• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Медицина 09 Сәуір, 2021

Дәрігерлерге үстемеақы төленбейді

241 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанның дәрігерлері ынталандыру үстемеақысын толық ала алмай жүрген соң заңгердің көмегіне жүгінген. Жедел жәрдем қызметкерлерінің құқығын қорғаумен айналысатын адвокаттың айтуынша, үстемеақы сомасы 70 млрд теңгеге жеткен.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков мемлекеттің ешкімге берешегі жоқ екенін айтып ақталды. Бірақ аты жаман індет елімізге енгелі жедел жәрдем стансасының қызметкерлерінен маза кеткен. Күн-түн демей, алдыңғы шепте аурумен бетпе-бет келетін де солар еді.

– Бізге ай сайын 425 мың теңге төлеу керек болған. Өкінішке қарай, ондай қаражат алып отырғанымыз жоқ. 10-20 пайызын ғана төледі. Былтыр жаз айларында тыным таппай еңбек етсек те үстемеақыдан қағылып қалдық, – дейді жедел жәрдем қызметкері Дархан Есжанов.

Тиісті деген үстемеақыларын ала алмай жүрген дәрігерлер облыстың аудандарында да аз емес. Қайда барып, шағым айтарын білмей жүргендер де жеткілікті. Жалпы алғанда, әділдік іздеген 300-ден астам ақ халатты адвокаттың көмегіне жүгінген. Оның ішінде Семей мен Риддер қалаларының да дәрігерлері бар. Адвокат Елена Сухованың айтуынша, дәрігерлерге деген берешек өте ауқымды.

– Үстемеақының мөлшерін шамалап есептегеннің өзінде 70 млрд теңгеге шығып тұр. Оның өзінде, біз тек Шығыс Қазақстандағы жедел жәрдем стансасының қызметкерлеріне деген қарызды есептей алдық, – дейді Елена Сухова.

Ал денсаулық сақтау басқармасының басшысы медицина қызметкерлері мен адвокаттың айтқан уәждерін жоққа шығарып отыр. Яғни ешқандай қарыздың жоқтығын айтады.

– Мен Өскемендегі жедел жәрдем стансасының қызметкерлері тиісті жәрдемақы мен төлемдерін ала алмады деген ақпаратты жоққа шығарғым келеді. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық қызметкерлерге тиесілі барлық қызметі өтемақы төлемдерін төледі. 2020 жыл мен 2021 жылдың қаңтар-ақпан айлары да толығымен жабылды. Бүкіл Қазақстанның дәрігерлеріне бір Жарлық бойынша төленеді. Заң бәріне бірдей. Үкіметтің қаулысы, Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бар. Барлық төлемді ашық түрде көре аласыздар. Қарыз жоқ, – дейді нық сеніммен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Ғалымжан Әбілов өңір дәрігерлерімен бірнеше рет кездесу өткізіп, тиесілі жәрдемақыны есептеу бо­йынша түсініктемелер берілгенін айтады. Тек 2020 жылы медициналық қызметкерлерге берілген төлемдер сомасы 8 млрд теңгені құраған.

– 2021 жылдың қаңтар-ақпан айлары бойынша жедел жәрдем қызметкерлеріне барлық төлем берілді. Бізге ұйымнан әлі наурыз айына өтініштер түскен жоқ. Бақылау жүргізіліп, бәрі есептеліп жатыр. Төлемдер бойынша комиссияға өтініш түскен соң қаражат операторы хаттамаға сәйкес тиісті төлемдерді жүзеге асырады. Әр айдың онына дейін төлем жасаймыз. Төлемдерді кешіктірген емеспіз. Дәл қазір ешқандай қарыз жоқ, – деді Ғ.Әбілов.

Айта кетейік, алдағы уақытта Әлеуметтік сақтандыру қоры филиалының мамандары медицина қызметкерлеріне 2020 жылдың және 2021 жылдың бірінші тоқсанында қанша қызметкерге, қанша жедел жәрдем бригадасына аударған қаражаты туралы бүге-шігесіне дейін барлық есепті ұсынатын болады.

 

Шығыс Қазақстан облысы