• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Сәуір, 2021

Данияр Кожан: Қазақты әлем таныса деймін

5009 рет
көрсетілді

Алты құрлықты аузына қаратқан Америка құрама штатынан жер жаһанға тарайтын «Freedom FM» радиосынан «Qazaq Time»  бағдарламасы ашылғанын бұған дейін сүйіншілеп жазған едік. Нью-Йорктан желіге шығатын радио аптасына бір мәрте қазақтың күмбірлі күйі мен әсем сазын, ұлттық құндылықтарын насихаттайтын хабар таратады. Осынау ақжолтай бастаманы қолға алған Нью-Йорк қаласында тұратын қазақ баласы  Данияр Кожан. Күні кеше Алматыға келген Даниярмен жүздесіп, әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Данияр, ең алдымен Америка аспанында қазақтың қоңыр үнін әлдилетіп, халқымызды әлемге танытып жүргеніңіз үшін алғыс білдіреміз.

– Рахмет, бұл мен үшін үлкен мәртебе! Себебі ұлтқа қызмет етуден биік  мұрат жоқ.

– Бәрекелді! Шынында бұрын-соңды мұндай бастама болмаған екен. Жобаны қалай жүзеге асырдыңыз?

– Бес жылдан бері Нью-Йорк қаласында тұрамын. Сол жерде түрлі салада қызмет еттім. Тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан алып  шаһарда көлік кептелегі күнделікті үйреншікті жайт. Тым құрығанда күнделікті екі сағатымыз жол үстінде өтеді. Бір күні жергілікті «Freedom FM» радиосынан Американы мекендейтін түрлі этностардың тіршілік ағысынан сыр шертетін хабарды құлағым шалды. Қытай, Түркия секілді елдердің тыныс-тіршілігін тыңдап отырып, неге біздің Қазақстанға арналған бағдарлама жоқ деген ойға келдім. Бұл ой маған тыным бермей, «Freedom FM» радиосының редакциясына жетелеп апарды. Өздеріңіз білетіндей, Америка тым алып мемлекет. Ол жақта жоспарыңды жүзеге асыру оңай емес. Шешінген судан тайынбас дегендей, белді бекем буып миллиондаған аудиториясы бар радио басшылығымен келісімге келдім. Айтуға оңай болғанымен, бұл мақсатым бірден жүзеге аса қойған жоқ. Десе де алған бетімнен қайтпадым. Әйтеуір, Алла сәтін салды. Әзірге әр аптаның дүйсенбісі күні тікелей эфирге шығып екі сағат бойы Қазақстан  туралы  хабарымды жүргіземін. Бағдарлама қазақ және орыс тілінде өрбиді. Дегенмен орыс тілінде басымырақ.

– Неліктен? Бағдарламаны бірыңғай қазақ тілінде жүргізуге болмады ма?

– Бірыңғай қазақ тілінде жүргізуге бірте-бірте қол жеткізерміз деп ойлаймын. Біріншіден «Freedom FM» радиосы орыс тілінде хабар тарататын толқын. Қазақта: «Есіктен ене салып, төр менікі деме» деген сөз бар. Сіз айтқан мақсатқа бірте-бірте жетерміз. Екінші жағынан Нью-Йоркты мекендейтін бауырлас ұлттардың бәрі де орыс тілінде еркін сөйлейді. Орыс тілі мен ағылшын тілі онда тұратын  10-15 мың қазақтың да өзара қарым-қатынас құралына айналған. Яғни аудиторияны баурау үшін де бұл тілге басымдық беріліп отыр. Ал негізінен бағдарлама барысында шырқалатын әндердің 95 пайызы қазақ тілінде. Сондай-ақ қазақтың күйлері, терме-толғаулары да тақырыпқа сай беріліп отырады. Бағдарлама барысында халқымыздың  мәйекті мақал-мәтелдерін қолданып, мемлекеттің жетістіктері, тарихи тұлғалары, өткені мен бүгіні туралы мазмұнды ақпараттарды қамтуға тырысамыз. Мұның өзі үлкен жетістік болып тұр. Себебі Америкада дүниенің төрт бұрышынан жиналған жүздеген, бәлки одан да көп ұлттар бар. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі қазақ елінен мүлде бейхабар. Ара-тұра қазақпын десең, «ее, борат па?» деп үрпие қарайтындарды да кездестіресіз. Ондайда қаның қараяды, амал жоқ іштен тынасың. Өйткені насихатталып жатқан дүние сол. Қазақстанға арналған радиохабар ашуыма түрткі болған бірден-бір жайт осы. Неге менің тегеурінді ұлтымды, бай мәдениетімді, рухани құндылықтарымды әлемге танытпасқа деген намыс көкірегімді кернеді. Себебі әлемдік кеңістіктен көз тастағанда біз кішкентай ғана халықпыз. Бұл күндері қазақ десең, Головкин, Димаш деп танып жататындар да бар. Қарапайым халық арасынан шыққан қазақ жігіті Иманбек арқылы да қаншама ел Қазақстанға қызығушылық тудырып отыр. Яғни, ұлтты әлемге әйгілейтін спортшылар, мәдениет майталмандары, ғалымдар. Менде ақпараттық-танымдық хабарым арқылы осыған үн қосуға бел байладым. Бір сөзбен айтқанда, «Qazaq Time»  бағдарламасының басты мақсаты Қазақстанды әлемге таныту. Әйтпесе, жеке басым үшін бағдарламадан қаржылай пайда тауып жатқаным шамалы.

– АҚШ секілді алпауыт елде медианарық тікелей қаржыға тәуелді екені айтпаса да түсінікті. Жобаны қаржыландыру жағы қалай жүзеге асып жатыр?

– Әрине, сөзіңіз орынды.  Ол жақта қаржысыз эфирдің бір минутын да бермейді. Әзірге бағдарламаның алты шығарылымы тыңдарманға жол тартып үлгерді. Роза Рымбаева, Данияр Елеусінов, Иманбек Зейкенов сияқты тағы басқа да танымал тұлғалар бағдарламамыздың қонағы болды.  Нақты айтпай-ақ қояйын, дегенмен бір бағдарламаның жарыққа шығуының өзіне қомақты қаражат керек. Осы тұрғыдан бізге қолдау ауадай керек болып тұр. Жарыққа шыққан алты хабардың таралуына кәсіпкер бауырымыз Альмурат Муратов бас-серіктес ретінде қаржылай демеушілік жасады. Басылымның мүмкіндігін пайдалана отырып, жүрегі елім деп соғатын патриот азаматқа алғысымды білдіргім келеді. Бағдарламаның алдағы болашағы қаржыға тәуелді болып тұр. Сондықтан атымтай азаматтар мен мемлекет тарапынан қолдау болса деген үмітіміз де жоқ емес. Өйткені бұл жеке бастың емес, түсінген адамға мемлекеттің имиджін қалыптастыратын жоба ғой. Аз уақыт ішінде Нью-Йоркта тұратын қандас бауырларымыз да бағдарламаны белсенді түрде тыңдап, бізбен кері байланыс барысында ризашылықтарын білдіріп жатыр.

– Біз де өз кезегінде жобаның өміршең болуын тілейміз. Жаңа бір ғана Нью-Йорк қаласының өзінде 10-15 мың қазақ тұрады дедік. Олардың өмір сүру салты, ауызбіршілігі қалай?

– Менің ойымда жүрген сауалды қойып отырсыз. Ол жақтағы қазақтардың көпшілігі жұмысбасты. Әркім өз отбасымен, өз бетінше өмір сүріп жатыр.  Біздің бағдарламаның тағы да бір көздегені соларды ынтымаққа ұйыстыру, ауызбіршілікке шақыру, патриотизммен ортақ мұратқа жұмылдыру. Олардың әрбірінің көңіл түкпірінде атамекенге деген сағыныш бар. Ортақ бірлік болса, сол сағыныштың оты одан сайын маздай түседі. Көпшілігі жұмыс барысымен мұнда келген болса, енді бір парасы мұхиттың арғы жағын тұрақты мекеніне айналдырғандар. Бағдарламамыз сеп болып, биылғы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай қазақтар болып, шағын құрылтай өткіздік. Ұйымдастыру ісінің басы-қасында өзім жүрдім. 200-ге тарта қандасымыз жиналды. Қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, ұлттық ойындарынан байқаулар өткіздік. Салт-дәстүрлерімізді жаңғырттық. Бөтен елде жүргенде бауырмалдық беки түседі екен. Басқосу барысында бауырларымыз осыны жақсы түсінді. Мәре-сәре болып, бір-бірімізге қол ұшын созуға, жиі бас қосып ұлттық дәстүрлерімізді жаңғыртып тұруға уағдаластық.

– Мұхиттың арғы жағында жүріп елдік мақсаттағы ауқымды бастамаларды қолға алып жүргеніңіз қуантады. Биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткер ретінде қатысып жатқаныңызды білеміз. Оқырманға өзіңіз туралы кеңірек мағлұмат бере кетсеңіз.

– 1987 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары. Қазақ гуманитарлық заң университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдадым. 17 жасымнан бастап шоу-бизнес саласында еңбекке араластым. Алматы қалалық Мәдениет басқармасында жұмыс істедім. Мәдениет саласында белгілі әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов ағамыздан көп дүниені үйрендім десем болады. Отандық телеарналардың бірінде тілшілік мектептен өттім. Яғни журналистика, сөз өнері маған бөтен емес. Жалпы журналистикаға мені ынталандырған оқиғаның бірі осыдан он шақты жыл бұрын елорда төрінде әлемдік бокс жұлдызы Майк Тайсоннан  алған сұқбатым. Ол кісімен күні бүгінге дейін хабарласып тұрамыз. Алдағы уақытта «Qazaq Time»  бағдарламасына сондай әлемдік ірі тұлғаларды шақырып, Қазақстан туралы жылы пікірін тыңдарманға жолдасақ деген ниетім бар. Менің тырнақтай еңбегімді елеген жандар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына үміткер ретінде ұсынған екен. Бұл мен үшін қуанышты жағдай. Сөз басында айтып өткенімдей, Тәуелсіз еліміздің игілігіне қызмет ету бәріміздің басты мұратымыз болуға тиіс.

– «Qazaq Time»  бағдарламасының бір санына америкалық полицей қазақ  Димаш Ниязовтың қонақ ретінде келгенін білеміз. Осы бағытта бір жоба әзірлеп жүргеніңізден хабарымыз бар. Өз аузыңыздан естісек.

– Димаш Ниязов бауырымыз Америка азаматы. 16 жылдан бері сонда тұрады. АҚШ-тың құқықтық құрылымындағы беделді полиция қызметкерлерінің бірі. Қазақтан шыққан америкалық полицейлердің алғашқысы деп айтсақ болады. Білуімізше бүгінгі таңда аталған елдің құқықтық құрылымында қаны қазақ бауырларымыз көптеп қызмет етіп жүр. Жуырда Димашпен бірлесе отырып жаңа жобаны жүзеге асырсақ деген ниетіміз бар. Америкалық полицейлер мен біздің қазақстандық полицейлер арасында бокс турнирін өткізуді ойға алдық. Бұл бір жағынан екі ел мамандарының арасындағы кәсіби тәжірибе алмасу болмақ. АҚШ-та полицияны халық өте жақсы көреді, кез келген уақытта оларға сенім артып қорғаушы періштесіндей құрмет көрсетеді. Ал Қазақстанда керісінше полицияны көрсе жұрт жиырыла қалатынын жақсы білеміз. Біздің жобамыз бұл бағытқа да оң септігін тигізіп, халықтың полицияға деген сенімін нығайтуға үлесін қосады деген үміттеміз. Қазір тиісті ведомствалармен келісім жүріп жатыр. Мұнда да Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуды басты бағдар ретінде нысанға алып отырмыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы