ТЖД жиынтық жасағының бөлімшелері шағын өзендердегі арналарды тазартып, су айдындарының деңгейін өлшеу және қарғын су мен қар қорының жиналуына іргелес алқаптардың мониторингін жүргізуге кірісті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өткен жылдардың тәжірибелері ескеріліп, су тасқынына неғұрлым бейім орындарда топтың жеке құрамын шоғырландыру жүргізілді. Олар Рузаевка және Чистополье селоларына жақын жердегі Ақан – Бұрлық, Шарық және Жембарақ өзендері. Сонымен қатар Ғ.Мүсірепов ауданынан өтетін Жембарақ және Есіл өзендерінің Тоқсан би селосы, Айыртау ауданының Константиновка селосының маңындағы Бабық-Бұрлық өзеншіктері. «Су тасқынына дайындық бұрын әзірленген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Біздің мақсатымыз - осы күрделі кезеңде жергілікті атқарушы органдарға көмек көрсету, елдімекендерді қауіпті стихиялық құбылыстардан қорғау. Өткен жылдың тәжірибесіне қарағанда біздің мамандарға мұз кесуге, жергілікті тұрғындарды, жүктер мен азық-түлікті мұз жүріп жатқан өзендер арқылы өткізуге тура келуі мүмкін», дейді Ғ.Мүсірепов атындағы ауданында жұмыс істейтін бөлімшені басқарушы,азаматтық қорғау подполковнигі Марат Сыздықов.
Бұл бөлімшелер аудандарда 7 сәуірден бастап жұмыс істеуде, ал бүгін, 12 сәуірде Уәлиханов ауданына да жеке құрамның 8 адамынан қосымша күштер мен құралдар, Кұлыкөл селосына қайықпен мотопомпалар артқан КамАЗ автомобилі жіберілді.