Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі санитарлық-эпидемиялық жағдай қаралды.
Еліміздегі қазіргі эпидемиялық жағдай, халықты вакциналау барысы және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин баяндады.
Вакциналау кабинеттері көбейтіледі
Республика бойынша вирустың репродуктивтілік көрсеткіші 1,16 құрайды. Инфекциялық төсектік орындар жүктемесі – 36%, реанимациялық төсектік орындар жүктемесі – 22%. Қазіргі уақытта COVID-19 таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақта» – Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстары, «сары аймақта» – Шымкент қаласы және Қарағанды облысы. Қалған өңірлер – «жасыл аймақта».
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, әлемде COVID-19 ауруы мен одан өлім-жітім бойынша жағдай шиеленісе түсуде. Бүгінгі күні әлемнің 221 елінде 130 млн-нан астам КВИ жағдайы тіркелген, аурушаңдықтың өсуі 0,5 деп бағалануда. 2,8 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,2%-ды құрады.
Қазақстанда осы жылдың 6 сәуіріне COVID-19 оң нәтижесімен 256 837 науқас және КВИ-мен 50 839 жағдай тіркелді. Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «қызыл аймақта» 7 өңір бар: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Атырау, Батыс Қазақстан, Алматы, Ақмола және Ақтөбе облыстары. Бұл ретте Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары «қызыл аймақта» 28 күн, Батыс Қазақстан облысы – 20 күн, Атырау облысы – соңғы екі апта, Ақтөбе және Алматы қалалары – соңғы апта, Ақмола облысы бір тәулік бойы тұр.
«Сары аймақта» 2 аймақ бар: Шымкент қаласы және Қарағанды облысы. Қалған 8 өңір «жасыл аймақта». «Наурыз айында ақпан айымен салыстырғанда сырқаттану 30%-ға өскенін атап өткім келеді, осылайша тәулігіне 1800-ге дейін жағдай тіркелді. Сәуірдің 5 күнінде 9 983 жағдай тіркелді, тәулігіне 2 мыңға дейін науқас тіркелуде. Аурудың өсуі британдық және оңтүстікафрикалық штамдардың айналымымен байланысты. Осыған байланысты өңірлердің әкімдері инфекциялық төсектік орындармен және МСАК мобильді бригадаларымен қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауы қажет», деді А.Цой.
Эпидемиялық ахуалды ескере отырып, сәуір айында тестілеудің тәуліктік саны тәулігіне 57 мың зерттеуге дейін артқаны байқалады, бұл зертханалардың қолда бар тәуліктік қуатының 50%-ын құрайды және ақпанмен салыстырғанда 1,6 есе артқаны байқалады. Биыл 6 сәуірдегі жағдай бойынша КВИ-мен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін республикада 28 730 төсектік орын қоры бар 275 инфекциялық стационар жұмылдырылды. Инфекциялық стационарлардың жүктемесі − 36%, реанимациялық стационарлардың жүктемесі 22 %-ды құрайды. Инфекциялық төсектік орындардың ең көп жүктемесі Батыс Қазақстан облысында, Нұр-Сұлтан қаласында, Алматы облысында, Алматы қаласында байқалады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша «британдық штамм» әлемнің 130 елінде, «оңтүстікафрикалық штамм» 80 елінде, ал «бразилиялық штамм» 45 елінде анықталды. «Жаңа мутацияларды анықтау мақсатында біз тұрақты негізде республика аумағында айналымда жүрген КВИ штамдарына генетикалық зерттеу жүргізудеміз. Мәселен, наурыз айында республика аумағында «британдық» және «оңтүстікафрикалық» штамдарының айналымы анықталды. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, британдық коронавирус нұсқасы бастапқы штамға қарағанда, ауруханаға жатқызу мен өлімнің жоғары ықтималдылығымен байланысты. Бразилиялық штамм бұдан қауіпті болып саналмайды, бірақ ол бастапқы COVID-19 штамына қарағанда тез таралады», деп түсіндірді А.Цой.
Сондай-ақ британдық коронавирус штамы өткен жылғы штаммен салыстырғанда 1,7 есе, оңтүстікафрикалық штам 1,5 есе және бразилиялық штамм 2 есе тез таралатыны анықталды. Сонымен қатар репродуктивтік санның өсуі 1,1-ден 1,9-ға дейін артуы мүмкін, бұл біртіндеп осы штамдардың үстемдігіне әкеледі. Үкімет 2020 жылдан бастап қабылдаған шектеу шаралары 6 ай ішінде жаңа вирустардың тасымалдануына жол бермеуге мүмкіндік бергенін атап өткен жөн. А.Цой жаңа штамдарға мониторинг жүргізу жалғасып жатқанын нақтылады.
Биыл 1 ақпаннан бастап КВИ-ге қарсы вакциналау науқаны жалғасуда. Бірінші сәуірден бастап вакциналауға жататын адамдардың санаттары кеңейтілді. Кестелерді жергілікті атқарушы органдар жасайды. «Бүгінгі таңда бірінші компонентпен – 194 706, екінші компонентпен – 72 110 азамат егілді. Республика бойынша 1000 тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 10,3 пайызды құрады» деді министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында сәуір айында 2 млн доза вакцина жеткізіледі деп күтілуде, бұл тиісті контингенттің 23,4%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Иммундау жоспарына сәйкес, өңірлерге вакциналарды жеткізудің көлемі мен мерзімі алдын ала анықталды. Өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанда бірінші жартыжылдықта вакциналардың 6 млн-нан астам дозасын қабылдау жоспарланып отыр, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді. Мұндай көлем КВИ-ға қарсы вакциналауға жататын контингентті және өтеусіз негізде егілуге ниет білдірген адамдар үшін қолжетімділігін барынша кеңейтуге жағдай туғызады.
Ведомство басшысы хабарлағандай, биыл ақпан айында ВАК шешімімен халықты COVID-19-ға қарсы иммундау жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Вакцинаны өндіру және жеткізу барлық GMP және GDP стандарттарын, сондай-ақ «суық тізбегін» сақтай отырып жүргізіледі. КВИ-ға қарсы вакциналау мәселелері бойынша 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. 600-ден астам вакциналау кабинеті, 800 мұздатқыш жабдық және 3 мың термоконтейнер дайындалды. Наурыз айының соңына дейін 300 мың азаматқа вакциналаудың қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, 11,3 млн шприц сатып алынды. «Жоғарыда айтылған қосымша вакциналарды жеткізу және егу пункттерін ашу қажеттілігімен қатар, біз тағы 14,5 млн бірлік шприц сатып алу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз» деді А.Цой.
Эпидемияға қарсы күрес пен іскерлік белсенділікті сақтау арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында елде цифрлы технологиялар белсенді енгізілетін болады. Атап айтқанда, вакциналанған тұлғаларды есепке алу және мониторинг жүргізу үшін әзірленген «Ковидке қарсы паспорт»; жұмыс істеп тұрған бизнес субъектілерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және тыйым салынған қызмет түрлерін қайта бастау үшін Ashyq жобасын масштабтау және оны «Ковидке қарсы паспортпен» кіріктіру; мониторинг топтарының жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін ұялы операторлардың иесіздендірілген деректері негізінде «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталары» енгізіледі. Сондай-ақ төсектік орын қорының жүктеме деңгейлеріне баса назар аударыла отырып, елдегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасының қосымша өлшемшарттары дайындалып, ВАК-тың бекітуіне ұсынылатын болады.
Қыркүйекте вакцина салынғандар саны 10 млн адамға жетеді
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет тарапынан халықтың сырқаттанушылық деңгейін төмендету мен вакцина алғандардың санын арттыру жөнінде жедел шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Биылғы сәуір айынан бастап өңірлерде ай сайын 2 млн адамды вакциналау қамтамасыз етіледі. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау бойынша нақты жоспар дайындады. «Қыркүйек айында вакциналауға жататын 10 млн адамға вакцина салуды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін ұжымдық иммунитеттің жинақтаушы әсері күтіледі» деді А. Мамин.
Ауруханаларда дәрі-дәрмектердің бір айлық қоры бар, ал «СҚ-Фармация» қоймаларында және дәріханаларда 2 айлық қор жасалды. Сонымен қатар барлық өңірлерде дәрі-дәрмектер, жеке қорғаныс құралдары мен шприцтері бар 3 айлық тұрақтандыру қорлары құрылды. «Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық тапсырмасын орындау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде» деді А.Мамин.
Премьер-Министр Денсаулық сақтау министрлігіне, әкімдіктерге «қызыл аймақтағы» өңірлерде вакцина алатындардың санын арттыру бойынша шаралар қабылдауды және қабылданған жоспарға сәйкес вакцинаны жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп вакциналаудың маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу тапсырылды. Денсаулық сақтау, Цифрландыру, Ішкі істер министрліктеріне, «Атамекен» ҰКП, өңірлердің әкімдіктеріне осы жылдың сәуір айының соңына дейін бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіру және эпидемияға қарсы шараларды жүргізу үшін «адамдардың шоғырлану орындарын анықтау карталарын» енгізу мен мобильді мониторингтеу топтарының тиімділігін жақсарту мақсатында барлық өңірге Ashyq жобасын кезең-кезеңімен енгізу тапсырылды.
6 мың шақырым жол салынып, жөнделеді
Үкімет отырысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға қарай 12 мың шақырым жолды реконструкциялау және 27 мың шақырым жергілікті автожол желісін жөндеу бойынша ауқымды міндеттер қойылған. Биыл 1,2 мың км жол бойында көлік қозғалысын ашып, жалпы ұзындығы 6 мың км автомобиль жолдарын реконструкциялау, жөндеу және салу бойынша ірі жобаларды аяқтау керек. Талдықорған – Өскемен (768 км), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 км), Қалбатау – Майқапшағай (415 км) және т.б. ірі жобалар іске асырылады. Қызылорда – Жезқазған автожолының реконструкциясы жобасы жүзеге асырыла бастайды. Әкімдіктер 2,6 мың шақырым жергілікті автожолдарды салуды жоспарлап отыр. Жол бойындағы сервистің 125 жаңа нысанын салу көзделген. Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, жоспарланған жобалардың уақтылы іске қосылуын және биыл жыл соңына дейін бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Премьер-Министр биылғы жылдың соңына дейін реконструкцияланған учаскелерде «ақы төлеуді» өнеркәсіптік пайдалануға енгізе отырып, автомобиль жолдарын өзін өзі қамтамасыз етуге көшіру бойынша жұмысты аяқтау қажеттігін атап өтті, бұл автомобиль жолдарын нормативтік күйде күтіп-ұстауға мүмкіндік береді. Облыс әкімдіктеріне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жол бойындағы сервис объектілерін жаңғырту және оларды Ұлттық стандартқа сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды. «Қойылған міндеттерді іске асырудың тиімділігі аса маңызды. Барлық іс-шаралар белгіленген мерзімдерде аяқталуы тиіс», деді А.Мамин.