• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Коронавирус 06 Сәуір, 2021

Кім қанша вакцина алады?

409 рет
көрсетілді

Бүгінгі таңда әлем елдері вакцинаның 8,6 млрд дозасын алдыруға шарт жасасқан дейді АҚШ-тағы Дьюк университетінің зерттеушілері.

Пандемиямен күресте вакцина көмегіне жүгінуге әлемдегі елдердің барлығының бірдей шамасы келмей жатқаны аян. Оның ішінде әлеуеті осал кедей мемлекеттерге тіпті қиын тиіп жатыр.  Ал ЕО-ға мүше елдер мен АҚШ-тың шалымының қаншалықты екені бұл ретте де айқындалған. Сәуірге дейін AstraZeneca енді Vaxzevria деген атау алған вакцина 2,4 миллиард дозамен көштің басында тұрса, 1,5 миллиард дозамен Pfizer екінші орынға шыққан. Қытайдың Sinovac екпесі 480 миллион, ал біздің елде де вакцинациялау жүріп жатқан «Спутник V»-дің таралымы 303 миллион дозадан асыпты. Ғалымдардың пайымынша биыл дүниежүзіндегі вакцина шығаруды 12 миллиард доза көлемінде жүзеге асыруға болатындай.

Бай, қуатты мемлекеттер қазіргі күні 4 жарым миллиард дозаны алуға тапсырысын жасап, вакцина атаулының 53 пайызын аламыз десе, табысы орташа және орташадан төмен елдер 16-17 пайыз төңірегінде ғана сұраныс білдірген. Олардың ендігі үміті БҰҰ-ның жалпыға бірдей қолжетімділікті қолдайтын COVAX бағдарламасына қарап тұр.

Жекелеген мемлекеттердің тапсырысын саралай келсек, онда Еурокомиссия 27 елдің атынан 1,8 миллиард дозаға, АҚШ–1,2 миллиард дозаға, Африка одағы 680 миллион вакцинаға шарт жасапты.