Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өздеріне заңнамада жүктелген функциялардан тыс кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны не белгіленген қаржыландыру көздерінен басқа материалдық игіліктер мен артықшылықтар қабылдағаны үшін оларға айыппұл салынатын болады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары О.Бектенов айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мұндай заңсыз іс-әрекеттер үшін осы ұйымдардың басшыларына 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салу көзделген», деді ол.
Сондай-ақ, заңды тұлғалар ӘҚБтК аясында лауазымды тұлғаларға материалдық сыйақыны заңсыз бергені үшін сыбайлас жемқорлық бойынша жазалануы мүмкін. Бұл ретте айыппұл сомасы 700-ден 1500 АЕК-ке дейін түрленеді.
Ол сыбайлас жемқорлық үшін заңды тұлғалардың жауапкершілігі базалық халықаралық стандарт болып табылатынын атап өтті. Сондықтан осы бағыттағы жұмыс нәтижелері Қазақстанды ЭЫДҰ және ГРЕКО сарапшыларының бағалауы аясында өте маңызды болмақ.
Оның айтуынша, биыл күзде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың қазақстандық жүйесінің жоғары еуропалық стандарттарға сәйкестігін бағалау мақсатында Еуропа Кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) сарапшыларының елімізге алғашқы сапары жоспарланған.