Тұрғындары наразылық білдіріп әкімдіктің алдына жиналмайтын, ұрандатып алаңға бармайтын, шеруге шықпайтын аудан бар Түркістан өңірінде. Ол – Сайрам ауданы. Мұнда кез келген тұрғынның көкейде жүрген өзекті мәселені, белгілі бір саланың жұмысына байланысты кемшілікті, тұрмыс-тіршілікті жақсартуға қатысты ой-пікірін «Парасат» пікірталас клубының отырысында ашық айтуына мүмкіндік жасалған.
«Егер шындықты шыжғырып бетке айтатын болсаңыз, «Парасат» пікірталас алаңы – сіздікі. Шығыңыз да ойыңызды ашып айтыңыз», деген болатын Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібеков пікірталас клубының мүшелерінің алғашқы отырысында. Көпшілікке демеу болған сол ұстаным өзгерген жоқ. Пікірталас клубының әрбір отырысында аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелер ортаға салынады. Талқыланады. Шешімін табады немесе заң шеңберінде тиісті орындарға жолданады.
Жуырда қатты жел мен жауын-шашынның әсерінен елді мекендерде жарық сөніп, жұртты әбігерлендірді. Қараңғыда қалған, үйдегі тұрмыстық техникалары тоқтаған қарапайым халық, әрине, алдымен әкімдікке шағымданды. Бұл орайда жергілікті билік «Парасат» пікірталас клубы алаңы арқылы тұрғындардың электр энергиясын жеткізуші мекеме басшысына тікелей сұрақ қойып, жауап алуына мүмкіндік жасады. «Қасымбек Датқа ауылында жаңбыр, қар жауса, сәл жел тұрса болды, жарық өшеді. Кернеуі дұрыс электр энергиясын беретін күн қашан туады?», деді ауыл тұрғыны У.Бүрбекұлы. Өз жауабында аудандық электр жүйелерін тарату мекемесінің басшысы Н.Сейлбеков жалпы электр желілерінің 50 пайызының тозығы жеткенін айта келіп: «Өзіміздің инвестициялық жобамыз аясында мүмкіндігінше жаңартудамыз. Қасымбек Датқа ауылына мамандарымызды жіберіп ақауды реттеу бойынша жұмыс жүргіземіз», деді.
Клубтың кезекті бір отырысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Сайрам аудандық филиалының басшысы Д.Паяев тұрғындарды мазалаған мәселелер бойынша жауап берді. Аудан тұрғыны Н.Садықов жаңа тұрғын үйлерге газ кіргізу құнының қымбаттығын айтса, А.Исаков жаңадан салынған кәсіпкерлік нысандарға «көгілдір отын» кіргізудің қиындығына, құжаттарды заңдастыру ұзақ мерзімді алатынына шағымданды. «Газ бағасының мәселесіне келсек, бағаны табиғи монополияны реттеу агенттігі бекітіп береді. Түркістан облысы мен Шымкент қаласында баға бірдей. Қазіргі таңда аудан көлемінде газ қысымының төмен болуына байланысты, іске қосылмаған кәсіпкерлік нысандарды газға қосу мүмкін болмай отыр. Бірінші кезекте тұрғындарды газбен қамтуға басымдық беріліп отыр. Біз жаңадан салынған үйлерге газ тарту үшін тек қана техникалық шарт береміз. Жүйеге қосумен басқа мекеме айналысады», дейді Д.Паяев.
Ақсу-Шымкент күре жолын күрделі жөндеу барысында дүкені бұзылған Р.Әбілдаева 4-5 ай өткенімен, өтемақы ала алмай жүргеніне шағымданды. Бұл орайда аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы М.Нұрлыбаев Қарасу елді мекеніндегі 12 мүлік иесіне 60,8 млн теңге қаржы қарастырылғанын, қазынашылық басқармасы қаражатты аударысымен жолданатынын жеткізді.
Қасымбек Датқа ауылында 5000-ға жуық адам тұрады. Жайылым ауыл маңындағы бұлақ айналасында ғана бар. Ол жердегі екі үлкен мал қорасының иесі жылда көктемде халық пайдаланатын жайылымға өз малын жайып жібереді екен. Тұрғындар мал қораның салынуы қаншалықты заңды және бұлақтан қанша метр арақашықтықта болу керектігін білгісі келеді. Ауданда 2015 жылдан бері 220 гектар жер жекеменшікке өтіп, сол бойы бақылаусыз қалған. Тұрғындар жер телімі кезегінде жылдар бойы тұрып, ала алмай жүр. Заңсыз берілген жерлерді қайтару бойынша бөлім тарапынан жұмыс жүргізілуде ме? Ауданда 19 мыңға жуық адам жер телімі кезегінде тұр екен. Бұл электронды есепке түскен адамдар тізімі ғана. Оларға қашан жер беріледі? Осы сынды сұрақтарға жауап берген аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Н.Абылғазиев «Райский сад» аумағындағы 70 гектар жер бойынша азаматтардың тұрғын-үй салу мақсатында мемлекет мұқтаждығына қайтарып алуға ауыл әкіміне ұсыныс берілгенін айтты. «Ауданда 170 гектар жерді мемлекетке қайтарып, жерге орналастыру жобасын дайындап жатырмыз. Бірінші кезекте Көлкент ауылдық округінде тұрғын үй салуға жер учаскелерін беруді бастайтын боламыз. Екінші кезекте Манкент ауылында 15 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды, инфрақұрылым жүргізіліп, кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады», деді Н.Абылғазиев.
Пікірталас клубында талқыға салынған тағы бір өзекті мәселе – ертежүктілік пен суицид. Сайрам ауданы бойынша өткен жылы аутодеструктивті мінез-құлық (суицид) бойынша 14-29 жас аралығында тіркелгендер саны – 72. Оның ішінде талпынғаны – 53, аяқталғаны – 19. Ал биылдың 2 ай көлемінде үш оқиға тіркелген. «Өткен жылы суицидтің алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 53 жас райынан қайтты, екінші рет осындай оқыс жағдай бұл жастар тарапынан орын алмады. Өткен жылы аудан аумағында ертежүктілік бойынша 55 факті тіркелген», дейді Ұласбек Сәдібеков. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында аудан әкімі пікірталас клубында бірқатар ұсынысын жеткізді. Мысалы, спорттық үйірмелерді көбейтіп, жастарды көбірек тарту, қыздар мен ұлдар арасында түрлі шығармашылық байқау сынды іс-шараларды тұрақты түрде өткізу, үлгілі жастарды телеарналар мен басылым беттерінде сондай-ақ әлеуметтік желілерде тұрақты жариялап үлгі ету, мектептерде тегін музыкалық аспаптарға үйрететін үйірмелер ашу және басқалар. Ауылдық округтердегі ауыл билері, аналар кеңесі, ардагерлер кеңесі арқылы ауыл тұрғындары арасында ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу бойынша насихат жұмыстарын жүргізу қажеттігі де айтылды.
Жалпы, Сайрам ауданының әкімдігі тұрғындардың арыз-шағымын күтіп отырмайды. Керісінше, халық қызметшілері әр ауылды аралап, тұрғындардың хал-жағдайын өздері білуге тырысады.
Түркістан облысы