• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Сәуір, 2021

Этносаяси сауаттылық әркімге қажет

694 рет
көрсетілді

Елордада БАҚ өкілдеріне арналған «Этносаяси сауаттылықты арттыру» тақырыбында семинар өтті. Басқосуды ұйымдастырушы – құрылғанына таяуда ғана бір жыл толған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты.

Журналистердің этносаяси сауат­тылығын арттыру. Семи­нардың басты мақсатын бір ауыз сөзбен осылай түйіндеп жеткі­зуге болады. Сондай-ақ шараны ұйым­дастырушылар осындай іс-шара­лар негізінде алдағы уақытта Қазақ­стандағы этносаралық тақырыпқа маманданған журналистердің тұ­рақты пулын қалыптастыруды жос­парлап отыр.

Пленарлық және секциялық басқосулар барысында басты тақы­рып төңірегінде бірқатар өзекті мәселе талқыға салынды. Атап айтқанда, институт қызметкерлері БАҚ өкілдеріне «Шиеленіс және триг­гер дегеніміз не?», «Шиеле­ністің қандай кезеңдері бар?», «Араздық тілі», «Этносаралық шие­леніс кезінде жиі қолданылатын нормативтік емес этнонимдер», «Этносаралық қатынастардың эконо­микалық-демографиялық өл­шемі», «Этносаралық тақырыпты жариялау кезінде этносаяси терминологияны пайдаланудың ерек­шеліктері» секілді соны мәлі­мет­тер мен тың деректерге толы та­қырыптар төңірегіндегі зерттеу­лерімен бөлісті.

Талқылау барысында институт қызметкерлері елімізде этносаралық қатынастар негізінде туындаған қақтығыс жағдайларының пайда болуына әсер ететін бірнеше факторды атап өтті. Атап айтқанда, спикерлер этностардың шоғырланып өмір сүруі, этностық топтардың бір-біріне жақындығы, демографиялық дамуы, әлеуметтік теңсіздік, тұр­мыс­тық-отбасылық кикілжіңнен туын­дайтын дау-жанжалдар сипаты, экономикалық өлшемнің алшақ­тығы, тілді, мәдениет пен дәстүр­лерді білмеу, сыртқы әсер, сыбайлас жемқорлық сияқты факторларға кеңінен тоқталды.

Семинардың пленарлық отырысына қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елімізде этносаралық сала­дағы онсыз да өзектілігін жоймай келе жатқан мәселелерді тым саясиландырып жіберудің әдетке айналып бара жатқанын, әсіресе бұл үрдістің әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде өте жиі қайталанатынын сынға алды. «Әлем жұрты Қазақстанды бейбітшілігі мен келісімі жарасқан ел ретінде таниды. Бұл елімізде жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік салиқалы саясаттың арқасы. Қазақ­стан халқының бірлігін, елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету – биліктің барлық деңгейіндегі мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала береді. Сол себепті ең алдымен азаматтық қоғамның этносаяси сауаттылығын арттыруға мән бергеніміз жөн. Бұл бағытта сіздердің, журналистердің де қосар үлестеріңіз орасан зор», деді БАҚ өкілдері алында сөз алған министр.

Семинардың маңыздылығына кеңінен тоқталған А.Балаева еліміз­дегі этносаралық қатынас­тар­­дың үйлесімді дамуында БАҚ-тың алар орны ерекше екенін атап өтті. Ақпарат құралдарында елі­мізде болған этносаралық дау-жан­жал­дарға қатысты оқиғаларды жариялау кезінде әр сөзді салмақтап, сара­лап, сауатты жеткізудің маңыз­дылығына тоқталған министр басқосу барысында этносаралық қаты­нас­тарды дамыту саласында жур­налистердің арнайы пулын құруды ұсынды.

«Әр ақпарат құралынан этнос­аралық саланы жариялайтын журна­листерді анықтап алсақ, министрлік, оның ішінде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты олармен алдағы уақытта тұрақты түрде байланыста болып, ақпараттық қолдау білдіріп, өзара іс-қимыл жасауға, біліктіліктерін арттыру мақсатында оқытуға дайын», деді журналис­термен ашық пікір алмасу кезінде А.Балаева.

Секциялық отырыс кезінде журналистердің этносаяси сауат­тылығын арттырудың өзектілігі туралы ой-пікірлер қызу талқыланып, бұл бағытта ақпараттық және медиа сауаттылықты көтеру, фактче­кингтің қажеттілігі сөз болды. Спикерлер интерактивті, сұрақ-жауап, топтық талқылау, сауалнама әдістерін пайдалана отырып, этносаралық тақырыптарды жария­лау кезінде ақпараттың қоғамға әсерін анықтау, мәліметтердің ақ-қара­сын ажырату үшін пайдаланы­латын құралдармен жұмыс істеу мә­селелерін егжей-тегжей түсіндірді.

Семинар барысында қатысу­шылар қоғамда үлкен дау тудырған Қордай қақтығысы, Ұйғыр ауда­нындағы төбелестің түпкі себеп-салдары, күні кеше Алматыдағы «Алтын Орда» базарында болған кикілжіңнің кейіпкерлері туралы пікірталастарда белсенділік танытып, сыни көзқарастары мен өткір пікірлерін ашық жеткізді.

Қазіргі ақпараттық дәуірде БАҚ-тың әлеуметтік шынайылық пен қоғамдық әділдікті қалыптастыруда ықпалы зор екені даусыз. Алайда ақпараттық қоғамның дамуына әлеуметтік желілердегі жазбалар да әсерін тигізіп отыр. Көбіне ақпараттың анық-қанығына көз жеткізбей, дауға дау қосып, отқа май құйып жіберетін алаң да осы жер. Әлеуметтік желі мен мес­сенджерлерді пайдаланушылардың дені әсіресе этносаралық оқиғалар кезінде аттанға айқай қосып, жағдайды одан сайын ушықтырып жатады. Құзырлы органдардың ресми ақпаратты кеш жариялауының кесірі кімдерге тиеді? Мұндай кездері әдетте жалған, тексерілмеген мәліметтерге толып қалатын ақпараттық вакуумды қалай «тазартып» алуға болады? Провокациялық сипаттағы ақпаратты қалай ажыратамыз? Жедел әрі сауатты кері байланыс қалыптастыруға не кедергі? Конфликтолог, этнопсихолог мамандықтарының маңыздылығы неде? Этно-ақпараттық сауаттың алғышарттары қандай? Сыни ойлау дегеніміз не? Жер-су атауларын өзгерту мәселені шешуге сеп бола ала ма? Ішкі көші-қон саясаты жағдайға қалай ықпал етті? Міне, семинар барысында БАҚ өкілдері мен спикерлер жан-жақты талқыға салған сұрақтардың тізбегі осындай.

Қолданбалы этносаяси зерттеу­лер институты қызметкерлерінің мәлімдеуінше, ел егемендігі жылдарында мемлекетімізде 46 ұлтаралық қақтығыс болған екен. Осы жылдар ішінде ұлтаралық араздықты қоздыруға жол берген 14 мате­риал анықталып, 6 ақпарат құралы бұғатталған. Спикерлер әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған кез келген іс-әрекет Қылмыстық кодекстің 174-бабында көзделген жауаптылықпен сараланатынын да ескертіп өтті.

Семинар соңында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев БАҚ өкілдеріне этносаралық қатынас­тарды дамыту саласында жүргізіп жатқан жұмыстар бойынша ақпарат беріп өтсе, Этносаралық қатынас­тарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Талдау және ақпа­рат орталығының директоры Михаил Комиссаров этносаралық қаты­настар туралы халыққа ақпарат берудің басты ерекшелігі мен жауап­кершілігі туралы баяндады.

Өз кезегінде семинарға қатыс­қан БАҚ өкілдері этносаяси сауат­тылық дағдыларын меңгерудің журналистік тәжірибеде ғана емес, жалпы өмірде де аса қажет екенін айтып, осындай іс-шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыру жөнін­де ұсыныс-тілектерін жеткізді. «Өйткені бүгінгідей ақпарат­тар ағыны толассыз заманда этносая­си сауаттылықты арттыру әрқай­сымызға аса қажет», дейді семинарға қатысушылар. Іс-шара соңында семинар жұмысына қатысқан барлық журналиске арнайы сертификаттар табысталды.