Судың тілсіз жау екеніне шығысқазақстандықтардың көзі әбден жеткен. Сонау жылдары өзенді қойып, жылт еткен бұлағы жоқ елді мекендерді де топан су басқан. 2019 жылдың көктемі ше, әкімдердің аяғынан резеңке етік түспеп еді ғой. Алдын алу жұмыстары жүргізілмесе, солай болады да. Өткеннен сабақ алған билік екі жыл қатарынан көктемгі тасқынды болдырмау үшін жан-жақты шараларды қолға алған.
Биыл облыста арнайы мамандар 94 елді мекенді су басу қаупі бар екенін анықтапты. Ойдағы қар кеткенімен, таудың қары еріншектене ериді. Қауіп те сол жақтан келуі мүмкін. Сондықтан да әр аудан басшылығы өз аумағындағы өзен арналары мен көпірлердің ауыздарын қатқан мұз, кептелген қоқыстан тазартып жатыр. Аяқасты тасқын бола қалса, жұмылдырылған апаттық-құтқару жеке құрамы да сақадай сай дайын отыр. Құтқарушы құрам 708 дана «Лиман» атты бас киімі мен етігі бар гидрокостюммен жабдықталған. Ал су тасқыны қиындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп құрылған күштердің құрамында 3 мың адам, 24 112 бірлік техника және 370 мотопомпа бар. Сондай-ақ 108 эвакобекет дайындалған.
Жуықта төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, «Қазселденқорғау» облыстық филиалы және «Қазгидромет» РМК мамандары бірлесіп, тікұшақпен су тасу қаупі бар учаскелерді бақылап қайтты. Аэровизуалды бақылау Глубокое, Алтай, Катонқарағай аудандарына жүргізілді. Мониторинг кезінде Бұқтырма, Красноярка, Глубочанка өзендерінің арналары тексерілді.
– Аэровизуалды зерттеулер тұрақты гидрологиялық жағдайды көрсетеді. Су арнасынан шығып кетеді-ау деген маңайларды байқап қайттық. Өзендердегі су деңгейінің қауіпі шектен төмен, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Алексей Штыкель.
Өңірдегі қардың да көп бөлігі еріп кетті. Соңғы екі аптада 97% қар 50%-ға дейін азайған. Жер тоңының жоғары қабаты да жібіді. Алайда Күршім, Катонқарағай, Бесқарағай, Зайсан, Алтай және Бородулиха аудандарында тоңның бір қабаты бусана қоймаған сияқты. Облыстың жазық аумағындағы қар жамылғысының қалыңдығы 50 сантиметрден аспайды. Алтай ауданында ғана 75 сантиметрді құрайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Алда-жалда су тасқыны бола қалған жағдайда, қалалар мен аудандардың әкімдіктері 109,6 мың дана ыдыс-қап, 15,5 мың тонна инертті материал, 532 тонна ЖЖМ дайындауды ұйымдастырып қойған.
– Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығы бойынша 52859 әскери бөлімінен механикаландырылған жиынтық жасақтан 8 бірлік техника, 4 жүзу құралы мен 10 тасымалды мотопомпа, жеке құрамның 50 адамынан тұратын күштер мен құралдар келді. Тәулік бойы көшелердегі қар тазаланып жатыр. Бұлақ көздері ашылды. Су өткізгіштер мен көпірлердің асты тазаланды. Күніне бірнеше рет өзендер мен көлдердегі су деңгейі өлшеніп отыр, – дейді Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.
Мұндай сақтық шаралары Күршім, Катонқарағай, Көкпекті, Тарбағатай, Үржар, Глубокое, Ұлан аудандарында да жүргізіліп жатыр. Ауыл маңындағы бұлақтардың бойын тазалауға волонтерлер мен жергілікті тұрғындар да білек сыбана кіріскен.
– Екі-үш жыл бұрын жайбарақат жатып, көктемгі тасқынды ауыздықтай алмағанымыз шындық. Қазір әйтеуір бұл іске әр аудан жауапкершілікпен қарайтын болды. Біз де үйдің маңындағы бұлақтан бастап, ауыл сыртындағы өзен арналарына дейін ашып жатырмыз. Аудан басшылығы дайындықты жіті қадағалап отыр, – дейді Самар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айдархан Садықов.
Көкпекті ауданының Самар ауылы Бұқтырма су қоймасының жағалауында жатқандықтан, сақтанбасқа болмайды. Үлкенді-кішілі өзен-көлдері де аз емес. Сол сияқты Ұлан ауданында да сақтық шаралары әкімдіктің назарында. Ауыл ішіндегі қар кеткенімен таудағы қардың көбесі сөгіліп, тоңы бусана қойған жоқ. Сондықтан да арқаны кеңге салуға әлі ерте.
Шығыс Қазақстан облысы