• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 10 Сәуір, 2021

Нұрсұлтан Тұрсынов Алматыдағы турнирдің жеңімпазы атанды

494 рет
көрсетілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында грек-рим күресінен Азия құрлығы бойынша өткен Олимпия ойындарының лицензиялық турнирі аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz

Кеше грек-рим күресі шеберлері боз кілемге шықты. Осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында Олимпиаданың алғашқы жолдамалары сарапқа салынған болатын. Сол жарыста 60 кило салмақтағы Мейрамбек Айнағұлов пен 77 кило салмақтағы Асхат Ділмұхамедов Күн шығыс еліне сапар шегетіндердің санатына қосылған еді. Келесі іріктеу сынын Алматы қабылдады. Өз елімізде өтіп жатқан жарыста қалған төрт жолдаманы иелену үшін біздің балуандар барын салады деп үміттендік. Бірақ үкілі үмітіміз ақталмады. 67 кило салмақта белдескен Мейіржан Шермаханбет шешуші сында шабысынан жаңылды. Әлем чемпионатының қола жүлдегері деген атағы бар қандасымыз есімі көпшілікке беймәлім қырғызстандық балуан Марлен Асикеевтен ойсырай ұтылды. Есеп – 2:8. 97 кило салмақтағы Олжас Сырлыбай мен Оңтүстік Кореяның өкілі Сейол Ли арасындағы сайыста тең есеп тіркелді – 1:1. Ереже бойынша қос балуан тең түскен жағадайда соңғы ұпайды кім алса, жеңіс соның еншісіне жазылады. Бұл ретте Лидің бағы жанды. Аса ауыр салмақта Георгий Цурцумия айқасты. Жасы 40-тан асқан ардагер балуанның үлкен спорттан қол үзгеніне 13 жыл болды. 2004 жылы оның Афины Олимпиадасында күміс медальді иеленгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Одан бөлек, Цурцумияның әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, құрлықтың төрт дүркін чемпионы деген атақтары тағы бар. Арада 17 жыл өткеннен соң ол қайта Олимпия ойындарында күш сынасуды мақсат тұтты. Бірақ жалынды жастар сақа спортшыға ондай мүмкіндік бермеді. Алғашында кореялық Минсок Кимнен, көп ұзамай қытайлық Линдзе Менгтен ұтылған Георгий жарыс жолынан шығып қалды. Осылайша, үш балуанымыз Алаш топырағында өткен жарыста өз жанкүйерлерін жерге қаратты. Жерлестеріміздің арасынан Нұрсұлтан Тұрсыновтың ғана жолы болды. Ширек финалда ол жапониялық Масато Сумимен шеберлік байқасты. Бәсеке барысында 0:3 есебімен ұтылып жатқан қазақ жігіті екінші кезеңді жеңісті қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Жартылай финалдық сайыста да жоғарыдағы жағдай айна-қатесіз қайталанды. Үзіліске дейін Сушил Құмар қандасымыздан ұш ұпай озып тұрды. Бұл жағдай Нұрсұлтанның жігерін жасыта алған жоқ. Екінші кезеңде Үнді елінің өкілін төрттағаннан жұлып алған ол оңтайлы әдісін жүзеге асырды. Нәтижесінде 9:5 есебімен жеңіске жеткен Тұрсынов Токиоға баратындардың тізіміне қосылды. Финалда қытайлық Фей Пенг боз кілемге шығудан бас тартты. Осылайша, Нұрсұлтан Тұрсынов Олимпиада жолдамасымен қоса, алтын меадльді жеңіп алды.