Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өңірдегі тасқын қаупі бар аймақтарды, су қоймаларындағы ахуалды әуеден зерттеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірде күн жылынып, көктем күшіне толық енді. Қазір облыстық төтенше жағдайлар департаменті күн сайын облыстағы су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіп отыр. Соның ішінде су тасқыны қаупі бар учаскелерге тұрақты бақылау орнатылған. Мамандар көп жылғы тәжірибеге сүйеніп және биылғы жағдайды саралап, су тасқыны қаупі бар учаскелер тізбесін жасаған. Осы тізім негізінде ықтимал су тасқыны нүктелерін картада белгілей отырып, аэровизуалды тексеру маршруты жасалған болатын. Жақында департамент басшылығы тиісті мамандармен бірге Теректі, Бөрлі және Шыңғырлау аудандары аумағын әуеден бақылап қайтты.
Ұшу барысында аталған аудандар аумағындағы қар жамылғысы, Жайық, Шыңғырлау, Қайыңды, Елек, Ащы өзендерінің бассейндеріндегі ықтимал тасқын су мөлшері, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйі зерттеліп, мониторинг жүргізілді. Қардың ең көп жері – Шыңғырлау ауданы екен.
- Сапар барысында аудандық маңызы бар жолдар, олардың қауіпті бөліктері, көктемгі судың көп мөлшері жиналған жерлер анықталды. Халықтың тұрғын жайлары мен көлік қатынасының қауіпсіздігі басты назарда болады, - деді департаменттің баспасөз хатшысы Бәкизат Мағзенова.
Осы зерттеудің нәтижесінде департамент басшылығы Қазталов ауданына қарасты Қайыңды ауылы маңындағы Қайыңды өзенінде қалыптасқан ықтимал қауіпті байқап, жергілікті әкімдікке ескертті. Сөйтіп, әкімдік қызметкерлерімен бірге өзенге жерден зерттеу жүргізді. Бақылау барысында елдімекенді су басуына жол бермеу және Қайыңды өзенінің су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу туралы келісілген шешім қабылданды.
«Өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты және облыстық су тасқынына қарсы штабтың тұрақты бақылауында» дейді төтеншеліктер.