Қажығұмар Шабданұлының 6 томдық «Қылмыс» романы елімізде басылғаннан кейін ол да біздің әдебиетіміздің бір биігі деп айта бастадық. «Әттең-ай, тағы бір ұмтылсақ, бұл жазушының әлемдік әдебиеттегі орнын да бекітіп алар ма едік» деген өкініш ішімізде жатқанын несіне жасырамыз? «Ақсақалдың қолына су құйғам, шапанын көтеріп жүргем» дейтін Алмас Ахметбекұлымен осы жөнінде біраз ой бөліскен едік. Кездесуімізге жазушының қазір Алматыда тұратын қызы Жайнар Қажығұмарқызы да келді. Мен алдымен қырық жыл өмірі қапаста өткен қаламгердің түр-сипаты мен жүріс-тұрысы қандай болғанын сұрадым.
«1980 жылы біз университет бітіріп келгенде Қажығұмар Шәуешекте болатын, деді Алмас Ахметбекұлы оның түрі-басын көз алдына келтіре отырып. – Соңғы рет қамауға алынғанға дейін Шәуешек халқының жоғары деңгейіндегі дерліктей құрметіне ие болып жүрді. Партия жетекшілерінен бастап, қарапайым азаматтарына дейін ол кісіні Шәуешек халқының символы, Шәуешек мәдениетінің феномені ретінде сыйлады. Біз Қажекеңнің үйіне барам дегендерді ертіп барамыз, қашанда есігі ашық тұрады. Ол кезде «Қылмыс» романының екі кітабы 30 мың тиражбен шығып кеткен. Бүкіл әңгімесі, сұхбаты тек қана ұлттық мүдде мен ұлттық арман-мұрат қана болатын. Өзі орта бойлы, жұқа, аққұба кісі. Шашы ақ, қыр мұрынды, көзі өткір, келбетті, қаршығадай. Тап-таза киініп, тік жүреді. Адамдарға тік қарап сөйлейді. 1986 жылдың желтоқсанында «Кеңестік барлау қызметімен бірлесіп, Шыңжанда «Үміт» деген партия құрған, қазақтардың сеператистік бағыттағы қызметін ұйымдастырған» дейтін жаламен қамауға алынған. Содан кейін ол кісіні көрмедім.
– Ал ендеше, Жайнар, «көзімді ашып көргенім» дегендей, ол кісінің жарық дүниедегі жарығысың. Қажыағаңды біреуміз көрдік, біреуміз көрмедік, бет-бейнесін, болмыс-бітімін сен айтшы онда.
– Алмас ағамыз айтқандай, жұқалтаң келген кісі болатын, – деді Жайнар Қажығұмарқызы да іркілмей. – Орта бойлы, аққұба, шашы ақ, «студент кезімде-ақ ағарып кеткен» деп айтып отыратын, артына қарай қайыра тарайтын.
– Ұсталып кеткен кезі есіңде ме? – Түскі тамақ кезінде көп адам келіп, үйді ақтарып-төңкеріп, ешқайсымызбен сөйлестірмей алып кетті.
– «Шашын артына қарай тарайтын» дегеніңе қарағанда, түрмеде отырса да сәнқой болған ғой...
– Ол жағын жібермейтін енді. Кірпияз, әр нәрсеге ұқыпты. Өзінің кітап бөлмесіне кіріп кетсе, тамаққа шақырып алу қиын болатын. Есімде қалғаны, шешем екеуміз әр жылы тек абақтыға барып көре алатын едік. Бетпе-бет отырып, 20-30 минут сөйлесеміз. 15 жылдың 13 жылын Үрімжі түрмесінде өткізді. 2000 жылдары үйге қайтты. 6 жасымнан студент болғанға дейін әкемді жылына бір-екі рет қана көру маған да оңай емес. Жан азабын да, тән азабын да тартып, жетпістің жуан ортасына келгендегі еңкіш тартқан кезі көз алдымда тұрады да қояды.
– Еңбекқорлығы қалай еді? Жазуды қай кезде жазатын?
– Тұрмыста өте ұқыпты еді. Артық ұйқы, артық тамақтану деген жоқ. Гигиеналық тазалыққа өте қатты мән беретін. Алдына кітаптарын жайып тастайды, біреуіне тиісе алмаймыз, орнын ауыстыруға болмайды. Түрмеде жазғандарын қағаз қиықтарына жазған. Оны біз түрмеден алып шыққанбыз. Жазғандарын шиыршықтап орап, менің жеңіме салып жібереді. Бала деп мені тексермеуі мүмкін. Емін-еркін кіріп-шыға беремін. Үндемей алып шығамын. Бала болсам да өзімнің қулығым бар. Келген соң негізгі жұмысымыз сол қағаз қиықтарын реттеу болды. Анам қайтадан көшіріп жазды.
– Сол қағаз қиықтарындағы жазулар енді кітап болып шықты. Оның жайын Алмас Ахметбекұлы жақсы білетін болар. Алмас, кітаптың қалай басылып шығып жатқанынан хабардар ме едіңіз?
– Қытайда 3 томы шықты, 2 томы тарады. Үшіншісін баспадан жинап алып өртеп жіберді. Баспаханада істейтіндердің қолында мұқабасы жасалмаған, тек түптелгендері ғана кетіпті. Мұқабалап үлгермей, түптеліп жатқанда бұл кісі қамауға алынды.
– Қазақстанда 6 томдықты қалай шығардық?
– Шәуешектен шыққан жазушылар – бір шоғыр. Солардың ішінде ең үлкен прозаик деп осы кісі мен Қабдеш Жұмаділовті айтуға болады. Жазғандарының бәрін Қабдеш ағаға жіберген. Кейін Қабдеш ағамыз Шәуешектен келген біз секілді азаматтарға «мынаны не істейміз?» деді. Талғат Мамыр, Асқар Жакулин секілді бір топ азамат ұйымдасып, 6 томдық қолжазбаны түгел қайта тергізіп, Қабдеш ағамыз қайтадан редакциялап, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына өткізіп, ол жерде үш жылдай жатып, сосын Қабекең мемлекеттік бағдарламаға кіргізіп, 2009 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жанынан мемлекеттік тапсырыспен шығарылды. Көлемі жағынан 6 томдық роман қазақ әдебиетінде жоқ. Алты том бойы бірінші жақпен баяндайды. Бір кейіпкер сөйлеп отырады.
Осы алты томды оқып шыққаннан кейін Оразбек Сәрсенбаев ағамыз: «6 том – қазақ әдебиетінің аса ауқымды қазынасы. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолының» 4 томдығы қазақтың 50 жылдық тарихын Абай арқылы берсе, мына 6 томдық қазақ даласына қызылдар келгеннен бастап, тағы да 50 жылын қамтиды» деді.
– Кіріспесінде Қабдеш Жұмаділов: «Кеңес Одағында Сібір азап болса, Қытайда Тарым тозақ болды» дейді. Қане, алты томның әрқайсысында не жазылғанын таратып айтып берейікші.
– Бірінші томында Қазақстандағы аштықты және зұлматтан қашқан қазақтардың Шәуешекке, қытай жеріне қалай барғанын жазады. Екінші томында шекарадан ауып барған ағайынның сол жаққа қалай сіңгені, сондағы жанкештілігі суреттеледі. Үшінші томында Шыңжандағы қазақтардың ұлттық көтерілісі, Шығыс Түркістан республикасының құрылуы, кейін оның коалициялық үкіметке айналуы айтылады. Төртінші томында Шыңжанға қызыл өкіметтің келуі көрсетіледі. Бесінші томы бүкіл Қытайдағы кәмпескелеу, таптарға бөліну туралы болса, алтыншы томына Қытайда жүргізілген мәдениет төңкерісі арқау болады. Сонда бұл жиырмасыншы жылдан жетпісінші жылға дейінгі 50 жылдық тарих болып отыр.
– Ал неге «Қылмыс» деп аталған?
– Бас кейіпкер Биғабылда өмір сүруге деген құштарлық пен аяғымды тік басып, еңсемді көтеріп жүрсем деген талап қана бар. Бодан, кіріптар халықтың кез келген өкілі дұрыс өмір сүрем десе, сол – қылмыс. Өмір сүруінің өзі қылмыс. Бүкіл 6 томда айтайын деген ең басты өзегі осы. Ол кезде мен «Тарбағатай» деген журналда істеймін, Қажекеңмен сұхбаттасып жүрдім. Мына 6 томдағы оқиғаның 25 пайызы өзінің басынан өткен, төрттен үші менің жанымдағы адамдардың басынан өткен. Кітаптың барысы өмірде бар кейіпкерлерге құрылған. Тіпті жағымсыз кейіпкерлердің аты-жөніне дейін білеміз. Қажекең біздің ғана емес, 80-жылдардағы Шыңжандағы қазақ жастарының рухани жаңғыруының себепшісі болды. Романдағы кейіпкері қандай болса, өмірдегі жазушылығы да, тұрмыстағы сипаты да сондай болатын ол кісінің.
– Алты томдықты оқып шыққаннан кейін бір күлемін, бір ішімнен тынамын. Мынандай эпизоды бар: «Бұлар біздің үйде бәленбай жыл бұрын жоғалып кеткен ұршықты тауып алыпты. «Мынау ұршық сіздердікі емес пе?» деп артына тығып ұстап тұрып сұрады. Бұл солдаттар келгеннен кейін елдің жоғалып кеткен заттары өзінен-өзі табыла бастады. Бір күні біздің тезек кептіріп жатқанымызды көріп, «бұны не істейсіздер» деп сұрады. «Отқа жағамыз» дедік. Таңертең бірдеңе тарсылдайтын сияқты. Далаға шығып қарасақ, көшедегі тезектер біздің ауламызға тарсылдап жауып жатыр. Бұлар қандай жақсы әскер» дейді. Шығыс Түркістанды құлататын кезді қалай шынайы суреттеген десеңізші. Қысқаша айтқанда, шекараның арғы-бергі бетіндегі бар қазақтың басындағы қуғын-сүргіннің тарихы деуге болады.
– Бірде «Нешіншісін бітірдіңіз?» деп сұрадым. 3-томын аяқтаған екен. Әрі қарай жалғастырып өзі айтты. «Шығыс Түркістан Республикасының мүшелерін кеңестік ұшақпен құлатып, өлтіріп бітірдім. Біздің өкімет мүшелеріміз «Рахметжан Ысқақбек, Әбдікәрім Аббас, Дәлелхан Сүгірбай, осылар ұшақтан оқыстан құлады» деп халыққа естіртеді. Сонда халықтың арасынан: «Әй, өлтірді-ау, әй, түбіне жетті-ау» деп жоқтай бастайды. Сосын соларды белсенділерге сабатамын. Биғали да барып әлгілерді «коммунистерге жала жаппа» деп сабай бастайды» деп айтып берді.
– Жайнар жаңа анасы екеуінің жазушының қолжазбасын түрмеден қалай алып шыққандарын айтты. Үйде болғанда жазғандарын көшіріскен, қамауда жатқанда қолжазбасын алып шыққан. Осының бәрін істеген анасы қандай жан болғанын Жайнардың өзі айтсыншы, қане?
– Анамды батыр ана деуге болады. Есімі құжат бойынша Бақаш, бірақ бәрі Бақыш дейтін. Әкем тек жазумен отырады. Ішкі, сыртқы жұмыстар тек анамның мойнында. Мамандығы дәрігер еді. Маған қарайтын адам болмаған соң, ертерек зейнетке шықты. Үйде әкемнің бар жағдайын жасады.
– Қабдеш ағамыздың айтуынша, Қажығұмар Шабданұлы 40 жылдан астам түрмеде отырған. 20 жылдай Тарымда, 15 жылдай Үрімжіде, 10 жылдай үйқамақта. Сонда бұл кісілер қай кезде танысып жүр?
– 1978-79 жылдары Тарымнан ақталып шығып, Шәуешекке келеді. Үй-күйі жоқ, қарындасының үйінде тұрады. Сол кезде менің шешем 4 баламен жесір қалып отырған кезі екен. Яғни менің әкемнің інісі Әжіғұмардан жесір қалған. «Інімнің балаларын жетімсіретпеймін» деп, әмеңгерлік жолмен алады. Одан кейін мен өмірге келдім.
– Әлеке, ол анамызды сіз де көрген боларсыз?
– Иә, әрине. Сыпайы, биязы кісі. Қажекеңнің романдарындағы кейіпкерлердің әрекеттерін айтып, бәрімізді күлдіріп отыратын. Ешкімнің жанына тимей жұмсақ қана күліп әзілдейтін.
– Ол жақтағы үй-тұрмыс жағдайлары қалай болды?
– 1980 жылы келгеннен кейін бұл кісіні кәсіптік жазушы деп, мәдениет басқармасының штаттық кадры ретінде жалақысын беріп, үйінде отырғызып қойды. Сол кезде бетон үйдің 1-қабатынан 3 бөлмелі үй берді. Үй салып беретін болып, 100-200 шаршы метр үйге қаражаты бөлініп, енді құрылысы басталатын кезде бұл кісі тағы ұсталып кетті.
– Жайнар, алты том романның қаншасы бостандықта, қаншасы түрмеде жазылды, қаншасы үйқамақта жазылды?
– Алғашқы 3 томы бостандықта жазылған, қалған 3 томы түрмеде жазылды.
– Алмас, түрменің аты бәрібір түрме. Оның үстіне Қытайдағы жағдайды неше түрлі етіп төндіріп айтады. Сонда бұл кісі өліп қалмай қалай шыдаған, оны қойып қалай роман жазған?
– Екінші рет түрмеге түскенде бір топ адаммен Шәуешекте қамауға алынды. Шәуешек қаласының аппарат бастығы Майқан Жайсаңбай, содан соң Мырзағали Қайыңбай деген ақсақал, тағы да бір-екі кісі қоса қамалды. Бұларға тағылған айып – «Алашордашылардың мұрагерлері» делінді. Сонда түрме басшылығындағы қазақтар: «Бұл кісі біздің түрмеде өлмеу керек. Егер осы түрмеде өлсе, мына түрмені басқарып отырған қазақтардың бетіне шіркеу болады», деп өздері жиналыс ашады. Сағидолла деген дәрігер Қажекең қара жұмысқа шықпас үшін медициналық анықтамалар беріп, кеңдеу бөлмеге қалдырып, тамақтануына мән беріп, шамасы келгенше күтім жасаған.
– Өмірдегі болмыс-бітімін сіздерден әдейі сұрадым. Өйткені бұл кісінің жазушылығынан темірдей тәртіптің адамы екені көрінеді. Бір таңғалғаным, 6 том тұрмақ, 1 том жазғанның өзінде адам шатасады. Ал мына 6 томның ішінде кейіпкерлердің бірде-бірін шатастырмайды.
– 2-томдағы белсенділер 5-томда да әлі Қажығұмардың артына түсіп жүреді.
– 1-томдағы кейіпкерлер 2-3-томдарда да оралып отырады. Роман бір-бірінен үзіліп қалмайды.
– Біз үшін тағы бір кереметі – 30-жылдардан 70-жылдарға дейін 4 өкімет ауысып кетті. Сол 4 өкіметтің шығарған қаулы-қарарлары да еш жаңылмай, тарихи дәйек ретінде романға кіргізілген.
– Сондай ұқыпты, жинақы, тәртіпті адам болған екен-ау. Осыны бізге жеткізіп айтып берген, Жайнар, саған да, Алмас, саған да рахмет!
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК
P.S. Қажығұмарды елге әкелуге әрекет жасалмаған жоқ, жасалды. Қуанышты хабардың шетін естіп, күтіп отырдық. Бірақ «Қытай жағы бұлтартпас бір құжаттарды көрсетіпті» деген сыбыс шықты. Сол сыбыс хат ұйымдастырушылардың бірі болғандықтан біздің де құлағымызға жетті. Жоғарыдағы әңгімелерге қарағанда, соның жаны да бар сияқты. Қажығұмар басымен қалай тыныш отырады. Ол үлкен күрестің ішінде болған тәрізді. Ондай адамды Қытай өлсе жібере ме?!.
Қажығұмар Шабданұлының өзі де сондай тағдырлы адам, ол жазған «Қылмыс» романы да сондай тағдырлы шығарма. Өзі де күрескер адам, оның «Қылмыс» романы да сондай күрескер туынды. Тағдыры жағынан да, көркемдік жағынан да әлемдік әдебиетке керуендетіп жол тартатын бір шығарма болса, оны осы «Қылмыс» романы деп есептейміз.