Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының үшінші туры аяқталды. Бұл ойындар Алматы, Қостанай, Шымкент, Петропавловск, Атырау, Ақтау және Түркістан қалаларында өтті.
Алматыда өткен матчтың бірінші кезеңінде «Тараз» «Қайраттың» қақпасына екі доп соқты. Бұл голдардың авторлары – Педру Эужениу мен Бауыржан Байтана. Алайда үзілістен кейін алматылықтар қарқынын күрт күшейтіп, Хосе Канте мен Вагнер Лав өз мүмкіндіктерін қалт жібермеді. Есеп – 2:2.
Қостанайда «Тобыл» «Астананың» қабылдады. 31-минутта Сергей Малый алаң иелерін алға шығарды. Осы есепті олар ұзақ ұстап тұрғанымен, 83-минутта Жарко Томашевичтің дәл соққысынан кейін таразы басын теңесті – 1:1.
Шымкентте «Ордабасы» мен «Ақжайық» шеберлік байқасты. 52-минутта Пабло Фонтанелло өз қақпасына гол соғып, жергілікті команданы өте қиын жағдайға қалдырды. Десек те бұл келеңсіз жайт шымкенттік футболшыларының жігерін жасыта алған жоқ. Төреші белгілеген қосымша уақытта Жоан Пауло 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздесе, көп кешікпей Еркебұлан Тұңғышбаев мергендік танытты – 2:1.
Үшінші турдағы өзге кездесулерде мынадай есептер тіркелді: «Қызылжар» – «Шахтер» 2:0, «Атырау» – «Ақтөбе» 1:3, «Каспий» – «Жетісу» 2:0 және «Тұран» – «Қайсар» 1:1.