АБИДЖАН. 15 жастағы сенегалдық қыз Хадидиату Фолл қайтадан мектепке барғысы келеді. Коронавирус пандемиясына байланысты оның мектебі былтыр жыл бойы жабық болған-ды. Сабақ онлайн түрде өткенімен, ол мекендейтін кішігірім қала Руфисте интернет дұрыс ұстамайды. Сондықтан ол маңызды сабақтарды жиі өткізіп алады. Осылайша, білім алуға деген үмітінің күлі көкке ұшты.
Хадидиату – пандемия салдарынан білім ала алмаған миллиондаған африкалық оқушының бірі. Африканың көптеген елі коронавирус пандемиясын тоқтату үшін ерте қадамдар жасаған. Соның ішінде мектептерді жабу да бар. Африка Даму банкі (AfDB) Оксфордтағы бақылау деректерін пайдалана отырып жариялаған Африка экономикалық сараптамасына сүйенсек, құрлықтағы мемлекеттердің жартысына жуығы алғашқы науқас анықталғаннан кейінгі үш күн ішінде мектептерді жабу туралы шешім қабылдаған. Ал бір айдан кейін бәрі осы қадамға барды.
2020 жылғы 16 ақпан мен 1 желтоқсан аралығында Африкадағы мектептер орташа есеппен 100 күндей жабық болды. Кей елде шынайы көрсеткіш төмен екеніне қарамастан (Мадагаскарда, Бенинде және Замбияда 50 күннен аз), басқа мемлекеттерде әлдеқайда көп (Эфиопия мен Угандада мектеп 200 күннен аса уақытқа жабылды). Өңірлік тұрғыдан қарасақ, құрлықтың оңтүстігіндегі мектептердің жабылу мерзімі азырақ (85 күн), ал Шығыс Африкада ол көрсеткіш өте жоғары (137 күн).
Бақуатты елдерден айырмашылығы сол, Африканың көптеген мемлекеті мектептердегі оқу бағдарламаларын онлайн режімге жылдам ауыстыра алған жоқ. Кенияда интернетке қолжетімділік 83 пайызды құрағанымен, оқушылардың 80 пайызы кең жолақты интернеттің нашарлығы салдарынан онлайн-сабаққа қатыса алмады. Сондай-ақ оқушыларға интернетке қосылатын құрылғылар, мәселен смартфондар мен ноутбуктер жетіспеді. Сөйтіп онлайн сабаққа қатысуға мүмкіндік болмады. Тіпті қашықтан оқу сабақтары радио мен теледидар арқылы эфирге таралғанымен, электр энергиясының жоқтығы да қол байлады.
Соның салдарынан, былтырғы оқу жылында көптеген африкалық оқушы бүкіл тоқсанды текке өткізді. Табысы төмен елдердегі оқушы арасындағы білім беру саласының зардап шеккені таңғаларлық емес. Дүние жүзі бойынша пандемия салдарынан мектептердің жабылуынан туындайтын табыстың кему шығыны кедей елдердегі қазіргі ішкі жалпы өнімнің 43-61 пайызын құрады. Салыстырмалы түрде қарасақ, кірісі жоғары елдерде бұл 6-8 пайыз ғана.
Тіпті бір елдің ішіндегі жағдай да әртүрлі. Қазіргі таңда қыздар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан және шалғай аудандарда тұратын балалар секілді әлсіз топтағы оқушылар қатты зардап шегеді. Олар цифрлы қызметке қолы жетпейтіндіктен, интернетке қосылатын құрылғыларды сатып ала алмайтындықтан, көп жағдайда отбасы тіршілігіне араласу тауқыметін тартудан басқа амалы жоқ. Бұған мемлекеттік және жекеменшік мектептердегі айырмашылықты, оқу бағдарламаларын қаншалықты тиімді түрде онлайнға ауыстырғанын қосыңыз. Ендеше, білім берудегі, сайып келгенде, экономикалық теңсіздіктің күрт өсуіне қауіп жоғары.
Бірақ мектептердің ұзақ уақыт жабылуы одан да көп қауіп төндіреді. Мектепке бармаған кезде кедей және әлсіз топқа кіретін балалар мектептен тамақтанбайды. Бұл – олардың негізгі ас ішу орны. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 2020 жылдың сәуірінде мектептер жаппай жабылған кезде әлемдегі 369 миллионнан астам бала дұрыс тамақтанбай қалғанын хабарлады. Олардың қатарында Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен Африканың үкімет қолдауындағы мектептерінде оқитын, атап айтқанда Мысыр, Уганда және Оңтүстік Африкадағы 75 миллионнан астам бала бар.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының кейінгі деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Африкадағы 50 миллионнан астам оқушы әлі күнге дейін мектепте тамақтанбай жүр. Аталған балалар күні бойына ішетін жалғыз асын осы мектептен алады. Сондықтан олардың мектепке баруы өте маңызды. Бұл оқушылар бұрын мектептер ұсынатын денсаулық сақтау бойынша көмектен, тамақтанудан айырылды. Мектептен тыс жерде оларға мұндай көмекті ешкім көрсете алмайды.
Африкада тамақтанудың жеткіліксіздігі қазір ушығып тұр. Қазіргі таңда құрлықта онсыз да әлемдегі ең аз ас ішетін, тамақ жетіспейтіндердің үлесі өте жоғары. Әсіресе Оңтүстік және Шығыс Африкада жағдай күрделі. Онда тұрғындар климаттың өзгеруімен және шегірткелердің шабуылымен күресіп жатыр. Әйелдер айналысатын үй шаруашылықтары пандемия салдарынан жұмысынан айырылып, кірісі төмендеді. Ас-сусыз қалу қаупі де жоғары.
Төтенше түрде азық-түлік жеткізу тамақтанбай қалу қаупін азайтуға көмектеседі. Бірақ мектептердің ұзақ уақыт жабылуы салдарынан туындайтын адам капиталына теріс әсері мен теңсіздікке кедергі келтіре алмайды. Бұған жол бермес үшін мектептерді қайта ашу қажет.
Жаңаша шешімдер денсаулыққа тигізетін қауіпті барынша азайтуға көмектесе алады. Мәселен, әлеуметтік қашықтық, үлкен сыныптарды шағын топтарға бөлу, мұғалімдердің ауысып отыруы, қамтуды арттыру үшін қосымша қызметкер алу тиімді болар еді. Шағын сыныптар аптаның басқа уақытында оқуына мүмкіндік бар.
Мектептерді қауіпсіз түрде қайта ашуға мүмкіндігі жоқ мемлекеттерде саясаткерлер онлайн оқудағы кедергілерді жою үшін түрлі шара қабылдауы керек. AfDB есебінде көрсетілгендей, билік онлайн оқыту платформаларын тегін жасау мақсатында жеке интернет-провайдерлермен келісімге келгені жөн. Мүмкіндігінше Кения мен Оңтүстік Африкадағы секілді кедей студенттерге смартфондар немесе ноутбуктер бере алады.
Инновациялық, ұтқыр шешімдер мектептердің қайта ашылу қаупін азайтуға көмектеседі. Оларды жабық ұстау шығынды арттырады. Африка құрлығының өркендеуін қамтамасыз ету үшін адам капиталы қажет. Әсіресе Хадидиату секілді африкалық оқушыларға бұл өте маңызды.
Ханан МОРСИ,
Африка Даму банкінің Макроэкономикалық саясат, болжау және зерттеу департаментінің директоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org