасын іске асырып келе жатқан 6 жыл ішінде жобадағы сөйлемейтін балалардың 90%-ы сөйлеп үйренді, 19 ұл және қыз бала өз бетінше оқуға көшті, даму ерекшеліктері бар 50 бала мектеп, қалалық, облыстық жарыстар мен олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.