Барлық саланы дамыту мен ондағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін цифрлы нұсқаға көшу керек екенін сарапшылар жиі айтады. Міне, осындай ілгерілеу білім саласында да байқалады. Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу білім беру саласының тарихында алғаш рет биыл электронды форматта өтеді.
ҰБТ-ның жаңа форматы жайлы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова тестілеудің қалай өтетінін баяндауға арналған брифингте: «Білім және ғылым министрлігі білім саласын дамыту, сапаны арттыру мақсатында бірқатар шешім қабылдады. Соның ішінде ашықтықты, адалдықты қамтамасыз ететін цифрландыру процесіне көшкеніне де біраз уақыт болды. Осындай бағыттағы жұмыстардың бір көрінісі – биыл ҰБТ-ны электронды форматта өткізуді жоспарлап отырмыз», деді.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 2004 жылдан бері қағаз нұсқада өткізіліп келген еді. ҰБТ-ның нәтижесі бастапқы уақытта екі мәселенің шешімі болды. Біріншіден, мектеп бітіруші түлектерін қорытынды аттестаттау үшін қолданылса, екіншіден, жоғары оқу орындарына түсу үшін мемлекеттік білім беру грантын иелену мақсатында қолданылды. Бүгінде аттестат мектептегі қорытынды емтихандар негізінде беріледі, ал тестілеу тек мемлекеттік грант алуға және еліміздегі жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдеріне оқуға түсу үшін тапсырылады.
ҰБТ-ның жаңа форматы талапкерлер үшін қолайлы болмақ. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, тест тапсырушы тестілеудің өткізілетін орнын және уақытын өзі таңдай алады. «ҰБТ бұрынғыдай 10 күннің ішінде ғана емес, 3 ай бойы электронды форматта өткізіледі. Жаңа форматтағы тестілеудің ең ұтымды жері талапкер тестіні қашан, қай жерде өтетінін өзі таңдайды. Өзіне ыңғайлы күні мен уақытын таңдап, қолайлы жерде тапсырады. Сондай-ақ электронды ҰБТ тестіленушіге нәтижесін кешке дейін күтпей-ақ сол жерде алуына мүмкіндік береді. Ал тест нәтижесімен келіспеген жағдайда, тестіленуші сол сәтте-ақ, яғни 30 минут ішінде аппеляцияға өтініш беруге құқылы», деді Ә.Тойбаев.
Бұған дейін тестілеу қорытындысы ҰБТ өткізілген мекеменің хабарландыру тақтасында қағаз нұсқада жарияланды. Ондағы ақпаратты сонда жүрген кез келген адам көре алатын. Бұл тестіленушілердің жеке дерегін жариялаумен тең еді. Кейбір түлектерге өзінің нашар нәтижесі үшін сыныптастарының табалауына, төмендетуіне төзуге тура келетін. Енді электронды ҰБТ-ның қорытындысы тестіленушінің сайттағы жеке кабинетінде ғана сақтаулы болады.
Ал Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Дидар Смағұлов электронды ҰБТ-ның басты қағидасын түсіндірді. «Жаңа форматтағы тестілеу «бір тестіленуші – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша өткізіледі. Бұл дегеніміз – тестіленушінің компьютері бақылауда болады деген сөз. Яғни тестілеуді тапсыру процесі толығымен бейнежазбада сақталады. Электронды ҰБТ прокторинг жүйесімен өтеді. Аталған жүйе тестіленушінің тест тапсырмаларынан бөлек басқа парақшаны ашуына, түрлі сайтты қарауына жол бермейді. Сондай-ақ кез келген адам тестілеудің өткізілу барысын www.education.kz сайтынан көріп, бақылай алады», деді ол.