Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мың сан игі бастамаға мұрындық болды.
Бұған осы бағдарлама басталғалы өткен төрт жыл ішінде бір ғана Батыс Қазақстан облысында атқарылған істерге шолу жасап, көз жеткізуге болады. Ең қуаныштысы, бұл жұмыстың басым көпшілігі халықтың өз күшімен, еріктілер мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асты. Бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығару деген осы емес пе?
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысын үйлестіріп отырған облыстық кеңсеге бас сұқсаңыз, төрт жыл ішінде жасалған небір жан тебірентерлік жаңалықтармен танысуға болады. Қағаз бетінде бірер сөйлеммен жазылған ақпараттың артында жүздеген адамның жанқиярлық істері, азаматтық ауан, мінез бен мейірім, перзенттік парыз, ақжүрек жомарттық жатыр.
Өңірлік офистің есебін қарап отырмын. «2017-2020 жылдары бағдарлама аясында Батыс Қазақстан облысында 5745 шара ұйымдастырылып, 5 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалды. Бұл іс-шараларға 1 миллионнан астам адам қамтылды» делінген екен. Шынтуайтына келсек, облыстың бүкіл халқы 650 мыңнан сәл ғана асады. Яғни осы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының толқыны облыстың әр тұрғынын кемінде 2-3 рет шарпып өтті деген сөз ғой. Расында да халық арасында танымалдылығы, жақсы мағынасында «жұқпалылығы» бұдан артық бастама бізде бұған дейін болмаған сияқты.
Бағдарламаға жақын жүргендер біледі, «Рухани жаңғырудың» бірнеше бағыты, яғни арнайы жобалары бекітілген. Бұл халық ішіндегі әртүрлі әлеуметтік топтардың, қоғамның сан түрлі қатпарларының мақсат-мүддесіне, көзқарасына сай болу үшін жасалған. Шынында да кейбіреулер үшін туған жеріне көмектесу – перзенттік парыз болса, енді бір топ тарихи һәм киелі жерлердің көркейгенін қалайды. Әлемнің ең озық үлгілерін қазақ даласына алып келіп, қазақ тілінде сөйлетуді қолға алғандар бір төбе болса, түгел түркінің тұтастығын тілеп, туыстық туын желбірететіндер де аз емес. Осының бәрі түптеп келгенде Қазақстан қоғамын, қазақ халқын жаңа сапалық деңгейге көтерген бастама болғаны анық.
Сөз басында айтқанымыздай, бағдарламаның Батыс Қазақстан облысында даму динамикасынан хабар беретін бірер цифрды көрсете кетейік.
Бастама алғаш қолға алынған 2017 жылы өңірде 543 іс-шара ұйымдастырылып, оған жергілікті бюджеттен 199 млн теңге, ал демеушілер мен меценаттардан 2 млрд 581 млн 864 мың теңге жұмсалған екен. Бұл істерге 25,5 мыңдай адам атсалысқан.
Ал 2018 жылы бұл сандар еселеп өскен! Жыл бойына 1579 іс-шара өтіп, оған 194 550 адам қатысыпты. Атқарылған жоба саны 252-ге жеткен.
Осы үрдіс 2019 жылы да сақталған. Іс-шаралар саны 2677-ге дейін көбейіп, 711 млн 448 мың теңгенің 195 жобасы жүзеге асқан. 260 мың тұрғын тартылған.
Ал өткен 2020 жылдың көрсеткіштеріне әлемді әбігер қылған пандемия кесірін тигізгені байқалады. Бірақ бұл кезеңде еріктілер алға шығып, тағдыр тәлкегіне қалған, аз қамтылған отбасыларға көмектесуге, пандемиямен күресіп жүрген медицина, құқық қорғау қызметкерлеріне қол ұшын беруге жұмылғанын көзіміз көрді. Бұл жылы меценаттардан жиналған қаржы да артып, 1 млрд 51 млн теңге болыпты. 406 мың адам ақжолтай істерге атсалысқан.
Туған жердің
түтіні де ыстық
Қазақ «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» деген мақал шығарған халық қой. Шынында жоғарыда аталған шаралардың басым көпшілігі, жұмсалған қаражаттың 4/5 бөлігі Ақжайық өңірінде дәл осы «Туған жер» арнайы жобасына жұмсалған екен.
Басым бөлігі күшейтілген карантин жағдайында өткен кешегі кібісе жылының өзінде облыста меценаттардың қолдауымен Бәйтерек ауданы Погодаев ауылында – мәдени-спорт кешені, Қазталов ауданы Жаңажол ауылында – фельдшерлік-акушерлік пункт, осы ауданның Қособа ауылында – бастауыш мектеп, Орал қаласының Зачаганск кентінде – көп балалы анаға тұрғын үй салынды. Одан бөлек 4 мәдени нысан бой көтерген. Мысалы, Қаратөбе ауылында Алаш Орда және Қайыржан Хасановтың мемориалдық-музей кешенін белгілі өлкетанушының ұлдары 100 млн теңгеге өз қаражатымен тұрғызды. Ақжайық ауданының кәсіпкерлері мен қарапайым тұрғындары ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойын «Жұбан орталығы» атты мәдени кешен тұрғызып атап өтті. Сырым ауданының Шолақаңқаты ауылдық округінде Ерсары батыр Бегейұлына кесене көтерілсе, Орал қаласында «Бес ұрпақ» саябағы пайда болды.
Елдегі төтенше жағдай кезінде меценаттардың көмегімен жалпы сомасы 120 млн теңгеге 160 дана оттегі концентраты, 400 пульсоксиметр, дәрі-дәрмек алынып, облыстағы медициналық мекемелерге табысталды.
Айтпақшы, дәл осы «Туған жер» жобасы аясында 2017 жылы Орал қаласында меценаттардың демеушілігімен «Рухани жаңғыру» музейі ашылған болатын. «Алаш тарихы», «Ұлттық баспасөз тарихы», «Киелі жерлер» тақырыбына жасақталған музей экспонаттарын бүгінге дейін 16 мыңнан аса адам қарап үлгеріпті.
2018 жылы елімізде ұлы композитор Құрманғазының мерейтойы аталып өткен еді. Сол шаралар аясында Батыс Қазақстан облысында «Ғасыр қойнауынан жеткен бабалар үні» халықаралық экспедициясы, «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференциясы, «Ұлы дала мұрасы» республикалық домбырашылар байқауы ұйымдастырылды. Орал қаласында өткен «Нағыз қазақ – домбыра» акциясына бір мезгілде 1700 домбырашы қатысып, Гиннестің рекордтар кітабына жазылды.
Киелі орындар
шақырады
Қазақстан болашақта туризм саласын табысты кәсіп көзіне айналдыруды көздеп отырған ел. Соның ішінде Батыс Қазақстанның тарихи һәм киелі орындары да назардан тыс қалмау керек. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнайы жобасы аясында өңірде тарихи-мәдени жәдігерлер есепке алынды. Оның ішінде 8 нысан Қазақстанның жалпыұлттық киелі жерлері тізіміне енді. Соның ішінде ортағасырлық Жайық қалашығы орнын зерттеу және музейлендіру жобасы жасалды. Бөкей Орда тарихи-музей кешені де елімізде барынша толық сақталған жалғыз хан ордасы ретінде көпшілік қызығушылығын тудырып отыр. Республика бюджеті есебінен салынып жатқан Қазталов-Жәнібек-Бөкей ордасы тас жолы құрылысы тезірек аяқталса, Ордаға барушылар легі еселеп артары анық. Осы Ордада тағы бір жалпыұлттық киелі нысан – күйші Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі бар. Ал Жымпитыдағы Алаш музейі Жаһанша мен Халел Досмұхамедұлы бастаған Алаш арыстарының табан ізі қалған тарихи ғимаратымен бағалы. 2018 жылы «Алаш Орда үйі» республикалық байқауда «Үздік музей» аталымы бойынша 1-орынды иеленді. Ал әулие Жұмағазы хазірет зиратына тәу етушілер легін құдайсыз Кеңес өкіметі де тыя алмаған екен. Культтік нысан, зиярат орны ретінде тек Қазақстан емес, таяу шетелдерге де әйгілі бұл кешенде бүкіл инфрақұрылым халықтың күшімен жасалған. Енді жергілікті билік жол мәселесін шешіп, халықтың талай жылғы тілегін жүзеге асырмақ.
Айтпақшы, әйгілі Тақсай ханшайымы – алтын адам табылған сақ қорғаны мен ХХ ғасырдың көрнекті қайраткері, ақын әрі ойшыл Ғұмар Қараштың зиратына зәулім кесенені дәл осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті халық өз күшімен көтеріп қойды.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында мәдени-туристік кластерді дамыту бойынша – «Бөкей Орда киелі жерлері» (Хан Ордасы), «Алаш Орда үйі», «Жұмағазы хазірет» кесенесі, «Алтын Ханшайым» Тақсай корғандары және «Жайық қалашығы» бағыттары жоспарланған.
Ауыл – ел бесігі
«Туған жер» жобасымен үндес келетін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту мақсатын көздейді. Өткен жылдары облыстың 12 ауданында да осындай іс-шаралар өтті. Шалғай ауылдарға су құбырын жүргізу, ауылішілік жолдарды жөндеу және салу, мектептер мен дәрігерлік амбулаторияларды күрделі жөндеу, жаяу жүргіншілер жолдарын салу және жарықтандыру секілді игі істер атқарылды.
Мысал ретінде айта кетсек, Ақжайық ауданының Жайық ауылында аудан орталығы мен Жайық ауылын қосатын жолдың 3,2 шақырымын күрделі жөндеу аяқталды. Осы бір аралық ауа райының қолайсыз кезеңінде ауыл тұрғындарын сарсаңға салатын. Ақыры осы арнайы жоба аясында шешімін тапты.
Сондай-ақ Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайхында бірнеше көшенің жолына күрделі жөндеу жүргізілді. Жәнібек ауданы, Борсы ауылдық округінің Тегісшіл елді мекеніне ауыз су құбыры тартылды.
Ал Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласын іргедегі Қызылтал шағын ауданымен жалғайтын автожолға күрделі жөндеу басталды.
Жылдан артық уақытқа созылған пандемия жомарт жандардың жолына тұсау болмапты. Белгілі кәсіпкер, «Құрмет» орденінің иегері Бейбіт Асанов өткен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында туған ауылы – Бәйтерек ауданындағы Погодаев ауылына 120 млн теңге қаржы жұмсап, зәулім мәдени-спорттық кешен салып берген болатын. Жақында сол Бейбіт мәдени-спорт кешеніне 18 татами және кимоно костюмдерін алып берді. Енді ауыл балалары боз кілемде белдесіп, күрестің қыр-сырын үйренетін болды.
Аманатқа адалдық
Осы мақаламызды дайындап жатқанымызда қазталовтық әріптесіміз Қайрат Жақыптан төмендегі жаңалықты естіп, жүрегіміз жылыды.
Қараоба ауылында тұрған кәсіпкер Мереке Кайбушев ауылдастарына қайырымдылығымен әйгілі еді. Шағын ғана Кайбушевтар отбасы талай-талай игі іске мұрындық болып жүрген екен. Өткен жылы аяқ астынан Мереке ағай дүниеден озыпты. Кәсіпкер шаруа қожалығында ұзақ жыл қызмет еткен жұмысшыларына үй, көлік алып беріп, қуантып жүреді екен.
– Жақында Мереке Кайбушевтің ұлы Қуаныш «Ақбота» шаруа қожалығында 10 жылдан бері жылқышы болып еңбек етіп жүрген Серікқали Төлешевтің отбасына баспана алып берді. Жеті бала өсіріп отырған Серікқалиға Мереке ағай: «Алла қаласа, жұмыс істегеніңе 10 жыл толғанда үй алып беремін» деп уәде берген екен. Сол уәдені ұлы орындап, әке аманатын жүзеге асырды. Қарапайым малшы отбасының қуанышында шек жоқ, – дейді Қайрат Жақып.
«Қайырымдылық істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылған осы бір шағын жаңалық бұл іске қатысы жоқ жандардың өзіне қуаныш сыйлайтыны анық. «Біреудің иығына жапқан шапаның өзіңді де жылытады» демекші, қайырымдылық бүкіл қоғамға оң әсер береді ғой.
Әрине, жомарттық, қайырымдылық қай кезде де болған. Дегенмен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы бұл жұмыстар жүйелі қалыпқа, тізбекті реакцияға айналғаны рас. Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімовтің сөзімен айтсақ, «қайырымсыз елдегі қайыршының қалпағы бос болады». Ал қайырымды ел жоғарыда айтылғандай мың сан игі істермен дос болады. Ылайым, солай болғай!
Батыс Қазақстан облысы