ІІМ Алматы академиясында «Қылмыстық сот төрелігінің үш буынды моделі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі» тақырыбында онлайн-байланыс форматта бірінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халықына жолдауында: «Өзгерістердің басты мақсаты – халықтың қауіпсіздігі мен әділеттілік, заңның бәрінен жоғары тұруын қамтамасыз ету» деген еді.
Осы орайда конференцияны Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев ашып: «Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлының тапсырмасын орындау үшін сотқа дейінгі тергеу саласында елеулі реформа жүргізіліп жатқанын, қылмыстық сот төрелігінің үш буынды моделін енгізу өзінің алғашқы нәтижесін бере бастады», деп атап өтті.Жыл басынан бері азаматтардың конституциялық құқықтарын және қылмыстық істерді тергеу мерзімдерін бұзу айтарлықтай азайды, сондай-ақ жаңа тәртіп енгізілгеннен бері прокурорлармен 52 мыңнан астам процессуалдық шешім келісілгенін, оның ішінде 22 мыңын – тоқтату, 10 мыңының – мерзімдерін тоқтату, 13 мыңын – күдікті деп тану, 7 мыңын – әрекеттердің біліктілігі туралы болды.
Жүргізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін жоғары халықаралық стандарттарға сай арттыру.
Конференцияның модераторлық тізгінін – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры атқарушы Директорының орынбасары И. Рогов ұстады.
Аталған конференцияда Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров құттықтау сөз сөйледі.
Cондай-ақ Конституциялық Кеңестің мүшесі Үнзила Шапақ, ҚР ІІМ жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы, профессор М.Қоғамов, ІІМ басшылығының, ҚР Жоғарғы Сотының, ҚР Бас прокуратурасының, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, Қазақстандық және халықаралық ұйымдар, сондай-ақ Қырғыстан, Ресей және Өзбекстан сарапшылары, басқа да отандық жетекші және шетелдік ғалымдар, сарапшылар, халықаралық ұйымдардың өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары баяндама жасады.
Аталған конференцияда Қылмыстық сот өндірісінің үш буынды моделі, ғылым мен практиканы интеграциялау шеңберінде сотқа дейінгі іс-жүргізу проблемаларын шешудің өзекті мәселелерін, ғылым мен практиканы интеграциялаудың, полиция академияларының ғылыми білім беру қызметі аясындағы позицияларын жетілдірудің, ведомстволық білім беру жүйесін оңтайландырудың, тәжірибеге бағытталған оқу бағдарламаларын және жаңа арнайы курстар мен пәндерді енгізудің өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.
Қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшуге байланысты мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақты бөлінген:
Полиция – қылмыстарды ашады, оған қатысы бар адамдарды анықтайды, әрі айғақтарды жинайды және бекітеді.
Прокуратура дәлеледемелерге баға береді, азаматтардың құқықтарын бұзудың жолын кеседі, сотта айыптауды қолдайды.
Сот – органдардың іс-әрекеттеріне шағымдарды қарайды және түпкілікті үкім шығаратындығы жөнінде айтылды.
«Халықаралық конференция – бұл ішкі істер органдарының жүйесі үшін өте маңызды оқиға болып саналады», дейді Академия бастығы, полиция полковнигі А.Сайтбеков. Жиын соңында ол сот төрелігінің үш буынды моделіне арналған бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары нәтиже бергенін баса айтты.