«Ашығын айтуымыз керек, мемлекеттік органдарда әлі де болса формализм мен жайбасарлық кеңінен етек алып отыр. Азаматтарымыз өздерінің жергілікті деңгейдегі мәселелерімен орталық мемлекеттік органдарға жүгініп, Мемлекет басшысына шағымдануға мәжбүр. Әлеуметтік желілердің арқасында өңірлерде шешімін таппаған мәселелер бүкіл елге белгілі болып жатады», деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында. Шындық, жергілікті биліктен күдер үзген халық арыз-шағымын тікелей Президентке жолдағысы келеді. Болмаса, фото, бейне-жазбаларын әлеуметтік желіге салып, әділдік іздейді.
Жуырда Күршім ауданының тұрғыны ауылындағы «былықты» ұялы телефонының камерасына түсіріп алып, WhatsApp желісі арқылы таратқан. Фото, бейнежазба бұлтартпас айғақ дегендей, оларға қарап, Күршім ауылының сүреңсіз көрінісіне куә боласыз. Жолдың жағдайын айтпағанда, құлап жатқан қаша, жабық тұрған бассейн ғимараты, жаңа салынған сапасыз үйлер... Мұндай ауыл аз емес, әрине. Бірақ Күршім – шекара шебінде жатқан аудан орталығы. Естеріңізде болса, Шығыс Қазақстан облысында шекарадағы аудандар үшін 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспары бекітіліп, бірқатар жұмыс қолға алынған. Алайда жұмыс сапасы қадағалаусыз сияқты.
– Бір әкім келіп, ауылдың кіре берісіндегі арканы орнатса, екіншісі келіп, оны ауылдың ана басына көшірді. Бәйтеректі орнынан бірнеше рет қозғады. Оның бәрі қып-қызыл шығын. Жаңа тротуар саламыз деп, Күршімнің орталық көшесін 8 метрден 5 метрге тарылтып тастады. Жаңадан бассейн бой көтеріп еді, игілігін көріп отырған бір адам жоқ, жабық тұр, – дейді Күршім ауылының ақсақалы Нұрбек Байтұрсынов.
Рас, шекаралық аудандарды дамыту мақсатында Күршім ауылында қыруар қаржыға бассейн салынып, жыл басында салтанатты түрде ашылған болатын. Өкініштісі, әлі күнге жұмыс істемей тұр. Ауылдықтардың айтуынша, қандай да бір ақауы бар көрінеді. Күршім ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовтың сөзіне сүйенсек, бассейннің құрылысы толығымен аяқталған.
Ашылу салтанаты да болған. Бірақ шектеу шараларына байланысты өз жұмысын бастамай отыр. Елдегі жағдай оңалған соң бұл жаңа нысан 25 адамды жұмыспен қамтитын көрінеді. Демек, шектеуге байланысты жұмысын бастамаған екен. Олай болса, Өскемендегі спорт нысандарының есігі неге айқара ашық? Бір облыс, бір қаулы дегендей...
Күршім ауданының тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – Топтерек ауылының бас жағындағы көпір. Жіңішке бұлағынан өтетін ол өткелді жылда су шайып кетіп, ауылдықтардың жүріп-тұруына тұсау болады екен.
– Топтеректе 40-50 отбасы тұрады, бастауыш мектебі бар. Айтайын дегенім, ауыл үшін өте маңызды жалғыз көпірді жылда көктемде су алып кетеді. Мықтап, кең көпір салып қоюға болар еді. Жолдың үсті шұрық-тесік. Оны өзіміз тас төгіп жөндеген боламыз, – дейді Топтеректің тұрғыны Нұрлыбек Мұқанов.
Бұл сұрақты да аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовқа жеткіздік. Оның сөзіне сенсек, былтыр бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті мекеме Топтерекке қажетті көпірді салып берген екен. Көпір мәселесі шешілді дегенімен, Барақ батыр ауылындағы ауыз су құбырын төсеп жатқан KazContraction компаниясы жүктелген жұмысқа салғырт қараған. Талап бойынша құбырлардың астына құмды төсеніш салмаған, бетін шоғыр-шоғыр таспен жапқан. Ауыл ақсақалы Нұрбек Байтұрсынов айтқандай, 480 млн теңге қаржы жұмсалған ауыз судың да пайдасын ешкім көріп отырған жоқ. Боран мен Маралды ауылдарына дәл осындай салғырттықпен су тартылып, қазынаның қаржысы ауаға шашылыпты. Оның үстіне әр аулада құдығы бар Барақ батырдың халқы ауыз суға аса зәру емес секілді. Айтқандай, Барақ батыр ауылына су тартпақ болған мердігердің жұмысқа жауапсыздықпен қарағанын аудан басшылығы да жоққа шығарып отырған жоқ. Кемшіліктер орын алғандықтан аталған компаниямен келісімшартты үзуден басқа амал қалмаған сыңайлы. Ал жобалық-сметалық жоспар бойынша, нысан 2021 жылы аяқталуы тиіс.
– Аудан үшін маңызы жоқ дүние жасағанша, пайдалы нысан неге салмайды?! Мысалы, сүт қабылдау цехын қайта жандандыруға болар еді. Сиыр сауып отырған ел аз емес. Цех ашылса, сүт тапсырып, нәпақа таппай ма ел?! Облыс орталығындағы кәсіпорындар үнемі сүттің жеткіліксіздігін айтады. Соларға да сеп болар еді, – дейді аудан тұрғыны Талғат Ақшағанов.
Ауданға шын жанашыр Нұрбек Байтұрсынов, Талғат Ақшағанов, Табыс Кәңгілда, Нұрзада Қатай, Жақсылық Әли, Ержан Ахмадиев сынды бір топ тұрғын ауылдың дәл іргесінде бой көтерген асфальт зауытының құрылысына да жазбаша түрде қарсылық білдірген. Себебі зауыттан будақтаған қара түтін ауылды зиянды қалдықтарымен ластауы мүмкін.
– Біз зауыттың салынуына қарсымыз. Ауылдық жерде тұрып, зиянды ауамен тыныстағымыз келмейді. Ертең балалардың денсаулығы не болмақ?! Елді мекеннен алыс апарып салса, еш қарсылық жоқ. Аудан басшылығы біздің бір ауыз пікірімізбен санасады деп ойлаймын, – дейді күміс алқа ана Нұрзада Қатай.
Асфальт зауытын салу мақсатында «ОблШығысЖол» ЖШС өкілдері аудан әкімдігіне бос жер беру туралы өтініш білдірген. Зауыт салмақ болған жерден әкімдік бас тартуға заңды түрде негіз жоқ болғандықтан келісімдерін беріпті. Аудан әкімінің орынбасары Е.Шораяқовтың айтуынша, қоғамдық тыңдауда кейбіреу қарсылық білдіргенімен, нысан құрылысы басталып кеткен.
– Қоғамдық тыңдауға көбі келмеді. Бәрі шешілген соң экологияға, қоршаған ортаға зияны бар дегендей мәтінде қарсылықтарын білдіріп хат жазған, – дейді Е.Шораяқов.
Аудан тұрғындарының зауыт құрылысына қатысты қарсы пікір білдірген хаттары «жау кеткен соң қылышты тасқа шабудың» кейпін кимесе болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап көрсеткендей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына Күршім ауданының басшылығы көз жұма қарамайды деп сенейік.
Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы