Халықаралық байқауда топ жарған Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының қоржынында кезекті жүлде! Әсіресе соңғы бірнеше жылда өзінің жаңашыл ізденістерімен кішкентай көрермендердің рухани кемелденуі жолында есепсіз тер төгіп келе жатқан ізденгіш ұжымның шығармашылық аяқалысы мен қарымы бүгінде елден асып, алыс-жақын шетелді де мойындатып, ұлт мерейін асырып жүр. Оның және бір жарқын дәлелі – талантты театр труппасының Қырғызстанның «Эргуу-2021» ұлттық театр жүлдесін еншілеуі.
Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған өнер байқауына Ш.Айтматовтың қуыршақтар тілінде сөйлеген «Ана – Жер-Ана» қойылымымен қатысқан өнерлі ұжым қазылар алқасының жоғары бағасын алып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Жыл сайын театр саласының үздіктерін анықтайтын ұлттық театр байқауының іріктеу кезеңі биыл онлайн форматта өтті. Ұжым «Қырғыз авторының шығармасын ең үздік сахналаған шетелдік театр» аталымы бойынша сынға түсті. Қойылым «Адамзаттың Айтматовы» атанған қарымды қаламгердің «Құс жолы» повесінің негізінде Дина Жұмабаева режиссурасымен 2018 жылы сахна көріп, қуыршақ театры әртістерінің өзге қырын ашып, сахнада соны ізденіс іздерін көрсетуіне кең жол ашқан болатын. Нәтижесінде қазақстандық театр дүлдүлдер аламанында үздік деп танылып, Қырғызстан Республикасының ұлттық театр жүлдесіне ие болды. Марапатты Қырғызстан Республикасының Мәдениет министрі Қайрат Иманәлиев пен Қырғызстан театр қайраткерлері одағының президенті Жаныш Құлмамбетов тапсырды. Жарық көргелі бірнеше халықаралық театр фестивальдердің бәсекесінде топ жарып жүрген спектакльдің күллі адамзатқа айтар ойы, көркемдік құндылығы замана алға жылжыған сайын артпаса, титтей де кеміген емес. Оған айтулы қойылымның мерейлі мезеті куә.
Иә, бүгінде жаңа бағытқа батыл бет бұрып, тосын тәжірибелер жасаудан жасқанбайтын Мемлекеттік қуыршақ театры өз репертуарынан әлем және қазақ әдебиетінің таңдамалы туындыларына кеңінен орын беріп, жемісті еңбек етуде. Әлбетте, өзге де өнер ошақтары секілді әлемді шарпыған індеттің әртістер ізденісіне айтарлықтай кедергісін келтіргеніне қарамастан, Қуыршақ театры өзінің шығармашылық қарымын титтей де бәсеңсіткен емес. Оның айқын дәлелі – ұжым бір жыл ішінде ересектерге арналған «Өмір-өзен», «Макбет.Иллюзия» қойылымдарын сахна төріне шығарса, «Күлше қыз», «Қасқыр мен жеті лақ» және «Үйшік» ертегілері кішкентай көрермендер үшін тамаша тарту болғаны сөзсіз.
Тек қуыршақ өнерінің ғана емес, тұтас қазақ театрының мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатып, жеңісті жүлделер қатарын көбейтіп келе жатқан театрдың шығармашылық қарқыны бүгінде шын мәнінде көңіл қуантады. Атап айтсақ, талантты труппа жыл басында Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің (IUTC) үш бірдей аталым бойынша тағайындаған жүлдесін еншілеп, қанжыға майласа, одан бөлек халықаралық деңгейдегі бірнеше театр фестиваліне де шақырту алып үлгерді. Мұның барлығы кішкентай көрерменнің көркем танымын қалыптастыру жолында қалтқысыз еңбек етуші ұйымшыл ұжымының өрелі өнерінің жемісі екені сөзсіз.