«2021 жыл – Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында Ұлттық академиялық кітапханада балалар жазушылары мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» атты кітап апталығы басталды.
Апталық аясында балалар ақын-жазушылары мен әдебиет зерттеушілері, жас оқырмандар арасында «Менің сүйікті кітабым» атты оқырмандар конференциясы өтті. Жас оқырмандар мен ақын-жазушылар ой бөлісіп, пікір алмасқан жиын жазушыларды көпшілікке таныту, балаларды кітап оқуға ынталандыру, балалар әдебиетіне ден қоя отырып, қоғамды оқу үдерісіне ілестіру және балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Сондай-ақ балалар жазушысы Жеңіс Қашқынов шығармашылығы таныстырылды. Іс-шараға жазушы Толымбек Әбдірайым, ақын, Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, ақын, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Әскерхан Ақтай, жазушы Ұларбек Дәлей секілді әдебиет өкілдері қатысып, бүгінгі балалар әдебиетінің даму қарқынын талқылады.