Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының алдын алуға арналған шаралар атқарылып жатыр. 1 сәуір күні өңірде Covid-19 індетіне қарсы вакцинаны 8 653 адам алды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметінше, Сovid-19 инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компонентін 14 мемлекеттік қызметкер және созылмалы аурулары бар 157 адам алған. Сонымен қатар 403 педагог, 410 күш құрылымдарының қызметкері, 107 учаскелік полиция қызметкері, 88 медициналық-әлеуметтік және жабық балалар мекемелерінің қызметкері вакциналанды. Одан бөлек, індетпен бетпе-бет күресуі мүмкін 7 282 медицина қызметкеріне екпе егілді. Ерікті түрде екпе алып жатқандардың ішінде студенттер мен қатардағы қарапайым халық та бар.
1 сәуір күні алғашқылардың бірі болып екпе салғызған Көкпекті ауданына қарасты Самара орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Анар Ахмадиева вакцинаны интернет арқылы мұқият зерттепті. Шетелдік жоғары санатты дәрігерлердің, ғалымдардың дәлелді пікірлерін оқыған, ақыл-кеңестеріне құлақ түрген. Оның үстіне былтырғы жазда халықтың жаппай ауырғанын ескеріп барып, екпе алуға бел буған.
– Мен вакцина алуға өз еркіммен шешім қабылдадым. Өйткені біз мектепте жұмыс істегендіктен, күн сайын балалармен, ата-аналармен бетпе-бет кездесеміз. Өзімді ғана емес, отбасымның, туған-туыстарымның денсаулығын да ойладым. Құдай сақтасын, ауру жұқтырып алып, ем іздегенше, алдын алып қойған жөн. Екпені көз жұма барып қойдыра салған жоқпын, құрамын да зерттедім. Дәрігерлердің айтқан сөздерін таразыладым, – дейді мектеп мұғалімі Анар Қадырбекқызы.
Екпе алған азаматтардың айтуынша, процедура басталмас бұрын дәрігерлер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Терапевт дәрігер пациенттердің денсаулығын мұқият тексеріп шығады. Ақ халаттылардың айтуынша, екпе егілген соң кейбір пациенттердің дене қызуы көтерілуі мүмкін. Кейбір жағдайда температура 39,2 градусқа дейін барады. Оған алаңдауға еш негіз жоқ. Ыстық көтерілген жағдайда дәрігердің берген рецепті бойынша дәрі-дәрмек қабылдап, дене температурасын қалыпқа келтіруге болады.
Абырой болғанда, осы уақытқа дейін екпе алғандардың ішінде денсаулығы нашарлап, дәрігердің көмегіне жүгінген ешкім жоқ. Бәрі сәтімен өтіп жатқан көрінеді. Бірінші вакцинасын алған азаматтар енді екінші компонентті алуға дайындалады.
Шығыс Қазақстан облысы