Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің жинақтамасынан (гравюра және офорт) алынған туындылар көрерменді әлемдік мәдениеттің жауһар мұраларымен таныстырады. Музей қабырғасында салтанат құрған «XVI-XVII ғасырлардағы Еуропа графикасы» деп аталған көрмеден әлем таныған сурет саңлақтарының қолтаңбасын тамашалаудың таптырмас мүмкіндігі туып отыр.
Экспозицияға Германия, Франция және Нидерланд суретшілері Альбрехт Дюрер, Жак Калло, Рембрандт Ван Рейн, Антони Ватерло, Ян Ливенс сынды белгілі қылқалам шеберлерінің 100-ден астам туындысы қойылған. Жаһандық әлемді құру жолындағы бетбұрыс кезеңі деп аталған XVI-XVII ғасыр әлемдік тарихтың маңызды кезеңі саналады. Дәл сол кезеңнен бастап графиканың офорт деп аталатын түрі баспа графикасының танымдық, ғылыми және діни мазмұндағы суреттерін тарататын ыңғайлы әрі арзан құрал ретінде қолданыла бастады.
Көрмеге француз графика мектебінің XVII ғасырдағы көрнекті өкілі, өзінің замандас суретшілеріне, олардың арасында әйгілі Рембрандтқа елеулі ықпал жасаған Жак Каллоның (1592-1635) туындылары қойылды. Каллоның «Соғыстың кіші апаттары» (1632) және «Соғыстың үлкен апаттары» (1634) топтамалары француз әскерінің оның кіндік қаны тамған Лотарингиясын басып алған кездегі қайғылы көрінісінен туған. Оның композицияларынан зорлық-зомбылық пен соғысқа деген наразылық үні естіледі.
Экспозицияның негізгі бөлігін картиналары әлемдік бейнелеу өнерінде үздік түпнұсқа саналатын әйгілі голланд суретшісі Рембрандт Ван Рейннің (1606-1669) туындыларынан жасалған офорттар алады. Музейге әйгілі орыс коллекционері әрі суретшісі Н.Мосоловтың (1847-1914) коллекциясынан түскен бұл графикалық туындылар ұлы шебер жауһарларының ерекшеліктерін жеткізуде орындау шеберлігімен және асқан дәлдігімен дара тұр. Экспонаттардың арасынан Рембрандтың «Киелі отбасы» (1645), «Түнгі бақылау» (1642), «Адасқан ұлдың оралуы», «Даная» сынды белгілі картиналарының офорттарын көруге болады. Әсіресе, осы көрмеге қойылған туындылардың ішінен Рембрандтың «лейден» кезеңінде орындалған «Қайыршы» (1630) композициясы ерекше қызықтырады. «Адамның сыртқы келбетін түзетуге қанағаттанбайтын, бірақ оның ішкі жағдайын анықтауға тырысатын» (Е.Левитин) Рембрандттың көлемі шағын офорты туындыгердің суреткер ретінде жоғары шеберлігін көрсетеді.
Көрермен үшін ұлы голланд суретшісінің шығармашылығына арналған әр жылдардағы сирек кітап басылымдары да көрмеден орын алған. Экспозицияның аталған бөлімімен – Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің кітапхана қорындағы бірегей жинақтама аясында да танысуға болады.
АЛМАТЫ