• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 06 Сәуір, 2021

Қазақстандықтардың қандай газет-журналды көбірек оқитыны белгілі болды

1409 рет
көрсетілді

2021 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша «Қазпошта»  АҚ арқылы Қазақ­станда газеттер мен журналдарға жа­зы­лудың жалпы көлемі 55,6 млн дананы құрады, деп хабарлайды Egemen.kz «Қазпоштаның» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Республикалық газеттердің үздік бестігіне «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Полиция KZ», «Қазақстан теміржолшысы» және «Ұйғыр авази» басылымдары кірді. Аймақтық көшбасшылар арасында  «Жетісу», «Ақтөбе», «Оңтүстік Қазақстан», «Аq Jol», «Орталық Қазақстан» газеттері бар.

Ел бойынша барлығы 170 рес­публикалық және 543 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 44%, өңірлік басылымдардың үлесі 54% құрады. Тираждың 2%-ы халықаралық мерзімді басы­лымдарға тиесілі. Қазақ­стандықтар «Қазпошта» АҚ арқылы еліміздің және Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттерінің 3 мың­­нан астам газет-журналдарына жазылу мүмкіндігіне ие.

Газеттер мен жур­налдарға жазылу ауылдарда көп тіркелген.  Жазылудың жалпы көлемінде  оның үлесі 71% құрайды. Ауыл тұр­­ғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді.

Жазылу бойын­ша Қазақстанның өңір­лері арасында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Жам­был облыс­тары көш бас­тап тұр.

«2020 жылдың қорытындысы бо­йынша жазылудың жалпы көлемі 90,3 млн дананы құ­рады. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығына жазылу 5 сәуір күні басталды. Жыл соңында көр­сеткіштер 25-30% өседі, бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу – жалпы әлемдік тренд екенін түсі­не­міз. Оны қазақстандық статистика да растайды», деді «Қазпошта» АҚ «Пошталық сервис» филиа­лы дирек­торы­ Нұржан Жабаев.

Қазірдің өзінде 2021 жылдың екінші жартыжылдығына жазылу бас­талып кетті. Барлық ниет білдірген тұрғындарға республикалық және аймақтық басылымдарға 25 маусымға дейін, шетелдік газет-журналға 10 маусымға дейін жазылуға мүмкіндік бар. Мерзімді баспасөзге жазылуды кез келген «Қазпошта» АҚ бөлім­шесінде ресімдеуге болады.