• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Спорт 12 Сәуір, 2021

Алматыда Азия чемпионаты өтеді

308 рет
көрсетілді

Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында күрес түрлерінен Олим­пия ойындарының лицен­зиялық турнирі аяқталғаннан кейін келесі күні тағы бір дү­бірлі доданың жалауы жел­бі­рейді. Анықтап айтсақ, Ала­тау бөктерінде орналасқан әсем ша­һарда бүгін ересектер ара­сындағы Азия чемпионаты шы­мылдық түреді. Ол 17 сәуірге дейін жалғасады. Аталған жарыста сары құрлықтың көптеген мемлекетінен келген белді ба­луан­дар күш сынасады.

Алаш топырағында Азия чемпио­наты алғаш рет ұйымдастырылғалы отырған жоқ. Дүбірлі доданы біз бұған дейін үш мәрте қабылдаған едік. Әлі есімізде, 2004 жылы Алматыда грек-рим күресінен құрлық біріншілігінің жалауы желбіреді. Командалық есеп­тегі басты тартыс Қазақстан мен Оңтүс­тік Корея құрамалары арасында өтіп, нәтижесінде біздің жігіттердің жо­лы болды. Өз салмақ дәрежелерінде Әсет Иманбаев (55 кило), Абдолла Жабырайлов (84 кило) және Георгий Цурцумия (120 кило) дара шықса, Нұрбақыт Теңізбаев (60 кило), Роман Меле­шин (66 кило) және Данил Хали­мов (74 кило) финалда ұтылды. Оңтүстік Кореяның балуандары 2 алтын, 2 күміс және 2 қоламен екінші орында қалып қойды. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген спортшыларға бір-бір бас жүлдеден бұйырды. Ал еркін күрес шеберлерінің жарысы Тегеранда өтсе, әйелдер кү­ресінің өкілдері Токиода сайысқа түсті.

2006 жылы сары құрлықтың са­йыпқырандары Алматыда бас қо­сып, 21 жүлде жиынтығын сарапқа салғанын спортсүйер қауым ұмыта қойған жоқ. Грек-рим күресінен өткен жарыста 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медальды қоржынға салып, жал­пы­командалық есепте көш баста­ғанбыз. Жерлестеріміздің арасынан Нұрбақыт Теңізбаев (60 кило), Мар­ғұлан Әсем­беков (96 кило) және Георгий Цурцумия (120 кило) қарсылас шыдатпай, бас жүлдені олжалады. Финалда Теңізбаев пен Әсембеков Қытай балуандарын ұтса, Цурцумия Иранның алыбынан айласын асырды. Уақыт оза Нұрбақыттан жеңілген Шэн Цзян Олимпия мен Азия ойындарының жүлдегері және Азия чемпионы атанды. Виталий Захарченко (84 кило) күміс алса, Бейбіт Нұғыманов (66 кило) пен Роман Мелешин (74 кило) қолаға қол созды.

Еркін күрестен өткен жарыста да жерлестеріміз жасындай жарқылдады. Леонид Спиридонов (66 кило), Нұржан Қатаев (96 кило) және Марид Муталимов (120 кило) алтын тұғырға көтерілсе, Бауыржан Оразғалиев (60 кило) пен Геннадий Лалиев (84 кило) үшінші орынға табан тіреді. Командалық есепте біздің балуандардың алдына ешкім түсе алған жоқ. Ал әйелдер күресінде Елена Шалыгинаның (63 кило) күмісі және қос Ольга – Калинина (67 кило) мен Жәнібекованың (72 кило) қоласын қанағат тұтуға тура келді.

2014 жылғы Азия чемпионатын қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы қабылдады. Бұл жарыста 17 мемлекеттен келген 257 спортшы боз кілемге шығып, 17 жүлде жиынтығын сарапқа салды. Грек-рим күресінде жерлестерімізге Қырғызстан мен Оңтүстік Корея құрамалары әжеп­тәуір қарсылық көрсетті. Аталған ко­мандалардың барлығы да қос алтынды қоржынға салды. Десек те күміс пен қоланы қоса есептегенде, жарыс қожайындарының алдына ешкім түсе алған жоқ. Отандастарымыздың арасынан Нұрсұлтан Тұрсынов (85 кило) пен Ерұлан Ысқақов (98 кило) теңдессіз деп танылса, Мақсат Ережепов (71 кило) ақтық сында сүрінді. Ал Айбек Ең­се­ханов (66 кило) пен Азамат Құс­­тыбаев (80 кило) үшінші сатыға жайғасты.

Еркін күресте Иранның апайтөстері алдарына жан салмады. Сарапқа са­лынған сегіз бас жүлденің алтауы­н солар олжалады. Тек екі салмақ дәре­жесінде ғана өзге мемлекеттің өкіл­деріне бас жүлде бұйырды. Бұл ретте қазақстандық Расул Қалиев (57 ки­ло) пен моңғолиялық Доржхандық Гю­дер­­бұлғаның (97 кило) бағы жанды. Отандастарымыздың арасынан Ра­сулдан бөлек, тағы үш жігітіміз жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Аслан Кахидзе (86 кило) күміс және Дәу­лет Ниязбеков (61 кило) пен Дәулет Ша­банбай (125 кило) қолаға қол жеткізді.

Нұр-Сұлтанда бұрымдыларымыз да ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жетті. Татьяна Аманжол (48 кило) мен Гюзель Манюрова (75 кило) алтыннан алқа тақса, Айым Әбділдина (55 кило), Екатерина Ларионова (63 кило) мен Елмира Сыздықова (69 кило) қола медальды мойындарына ілді. Нәтижесінде, біздің сұлулар жалпы есепте Жапония мен Қытайдан ғана қалып қойып, үшін­ші орынды еншіледі.

Міне, Алаш топырағында өткен Азия чемпионаттарының қысқаша тарихы осындай. Ал ең соңғы рет сары құр­лықтың басты додасы былтыр Үндіс­танның астанасы – Нью-Делиде ұйым­дастырылды. Қазақстанның балуандары бұл жарыста күрестің үш түрі бойынша да жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Тарқатып айтсақ, Үн­дістанда қол жеткізген нәтижеміз төмендегідей:

Еркін күрес: Данияр Қайсанов (74 кило) пен Юсуп Батырмұрзаев (125 кило) – алтын. Дәулет Ниязбеков (65 кило), Мейіржан Әшіров (70 кило), Илис­хан Чилаев (92 кило) және Әлішер Ерғали (97 кило) – қола. Барлығы – 2 алтын мен 4 қола. Алдымызда Иран мен Үндістан құрамалары.

Грек-рим күресі: Темірлан Ша­дукаев (77 кило) – алтын. Ибрагим Ма­гомадов (72 кило) – күміс. Қорлан Жақанша (55 кило), Азамат Құстыбаев (87 кило) және Мансур Шадукаев (130 кило) – қола. Барлығы – 1 алтын, 1 күміс және 3 қола. Алдымызда – Иран мен Өзбекстанның балуандары.

Әйелдер күресі: Татьяна Аманжол (53 кило) және Жәмила Бақбергенова (72 кило) – алтын. Аяулым Қасымова (62 кило) – күміс. Валентина Исламова (50 кило), Марина Зуева (55 кило), Алтынай Сатылған (57 кило), Мәди­на Бақбергенова (59 кило) және Елмира Сыздықова (76 кило) – қола. Бар­лығы 2 алтын, 1 күміс және 5 қола. Ал­дымызда – Жапония мен Үндістан командалары.

 

Алматыда өтетін Азия чемпионатында Қазақстанның намысын қорғайтын балуандар:

Грек-рим күресі: Жансерік Сәрсенбиев (55 кило), Айдос Сұлтанғали

(60 кило), Сұлтан Әсетұлы (63 кило), Алмат Кебісбаев (67 кило), Азат Садықов (72 кило), Демеу Жадыраев (77 кило) Евгений Поливадов (82 кило), Азамат Құстыбаев (87 кило), Ерұлан Ысқақов (97 кило) және Әлімхан Сыздықов

(130 кило).

Әйелдер күресі: Валентина Исламова (50 кило), Татьяна Ахметова (53 кило), Айша Уәлихан (55 кило), Алтынай Сатылған (57 кило), Диана Каюмова (59 кило), Ирина Кузнецова (62 кило), Гауһар Мұқатай (65 кило), Анастасия Панасович (68 кило), Жәмила Бақбергенова (72 кило) және Елмира Сыздықова (76 кило).

Еркін күрес: Азия чемпионатына қатысатын балуандар Алматыда өтетін лицензиялық турнирден кейін анықталады.

 

 

АЛМАТЫ