• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2021

Тобыл қаласында тұңғыш ұлттық өнер орталығы ашылды

714 рет
көрсетілді

Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде «Шаңырақ»  атты тұңғыш өнер орталығы ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жергілікті өнерпаздардың айтуынша, аталмыш орталық Қостанай ауданындағы қазақ дәстүрлі өнерінің даму белесіндегі айтулы оқиғалардың бірі болып табылады.

Ұлттық орталықтың тұсаукесер рәсіміне облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, аудан әкімінің орынбасары Ибрахим Бекмұхаметов, өңірде дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген әнші-жыршы, термеші, күйшілер мен аудандық мәдениет үйінің  қызметкерлері қатысты.  

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталған төрт жыл ішінде қаншама жұмыстар атқарылып жатыр, көптеген жобалар жүзеге асырылды. Біздің Тобыл-Торғай өңірінде ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған жұмыстар жанданып, жаңа деңгейге көтерілді. Мысалы, біз Сағын Жалмышев атындағы дәстүрлі домбырашылар байқауын, Нұржан Наушабаев атындағы дәстүрлі әншілер байқауын өткізіп келеміз. Алдағы уақытта қобызшылар байқауын дәстүрлі түрде өткіземіз деген ой бар. Осы шаралардың барлығы да өңірде ұлттық өнерімізді насихаттап,  өскелең ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында жүзеге асырылып жатыр.  Ал енді бүгінгі орталыққа келетін болсақ, қазігі таңда аудандық, сондай-ақ ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар мүмкіндігінше ұлттық өнеріміздің өркен жаюына үлес қосып, біраз жылдардан бері осы бағытта табанды еңбек етіп келеді. Алайда бұған дейін аудан орталықтарында қазақтың қадымнан жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнерінің әр түрлі жанрларын әрі қарай жандандыратын  үйлестіру орталығы болған жоқ. Сондықтан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ашылып жатқан тұңғыш орталық алдағы уақытта әр жерде, әр ауылда жүрген дәстүрлі өнер өкілдері мен ұжымдардың басын бір арнаға тоғыстырып, ұлттық өнердің ілгері басуына ұйтқы болады деп сенемін. Бұл орталыққа келіп, домбыра, күй, жыр, терме үйренемін дейтін, бойында азғантай болса да өнер ұшқыны бар кез келген жастағы адамға есік ашық, деді Ерлан Қалмақов.

​«Шаңырақ» ұлттық өнер орталығының алға қойып отырған мақсаттарының бірі - күй өнерін  дамыту, облыстағы кәсіби күйшілерді тарта отырып, талапты балаларға, әуесқой домбырашыларға арналған шеберлік сыныптарын, үйірме жұмыстарын жандандыру болып табылады. Салтанатты рәсімде белгілі болған тағы бір сүйінші жаңалық, таяуда ғана республикалық Күйшілер одағының Қостанай облыстық филиалы құрылыпты. Одақ филиалының тізгінін ұстаған өңірге белгілі күйші Батырбек Байназаровжиналған көпшілікке облыстық күйшілер одағы алдағы уақытта жаңа тұсауы кесілген ұлттық өнер орталығының қабырғасында жұмыс істейтінін жеткізді.

- «Шаңырақ» орталығы болашақта тек Қостанай ауданының ғана емес, өзге де өңірлердегі күйшілердің басын қосып, өзара тәжірибе алмасатын үлкен өнер ордасына айналады. Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп жатқан республикалық Күйшілер одағының филиалы биыл алғаш рет Қостанай облысында да құрылды. Басты мақсатымыз – ел ішінде күйшілік өнерді дамыту, кезінде осы өңірде өнер дәнін шашқан атақты күйші-композиторлардың мұрасын насихаттап, дәстүрлі мектеп қалыптастыруға талпыныс жасау, сондай-ақ облысымыздағы дәулескер күйшілерімізді ел көлемінде өтіп тұратын республикалық, халықаралық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдарға жіберу, деді облыстық филиал жетекшісі  Батырбек Байназаров.  

​Тобыл қаласы облыс орталығына тиіп тұр, оның үстіне мұнда ұлттық саз аспаптары ансамблі, қазақ ұлттық оркестрі бар. Дәстүрлі өнерді өміріне азық еткен өнерпаздар да осы ауданнан жиі шығады. Сондықтан  ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге жол ашатын тұңғыш орталықтың да осыҚостанай ауданында ашылуы заңды сияқты.

​Салтанатты шара соңында «Шаңырақ» ұлттық өнер орталығының мамандары жиналғандарды «Тұлғалар тұғыры» атты қанатқақты жобамен таныстырды. Жобаның мақсаты – аудан тұрғындарына өңірде ұлттық мәдениеттің дамуына елеулі үлес қосқан өнер қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығын насихаттау.