• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2021

Сыр бойы «сары аймақтың» табалдырығында тұр

536 рет
көрсетілді

Соңғы көрсеткіштер Қызылорданың «жасылдан» тәуекелі орташа «сары аймақтың» табалдырығына таяп қалғандығын көрсетіп тұр. Күн сайын вирус жұқтыру қарқыны артып келеді. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова БАҚ өкілдерімен кездесуде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бесінші сәуірде бойынан індет белгісі білінгендер қатары тағы 34 адамға артқан. Олардың басым бөлігі COVID-19 инфекциясын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болғандар арасынан шығып отыр.

Оның тоғызы Қазалы ауданындағы «Өрімтал» балабақшасынан тіркелген.  Қазір ауру ошағында эпидемияға қарсы барлық іс-шаралар жүргізілді, қарым-қатынаста болғандар шеңбері анықталып, медициналық бақылауға алынды. Зерттеу жұмыстары жалғасуда, қажет болған жағдайда балабақша толығымен карантинге жабылуы мүмкін.

Коронавирустық инфекция «Сибу-Қызылорда» мекемесінің вахталық жұмысшылары арасында да тіркелді. Вирус жұқтырған бір адаммен байланыста болған 36 жұмысшы оқшауланып,  ПТР сынамалары алынды. Сынама тағы 10 жұмысшы дерт жұқтырғанын көрсетіп отыр. Қазір ауру ошағына айналған вахталық қалашық карантинге жабылып, қарым-қатынаста болғандардың барлығы медициналық бақылауға алынды.– Ұжымдарда вирус жұқтыру деректері жиілеп тұр. Сондықтан жұмыс берушілер санитариялық-эпидемиологиялық, дезинфекциялық талаптардың орындалуына жіті мән бергені жөн, – дейді облыстың бас санитары.