• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2021

Азық-түлік бағасы ырыққа көнбей тұр

648 рет
көрсетілді

Азық-түлік бағасының өсуі − халықтың тұрмыс-тіршілігіне теріс әсер ететін факторлардың бірі. Бүгінде күнделікті тұтынатын өнім бағасы күннен-күнге шарықтап барады. Сондықтан өңірлерде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының күрт көтерілуін болдырмайтын шаралар легін қолға алу қажет.

Бұл бағытта ең алдымен тұрақтандыру қорындағы азық-түліктің бағасына көңіл аудар­ған жөн. Мәселенің мәнісіне «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясының мысалында үңіліп көрейік. Мұндағы 2020-2021 жылдарға арналған тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 11 түрі енгізілген. Бұлар: сиыр, құс еті, ұн, нан, макарон, өсімдік майы, қарақұмық, күріш, қант, тұз және жұмыртқа. Соңғы деректерге қарағанда, облыста осының ішінен өсімдік майы 12%-ға, қант 60%-ға және жұмыртқа 13%-ға қым­баттағаны байқалады. Бағаны тежеу үшін аталған қор же­текшілері бұған дейін әлеу­меттік дүңгіршектер мен «Алтын­дар» супермаркеттерінде нарық бағасынан төмен мөлшерде сатуды ұйымдастырып келіпті. Соңында қордың түбі көрініп қалғанға ұқсайды. Өйткені бұл дүкендерде азық-түлік арзан бол­ғандықтан, бәрі жаппай сатып ала берген. Бұған қандай қор да төтеп бере алмасы анық.

Бағаның төмендеуіне облыс аумағындағы өсімдік майын шығаратын зауыт өнімдері де ықпал ете алмаған. Теректі ауда­нының әкімі Арман Өтеғұловтың айтуынша, бұған дейін қолда бар шикізат пен өнімнің әр литрі 600 теңгеден белгіленіп келген. Тұтынушының қолына тигенше баға өседі. Мұның бас­ты себебі, зауыт конвейері мен дүкен арасындағы қаптап жүр­ген делдалдардың бағаны қол­дан өсіруі көрінеді. Қалай десек те бүгінде аталған зауыт шикізат өнімдерінің тапшылығын бас­тан кешіп отыр. Мұндағы шикізат қоры таусылуға таяу. Бұл де­геніңіз зауыт өнім шығаруды тоқтатады деген сөз. Бұған қоса, былтыр өңірдегі майлы да­қылдар егістігінің, соның ішін­де күнбағыстың әр гектарынан небәрі 4 центнерден өнім алын­ғаны да мәселені ушықтыра түскен. Ал шикізатты сырттан алайын десе, Ресей әр тоннасына 350 мың теңге сұрап отыр. Бұл зауыт үшін тиімсіз, өзін-өзі ақтамақ түгіл, шығынға батырады. Сонда өнім бағасын тұрақтандырудың жалғыз жолы қалып отыр. Ол − жарық, газ, жылу, су секілді қуат көздерінің бағасын төмендетіп, облыста майлы дақылдар егістігінің өнімін молайтатын кешенді әрі тың тәсілдер енгізу. Өңірдегі суландыру алқаптарының көлемін көбейту де бұл іске оң ықпалын тигізер еді.

Қалай дегенмен де Орал өңі­рінің тұрғындарын бірінші қажеттіліктегі азық-түлікпен қам­­тамасыз ету жайы толық ше­шімін тапқан жоқ. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстардың әдістемесін одан әрі жетілдіру қажет.

Облыста көкөніс түрі де қым­баттаған. Соның ішінде картоп бағасы күрт өскен. Мысалы, өткен 2020 жылдың соңында сау­да нүктелерінде әр килосы 100-115 теңгенің төңірегінде болса, бүгінде бұл баға − 200-220, кейбір же­кеменшік дүңгіршектерде 250 теңгеге дейін өскен. «Ақжайық» ӘКК-нің өкілдері бұл үшін қордан 59 тонна өнімді нарық бағасынан 20-30%-ға төмен ба­ға­мен өткізу белгіленді деп мәлім­дегенімен, оның шапағатын облыс тұрғындары сезіне қойған жоқ.

Батыс Қазақстан облыстық ста­тистика департаментінің мә­ліметіне сүйенсек, биылғы ақпан айында қиярдың килосы сырттан – 715 теңгеден, қызанақтың ки­лосы 533 теңгеден сатып алын­ған. Ал сауда орындары мен су­пермаркеттердегі баға бұдан әлдеқайда жоғары. Тіпті кейбір көкөніс сатылатын нүктелерде қызанақтың әр килосы 1650 теңгеден тұр. Рас, картоп, пияз, қияр мен қызанақ және өзге де бау-бақша өнімдері әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне енгізілмеген. Алайда солай екен деп бұлардың бағасы күннен-күнге өсе беруі керек пе?!

Жоғарыда аталған дақылдар­дың дені көкөніс сақтау қойма­ларында сақтауға өте ыңғайлы. Солай бола тұра көкөністердің шектеулі бөлігі ғана сақта­ла­тыны несі? Бұл қоймалар сы­йым­дылығының тарлығын көрсете ме, әлде өнімдер тиісті көлемде жет­кізілмей ме? Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, қазіргі күні өңірде 57 көкөніс сақтау қоймасы бар. Бұлардың бәрі –  жекеменшік қоймалар. Оның дені өңірдегі ірі агроқұрылымдар мен шаруа қожалықтарының иелеріне тиесілі. Олардың бәрі қарапайым тұрғындардың қажеттілігін өтеуге көңіл қояр ма екен? Қазіргі есептеу бойынша 57 қоймаға небәрі 40 мың тоннадай ғана өнім сыятынын ескерсек, бұл сыйымдылық 660 мыңнан астам тұрғыны бар өңірге жеткіліксіз. Сондықтан мемлекет-жекеменшік әріптестігінің өрісін кеңейтуге ден қойған жөн. Осы арқылы стратегиялық маңызы бар қойма құрылыстарын салуға жол табуға болады.

Көкөністердің бағасын қым­бат­татпай ұстап тұрудың тағы бір жолы − өнеркәсіптік жылыжай кешендерін құру. Облыс орталығымен іргелес Теректі және Бәйтерек аудандарында мұндай нысандардың бірі жұмыс істеп тұр, екіншісінің құрылысы аяқталу сатысында. Енді бір жоба 2025 жылы іске қосылмақ.

Сүт өнімдерін өндіру саласын­да да жоғарыда айтылғандай, ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Ал тұрғындарды ет және ет өнім­дерімен қамту мәселесіне келсек, бұл бағытта облыс ел өңір­лерінің ішінде алдыңғы қатарда тұр. Жалпы, Орал өңірінің бәсе­кеге төтеп бере алатын табиғи азық-түлік өнімдерін өндіруге мүмкіндігі мол. Алғышарттары да бар. Осы әлеует толықтай пай­даланылса, Ақжайық айма­ғындағы аспандап кеткен азық-түліктің ба­ғасын қалыпты дең­гейде ұстап тұруға болатыны сөзсіз.

 

 

Батыс Қазақстан облысы