Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заң мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2015 жылғы бұйрығына сәйкес Қазақстанда балықтардың уылдырық шашуы және көбеюі кезеңінде балық аулауға шектеу енгізілетінін хабарлады.
«Бұл шаралар өте маңызды. Өйткені кейбір балық түрлерінің популяциясы едәуір азайып немесе мүлдем жойылып кетуі мүмкін. Мұндайға жол бермеу үшін су бассейндерінде балық аулау зиян тигізетін нақты күндер анықталады.
Мысалы, Арал-Сырдария бассейні бойынша Шардара су қоймасы су айлағынан 1 сәуір мен 20 мамыр аралығында, Түркістан облысы аумағындағы су айдындарында және Шардара су қоймасынан Қызылорда облысының әкімшілік шекарасына дейінгі Сырдария өзенінде 15 сәуір мен 31 мамырды қоса алғандағы аралықта балық аулауға тыйым салынды. Балқаш-Алакөл бассейні бойынша 15 сәуір мен 1 маусым аралығында, Қапшағай су қоймасында және оған құятын барлық өзен мен ағын суда 5 сәуір мен 20 мамыр аралығында балық аулауға шектеу қойылады», делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, Ертіс бассейні, Қарақастан бастап бірінші Батин шоқысына дейін Бұқтырма су қоймасының көл-өзен бөлігінде 16 сәуір мен 30 мамыр аралығында, Бұқтырма су қоймасының терең су бөлігінде бірінші Батин шоқысының басынан бастап, Бұқтырма ГЭС-не дейін 1 мамыр мен 15 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынды. Есіл бассейнінің су айдындарында шортан, аққайран және көксерке аулауға (аулауға, жинауға, дайындауға) 15 сәуірден 15 мамырға дейін, сазан (тұқы) 20 мамырдан 20 маусымға дейін, гаммарус 1 тамыздан 14 қыркүйекке дейін және басқа балық түрлерін аулауға шектеу қойылып отыр.
Сондай-ақ Нұра-Сарысу бассейнінде 20 сәуірден 20 мамырға дейін көксерке, 1 мамырдан 30 маусымға дейін сазан (тұқы) аулауға тыйым салынды. Тобыл-Торғай бассейнінің аумағында, атап айтқанда Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелдин аудандарының су айдындарында 20 наурыздан бастап 20 сәуірге дейін шортан, сазан (тұқы), табан, лай, көксерке аулауға 20 сәуірден бастап 30 мамырға дейін тыйым салынады.
Жайық-Каспий бассейні мен Қиғаш өзені бойынша 25 мамырдан бастап 31 тамызға дейін Каспий теңізінің қазақстандық секторының солтүстік бөлігінің су айдынында 1 сәуірден бастап 31 тамызға дейін Жайық және Қиғаш өзендерінің қосалқы су айдындарында балық аулауға шектеу қойылған. Сонымен қоса 1 наурыз бен 1 шілде аралығында Шу-Талас бассейнінің Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның салаларында балық аулауға тыйым салынады.