Көргісі келмес қасақы біреу болмаса, бүгінгі Түркістанның кісі танымастай зәулімденіп, тарихи жәдігер шаһардың бір демде ақ шаңқан жаңа қалаға айналып, мүлде тың өріске шыққанын көрер еді. Ақ шаңқан үйлерге қарап отырып, Түркістанның осындай сәтке қалай жеткенін ойлайсың. Облыс орталығын қолмен құрып жатқан басшы, қосшы азаматтарға ризашылық айтқың келеді. Кейбір сәтіне өзің қатысқан, тағы бір сәттерді архив айғақтайтын қуанышты кезеңдер картинаға айналып, елес болып көз алдыңнан өтеді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Түркістанға қоныс аударып, жазушылық мақсатпен түртінектеп жүрген біздің жадымыз алдамаса, Елбасы 1992 жылы Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғыз Республикасы Президенті Асқар Ақаевпен осы жәдігер шаһарда кездесіп, ол тарихқа «Түркістан меморандумы» болып енді. Ұлт ұраншысы Шерхан Мұртаза Түркістанға бетбұрыс басталды деп бас басылымның айқара бетінде алақайлап жазды.
Расында «Түркістан меморандумынан» күткеніміз көп-ті. Елбасының «бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз» деген үні құлақта, құлақта емес-ау әлі жүрегімізде!
Елбасы Түркістанға бірде Қазақстан тәуелсіздігін жариялану бойында таныған бауырлас Түркия Республикасының сол кездегі Президенті – Тұрғыт Өзалмен, келесіде Сүлеймен Демирельмен жарасып бірге келді. Түркістанда Қ.А.Ясауи атын алып, Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды.
Түркістан ұғымы – ауыл мен қала арасындағы өзіміз аялай қарайтын аядай шарқы шаҺармен шектеліп қалмасы хақ. Ол – Қытай қорғанынан Дунай етегіне дейін керіліп жатқан кең алқап, бөрілі байрақты, байтақ ел. Талай көшпелі өмірді, талай кентті тіршілікті бастан кешкен, сан мәрте сұқ көз қадалған, жау сан мәрте жүрегін жаралаған, ерлікпен қайтарып алып, ұрпағы саялаған ұлы өлке, тұтас өңір!
Түркістан – V-VІІІ ғасырларда құрылып, даңқы дәуірлеп жайнаған, соңынан жаман көздің сұғы қадалып, ішкі алауыз араздықтан жайраған, ақырында бөлінгенді бөрі жейді болып, жаудың оғы жайпаған атақты Түрік қағанатынан талып жеткен түймедей көз!
Мағжан ақын жырлағандай тарихта тұрлаулы аты қалған – алып Тұран ойпатының тебендей тәбәрігі!
Биылғы саммитке орай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев орталығын Шорнақ етіп Сауран ауданын әдемі орайластыра құрды. Сол арқылы екі бірдей тарихи топонимді тірілтіп, қатарға қайта қосып отыр. Сауран және Шорнақ. Сауран – әріде тоқсан баулы Дешті Қыпшақтың (түркінің), беріде қазақтың астанасы. Ал Шорнақ түркінің бір бұтағы шор ұлт-ұлысына байланысты топоним. Бүгінде Ресейде 14-ақ мың шор ұлты тұрады. Қалғаны қайда? Қалғаны орта ғасырда осы Шорнақ елді мекенінде сүттей ұйып отырып, Османлы жеріне «енші алып», ауа көшіп кеткен. Сонда бастапқы түркі атауымен өсіп-өніп отыр. Отырар ауданының орталығы Шәуілдір де түркі тайпасы мекендеген көне қоныс. Сол тайпа атымен Шәуілдір (Шамалдар) аталып келеді. Ол да күллі түркі баласын ынтымаққа шақырып тұрған тарихи топоним!
Ал өзіміз қадірлей қарап, ардақтай тәу ететін Түркістан – «Түрік қағанаты» аталатын ұлы империя, ғажайып өркениеттен қалған, ұрпағынан жәрдем күтіп жәутеңдеген титімдей жәдігер! Қазақтың ғана емес, күллі түркінің тарихи алтын бесігі.
«Көп түрік енші алып тарасқанда, қазақта қалған қара шаңырақ...» (М.Жұмабайұлы) Түркістан – қазақ мемлекеттігінің астанасы!
«Алты Алашқа Кебе болған» (Мағжан) баба қаланы Елбасы да: «Түркістан – қазақ халқының ұлттық мемлекеттігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп», деп қастер тұтады (Ә.Кекілбайұлы). Бұлардың түрік еді арғы заты, Жаһанды тітіреткен салтанаты. Бұл күнде азып-тозып күлкі болған, Бұлар да сол түріктің жұрағаты, – деп жыр сұлтаны Сұлтанмахмұт жырлағандай, ойлауға қорқатын озбырлықтан ХХ ғасырға арып-ашып, жадап-жүдеп «киргиз» аталып жеткен қазақ халқы – ұлы Түріктің бір баласы. Түрік атына ие бола алмағанымен, түріктің кіндік қаласы – Түркістанға ие болып қалуы – Алла-тағаланың қазаққа бұйыртқан тағы бір несібі!
«Түрік кіндігі (орталығы) – Түркістан» (В.Бартольд), «Түрік тілінің мұрагері – қазақ тілі» (В.Радлов) аталатын себебі міне, осыдан! Анадолылық ағайындардан тартып күллі түркітектес, тілдес ұлт-ұлыстардың Түркістанды «Атажұрт» атайтын себебі де, міне осыдан!
Түркістанды ұмыттырмақ болып имансыз саясаткерлер талай-талай тәубасыз әрекетке барып бақты. Түркістан ұмытылған жоқ бірақ. Күлтегіннен беріде Түркістанның кезең-кезеңде қайта түлеуі атақты Есім хан, Абылай хан есімдерімен тығыз байланысты. Тәуелсіздікке бағзы күллі түрктің астанасы болып найқалған Түркістан жаугершілік кесір-кепиетінен шайқалып барып, жер бетінен жойылып кете жаздап, шаршап-шалдығып жеткен еді.
Орайында Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан бір тарихи істі атап өту – парыз. Ол – халықаралық өреде тойланған Түркістанның 1500 жылдық мерейтойы.
Бұл мерейтой да Елбасының ұлт тарихына адалдығынан туындап жатады. Әрине, Елбасы Түркістанды әуелі қазақ халқының бірыңғай көшпелі тіршілік кешпей, отырықшы болып, кентті тұрмыс жасаған, ғылым, білімді өрістеткен өркениет кепілі, төл рухани орталығы ретінде қарайды. Сонымен бірге Елбасы Түркістанды түркі халықтарымен тарихи тамыры бір екенін айғақтайтын «Түрік дүниесі рухани орталығы» ретінде кең қарап, кемел бағалаудан танған емес. Елбасы Түркістан тойын – Түркістанның тарихи теңдігін әперу, түрік дүниесінде алар орнын айқындау актісі ретінде қарады. Елбасы сөйлеген сөздеріне зейін қояр кісі Түркістан тойын әуел баста дара тойламай, Түрік қағанатының 1450 жылдығымен қос қатар атап өтуді ойлағанына көз жеткізер еді. Оны 1996 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттерінің Ташкент кездесуінде сөйлеген сөзінен де аңғарамыз.
О, сол тұстағы оянған отаншылдық рухты көрсеңіз. Бұрын көшеден бұрау тапса үйіне тартатын тұрғындар енді үйінен тапқанын алып шығып, барын аямай ортаға тастайтын әдет тапты. Түркістан тойы аса бір жоғары нотадағы отаншылдық салтанат болды. Әрине, қаланы көркейту қаржыға тіреледі. Ол кезде облыстың жылдық бюджеті 2 млрд теңге шамасында болуы керек. Аудан қаржысына ауыз тұшымайды. Түркістан тойына қаржы түсіру мақсатында облыс әкімі «Парыз» халықаралық қорын ұйымдастырды.
Маған сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев нақты тапсырма берді. Оңтүстіктен шыққан зиялылар тізімін түгендеу, олардың өмір-дерегін қысқа қайырып, бір мұқабада жинақтап кітап шығару. «Оңтүстік зиялылары» аталатын ғұмыр-деректік толымды кітап өмірге осылай аз уақыттың ішінде келді. Сол дайындық кезінде облыс әкімдеріне хат та жаздық.
«Парыз» қорына түскен қаржының ұзын-саны 2 млрд 300 млн теңгеге жетті. Облыс-облыстың қомақты жәрдемі болмаса, бір «Парыз» тұтас той шығынын қайдан тартып шықсын?! Арнайы «Парыз» қорына қаржы аударғаны өз алдына, облыс-облыс Түркістанға делегация болып келіп, алаңдар, аяқжолдар салып, шаһарды абаттандыруға кірісіп кетіп еді.
Тарих талқысында көп қиындық көре келе кеңестік кезеңде қалыптасқан қаланың жер үсті тарихынан жерасты тарихы қымбат. Түркістан жерасты – археологиялық алып ландшафт.
Мәдениет қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің жан салуымен жалпы адамзаттық құндылық тізіміне кірген, ЮНЕСКО бойынша қорғалатын Қ.А.Ясауи кесенесі тозып тұрды. Түркиялық «Вакиф Иншаат» фирмасы ортағасырлық алып ескерткішті қайта жаңғыртуға Елбасының пәрменімен кірісіп кеткен. Алайда ауа, жер (топырақ), су жағдайы ескерілмей жасалған жаңғыртуға көңілі толмаған Өзекең Алматыдан хабар жолдап, қоңыраулатады да жатады. Президентке де хат жазды. М.Жолдасбековке де хабарласты. Өзінің халі ауыр. Екі дүние арасында арпалысып жүріп те Өзекең мавзолей жайлы бір сәттік қате шешім мәңгілік қасіретке ұшыратуы бек мүмкін деп шырылдады. Мәдениет комитетінің төрағасы Дүйсен Қасейінов, «Қазқайтажаңғырту» негізін салушы Қанат Тұяқбаев екі күннің бірінде Түркістанға келеді. Туыс түріктердің фирмасы ұстанған методикаға көңілі толмаған тұста облыс әкімі Ташкенттің Мәдениет институтынан маман профессорлар шақыртып қояды...
ЮНЕСКО сарапшысы Шломит Карен Стайн, Сыртқы істер министрлігінің ЮНЕСКО бойынша өкілі Рустам Мұзафаров 1999 жылы Қ.А.Ясауи мавзолейінің қабырғасы қақырай бастағанын айтады. Мәдениет комитетінің төрағасы Д.Қасейіновпен өзара ақылдаса келе облыс әкімі қаланы қақ жарып өтетін Самара-Шымкент магистралды тас жолын қаланы айналып өтетіндей жолға айналдыруға пәрмен берді. 14,5 шақырымдық айналма жол жұрттан «жылу» жинай жүріп, солай тар кезеңде салынып еді.
Түркістанның шын жасы 1500 жылдан әрмен, шамамен 3 мың жыл дейді Рахманқұл Бердібай. Бір Рахманқұл емес, ел-елден, жер-жерден ғалымдар тарапынан осындай пікір жаңғырығып жатты. Әрі тарт та бері тарт әңгімелер шыға бастағанда облыс басшысы Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің басшысы, айтулы археология тұлғасы А.П.Деревянкомен жалғасып Қошқорған, Шоқтас археологиялық ландшафтын қазуды ұйымдастырды. Археологиялық халықаралық экспедиция А.П.Деревянко, Марсель Отт (Бельгия), В.Т.Петрин, А.Г.Рыбалко, Ж.Таймағамбетов, З.Исабеков құрамында іске кірісті. Түркістан тарихы жайында ғылымдағы әртүрлі көзқарасты біріздендіру мақсаты қолға алынды. Әлемнің әлденеше археологі тізе қоса қимылдап, жемісті жұмыс жүргізді. «Раннепалеолитические микроиндустриальные комплексы в травертинах Южного Казахстана» (Новосибирск 2000) аталатын аса құнды еңбек өмірге келді. Ол еңбекте Түркістанның табиғи жасы – 2500 жыл деп дәлелдейді әлемдік өредегі ғалымдар.
Жатаған үйлер жыпырлаған Түркістан инфрақұрылымнан «аман». Атымен жоқ десе де болады. Қаланың ажар-көркін ашып, сәулеттік салтанатына жаңаша сипат беру керек. Қуандық ақын жырлағандай, ақ шаңға бөгіп қалған көне шаһардың инфрақұрылымын жасау, сөйтіп ақшаңқан қалаға айналдыра жаңғырту ол кезде қиынның қиыны болды. «Әркім өз үйін ақтасын, қорасын жөндесін...» девизімен басталған қаланы көркейту жұмысы ерекше қарқын алды.
Бірақ Түркістан секілді қалаға барды ұсынықты ұстау, жамап-жасқап жөндеу аздық ететін еді. Қалаға үлкен құрылыстар, күрделі жөндеулер қажет. Басқасын былай қойып, ертең тойға келетін қонақтарды қабылдап, Түркістанда түсіретін қонақ үй де жоқ. Той жақындаған сайын қонақ үй салу бәсекеге айналды. Қалада жекеменшік қонақүй салушылар көбейді. Түркістанда оншақты қонақүй шаңырақ көтерді. Әлі де аз.
Қонақүй – Түркістан құрылысының бір парасы ғана. Мәдениет сарайы, театр, актерлер үйі, музей, кітапхана, достық каналы, стадион, сауықтыру кешені секілді құрылыстар жүріп берді. Бұрын бар құрылыстар қайта жаңғырта, жөнделді. Ауыз су мәселесі де күн тәртібінде болды. Ой, мәселе көп еді.
Түркістанды темір жол қақ жарып өтеді. Өмір өзегіндей күретамыр жолдың екі беті де халық. Осы екі жағалау аспа көпірдің жоқтығынан бір-біріне қиын қатысар еді. Түркістандықтар көптен армандап келген аспа көпір де тойға тартуға айналып өмірін бастады.
Насихат – өркениетті қоғам үшін басты байлық. Түркістан тойы тұсында әлем баспасөзі қозғалысқа түсті. Әлем баспасөзі арқылы Түркістан даңқы төрткүл дүниеге түгел тарады. Тойға дүние жүзінен баспасөз өкілдері келіп қатысты. Халықаралық баспасөздің демеуімен «Түркістан», «Түркістан салтанаты» секілді фотоальбом кітаптар еліміздің ішінде, тысында (Түркияда) жарық көрді. Есімхан алаңы, этносквер, сауда қалашығы бой көтере бастады.
Облыстағы Сырдария көпірі, Мәдениет жылына орай өнер адамдарына 224 пәтер беру, «Тау самалы» атап қазақ балалар артегін салу сияқты облыс бойынша ілкімді жұмыстар қос қабат жүріп жатады.
Тойға дайындықты бақылау үшін мемлекеттік инспекторлар келіп кетіп жүреді. Тойға дайындықты бақылау, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Парламент Спикерлері де ат шалдырып жатты, жанқиярлықпен жасалған жұмысты көріп, бағасын беріп отырды. Ағымдағы баспасөз бәрі-бәрін шежірелеп жазып жүрді. Ержұман Смайыл бастап, «Егемен Қазақстан» журналистері Түркістанда апталық өткізді.
Айта кетерлік бір жағдай, Президент аппаратының облысты бақылайтын сол кездегі инспекторы бірде Н.Ә.Назарбаевқа «Түркістан тойға дайын емес» деп ақпар беріпті. Көңіліне күдік ұялаған Елбасы Премьер-Министр Қ.К.Тоқаевтың өзін аттандырды.
Үкімет басшысы Түркістанға арнайы келді. Жасалған жұмысты көзбен көрді. Түркістанның 1500 жылдығына бағыттап жан алып, жан беріп жасап жатқан жұмыс алапат еді. Бәрін көзімен көрді.
Әрине, Премьер-Министр Түркістан мәселесімен бірнеше рет арнайы келді. Аралады. Жасалып жатқан істің барысын өз көзімен бақылады. Әсіресе, орта ғасырдың тамаша тарихи ескерткіші – Қ.А.Ясауи мавзолейі жайында келелі әңгіме айтқаны есімде. Түркістанның келешекте халықаралық өреде еліміз үшін үлкен міндет атқаратын қала екені қадап айтылғаны есте. Мәдениет комитетінің төрағасы, табиғатынан зиялы Дүйсен Қорабайұлына, «Қазқайтажаңғырту» басшысы Қанат Тұяқбаевқа білімдарлықпен сұрақ қойып, берілген жауапты тереңдете міндет жүктегені жадымда қалыпты. Одан кейін тойға жақындаған 2000 жылдың көктемінде сол кезгі Үкімет басшысы Қ.К.Тоқаев тағы да келді. Кейінгі келісінде Түркістан жайында алып-қашпа сөздердің болып жататынын, оның дұрыс еместігін айта келіп: «Түрік қағанатынан бері түріктерді сырт жау емес, ауыз бірлігінің жоқтығы ыдыратумен келді. Тәуелсіздік – соңғы мүмкіндік. Туған мүмкіндікті пайдаланып, түрік халықтары, ұлт-ұлыстары экономикалық, рухани интеграцияға бүгін келмесек, біржолата айырылып қалуымыз ғажап емес... Түркістан тойға дайын. Президентке соны жеткіземін» деп түйіндеді сөзін Қ.К.Тоқаев.
Не керек, сөйтіп Елбасы басшылығымен Түркістанның 1500 жылдық тойы өтті.
Түркістан тойы, егер, Қ.К.Тоқаев сынды әділеттен аттамайтын азамат адал пікірін айтпаса, сол сапарында жетістікті емес, кемшілікті тергіштеп барса, әлде қалай болар еді?! Түркістанның тойы кешігіп тойланар ма еді? Тіпті тойланбай қалар ма еді? Өйткені бұл той – тар кезеңде тойланбақ той еді. Қазақты ынтымаққа шақыратын, Түркістандай тарихы терең жәдігер шаһарымен мақтана білуге, тарихи құндылықтарды қадірлеуге шақыратын мемлекеттік шара еді. Өткенсіз бүгін жоқ. Ертеңнің іргесін бүгін қаламасаң – бәрі бекер. Енді міне, бүгін бүтіндей жаңарған, жасарған Түркістан түріктік биігіне көтеріліп отыр. Бұдан 21 жыл бұрынғы Түркістандағы қайнаған еңбек және отаншыл ұлы рухпен қол жеткен қарапайым той – түрік халықтары интеграциясына салынған алғашқы жол. Бүгінгі толассыз даму үстіндегі Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялаған түркітілдес мемлекет басшыларының бас қосуы – түркі халықтары ынтымақ бірлігінің жаңа белеңі! Сабақтастық!
Ынтымақты сабақтастық – даму, өсу-өркендеу кепілі! Тарих толқыны салдарынан сан рет тұрып, сан рет құлаған жәдігер шаһар – Түркістан сабақтастықтың арқасында кешеден бүгінге түлеп жетті, сабақтастық арқасында ертеңге түрленіп ғажайыптанып барады. Сабақтастық салтымыз түркі халықтары ынтымақ-бірлігіне бастайды бізді. Сабақтастық салтымыз аман тұрса, Түркістанға енді тоқтау жоқ. Түркі халықтары интеграциясынан (Саммиттен соң) соң, Түркістан – Түркі халықтарының рухани астанасына айналып түлейді!
Құлбек ЕРГӨБЕК