• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Сәуір, 2021

Раджандай батыр бар

1313 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылғанына биыл 30 жыл толатын ҰҚК Шекара қызметінің батылдық пен табандылық танытқан өз батырлары бар. 1994 жылдың қыркүйегінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Раджан Батырханов сол батырларымыздың көшін бастап тұр.

Осыдан 26 жыл бұрын 7 сә­уірде Ұлттық ұланның 17 жа­уынгері тәжік-ауған шекарасын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты. Бұл туралы бірнеше кітап жазылып, «Қазбат» атты фильм түсірілді. Тәжікстанның Ауған елімен шектескен Памир тауының Пшихавр шатқалында болған қарулы қақтығыс қазақстандық сарбаздардың соңғы демі қал­ғанша өз міндеттеріне адал бол­ғанын көрсетеді.

Тәжік-ауған шекарасында болған дәл осындай қақтығыс кезінде ҰҚК Шекара қызметінің сарбазы Р.Батырханов қаза тапқан еді. Бүгінде еліміздің шығыстағы шебінде батыр шекарашының атында шекара бөлімшесі бар. 1994 жылы «Шыңдығатай» деп аталған сол кездегі шекара заставасында өзінің Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жерінен өз еркімен тәжік-ауған шекарасына аттанған Раджан көрсеткен ерлік пен жанқиярлық үлгісі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Негізі 1993-2001 жылдар ара­­лығында қазақстандық ше­ка­рашылардың міндетіне тә­жік-ауған шекарасының 70 ша­қырымдық аумағын күзету жүк­телген болатын. Бұл – Калай-Хумб шекара отрядының «Мост», «Микрон», «Джавай», «Кев­рон», «Плато» және Висхар шат­қалындағы шекара посттары еді. Қазақстан Республикасы Жо­ғары Кеңесінің «ТМД-ның тәжік-ауған учаскесіндегі сырт­қы шекарасын қорғауды күшейту туралы» 1993 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына сәйкес, мұнда 2001 жылға дейін ҰҚК Шекара қыз­метінің 24 батальоны ауысты. Қо­лымыздағы мәлімет бойынша тоғыз мыңға тарта сардар мен сарбаз жауынгерлік тапсырманы орындады.

Шекараны қорғау кезінде батальон өзінің елуге тарта адамынан айырылған болатын. Ал ең алғашқы шайқас 1994 жылдың  28 қыркүйегінде 200 қарулы моджахед Хары ауданының аумағына шекараны бұзып кірмек болған кезде басталған еді. Олардың жо­лына 38 қазақстандық және ре­сейлік шекарашы қарсы тұрды. Кіші сержант Раджан Батырханов өзінің пулеметімен моджахед­терге оқ жаудыру арқылы өз бө­лімшесіне жауды тыл жағы­нан соғуға мүмкіндік жасайды. Алайда шекарашыларға кө­мек тым кеш жетеді де, ауыр жа­раланған Раджан лазаретке апара жатқан жолда қайтыс болды...

2007 жылы 15 желтоқсанда Душанбе қаласының Орталық саябағында қаза тапқан қазақ­стандық жауынгерлерге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болды. Мәрмәрдан соғылған кі­таптың ашық бетіне 35 қазақ­стандық батыр жауынгердің есімі алтынмен қашап жазылды.

Батырларымызды ұлықтауға арналған мұндай құрмет елі­міз­дің бірнеше қаласында да өз жалғасын тапқан. Атап айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қала­сының төріндегі «Отан-Ана» мону­ментінде Ерлік аллея­сы ашыл­са, Алматы және Шым­кент қалаларының әскери бөлім­де­рінде де ескерткіштер бой кө­терген.

 7 сәуір атаулы күні ҰҚК Шекара қызметінің «Застава тар­­­­ландары» республикалық қо­­­­ғамдық ұйымына қарасты Ал­маты қалалық филиалының ұй­ым­­дастыруымен, тәжік-ауған шекарасының ардагерлері Ал­маты облысы бойынша де­пар­таментінің Қарасай ауда­ны бойынша шекара басқар­масындағы Ерлік аллеясына барып, жат елдің шекарасында ерлік­пен қаза тапқандарға тағзым жасап, гүл шоқтарын қояды. Тәуелсіз елі­міздің шекарасын кү­­зетіп жүр­ген жас сарбаздарға ба­тыр­ларымыз туралы тамаша ес­теліктер айтады.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі