Семейдегі қалаішілік автобустардың графикке сай қатынамауы туралы мәселе бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде аз көтерілген жоқ.
Қала тұрғындары да автобустардың жай-күйіне үнемі наразылық білдіріп келеді. Айналып келгенде, автобус паркінің өз ішіндегі мәселелері қоғамға кедергісін келтіріп-ақ отыр. Жұрт пікірін ескерген Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері жағдайды түсіндіру үшін баспасөз конференциясын өткізді.
2019 жылы Семей қаласы тұрғындары тарапынан жолаушылар тасымалының сапасы мен қалалық автобустардың жай-күйіне қатысты көпжылдық арыз-шағымдардан кейін облыс әкімдігі «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамы арқылы көліктерді жаңарту туралы шешім қабылдаған еді. Жеңілдетілген лизинг алу үшін SEMEY BUS ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды, оның құрамында мемлекет үлесі 49 пайыз және жеке серіктес – «Семей автобус паркі» ЖШС-нің үлесі 51 пайыз болды. Лизинг аясында 4,2 млрд теңгеге 170 автобус сатып алынды. Бизнеске түсетін салмақты азайту үшін облыс әкімдігі жобаны бірлесіп қаржыландыруға 633 млн теңге бөлді. Осылайша, лизинг сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін азайды.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жаңа автобустар сатып алғанға дейін Семейдің жеке тасымалдаушылары жолаушылар ағыны жылына 17 млн адам деп көрсеткен. Алматы көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүргізген талдаудан кейін нақты жылдық жолаушылар ағыны 57 млн адамды құрайтыны анықталды. Бұл фактор лизинг арқылы жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдауда негізгі фактордың бірі болды. Өйткені есептеулер бойынша жоба экономикалық тұрғыдан тиімді еді. Бизнесті қолдау үшін Семей қаласының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар маршруттардың тиімділігі төмен болған жағдайда, оларды субсидиялау бойынша міндеттеме алды.
Алайда қазір SEMEY BUS ЖШС кәсіпорны қиын жағдайға тап болып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, мұның басты себебі – тиімсіз менеджмент. Кәсіпорын қызметкерлері жалақыны үнемі кешіктіреді, зейнетақы және әлеуметтік аударымдар жүргізілмейді. Айталық, қарыз сомасы 168,5 млн теңгені құрады. Осы себепті жұмысшылар екі рет митингіге шыққан. Сол кезде әкімдіктің араласуымен қарыз өтеліп, шиеленіс жойылған болатын. Сонымен қатар кәсіпорын бюджетке салық төлемей келеді. Қарыз – 316 млн теңге. Қазір сот процестері жүріп жатыр. Егер талап қанағаттандырылса, компанияның шоты тұтқындалуы мүмкін. Демек, тасымалдаушының қызметі тежелуі ықтимал.
– Лизинг алған сәттен бастап SEMEY BUS ЖШС несие бойынша шарттық міндеттемені орындамаған. Кәсіпорынға төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі де берілді. Алайда қарыз өтелмеген және бүгінде 1,1 млрд теңгеге дейін ұлғайып отыр. Кредит мерзімі өткен сәттен бастап «ҚДБ-Лизинг» АҚ кәсіпорынға лизинг бойынша берешекті өтеу қажеттігі және лизинг нысандарын алып қою арқылы шартты мерзімінен бұрын бұзу қаупі туралы бірнеше рет хабардар еткен. Егер бұлай болса, SEMEY BUS ЖШС-нің қызметі тоқтайды, – деді А.Сматлаев.
Бұдан бөлек, кәсіпорынның коммуналдық және жеке ұйымдар алдында 347 млн теңге сомасында борыштары бар. Мәселен, 25 наурыздағы жағдай бойынша компанияның жалпы қарызы шамамен 2 млрд теңгеге жеткен.
– Лизинг бойынша берешекті есепке алмағанның өзінде, кәсіпорын жалақы, салық және өзге де төлем бойынша 830 млн теңге кредиторлық берешекке жол берген. Облыстың барлық автотасымалдаушылары ішінде мұндай қаржылық жағдай тек SEMEY BUS ЖШС-да ғана қалыптасып отыр. Сондықтан кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне аудит жүргізілді. Бірқатар кемшілік анықталды, – деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Маршруттар бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға жеткілікті көліктері бола отырып, өз автобус паркінен ерекше үлкен класты автобустарды жалға алғаны белгілі болды. Сондай-ақ жинақталған қарызға қарамастан, кәсіпорын қаражатты бизнес кластағы жеңіл автокөлікті жалға алуға, жиһаз бен жабдық сатып алуға жұмсаған. Ұйым дамуының теріс динамикасы орын алса да, ынталандыру төлемдерін жүргізген.
Компания маршруттар бойынша тасымалдау ісіне 2019 жылғы қыркүйекте кірісті, ал алғашқы субсидияны беру туралы өтініш 2020 жылғы наурызда жіберілді.
– Жобаның жалпы сомасы 170 автобусқа 4,2 млрд теңге, ал әкімдіктің бірлескен қаржыландыруын ескергенде лизинг сомасы 3,5 млрд теңгені құрады. Компания жыл сайын 3,5 млрд теңгеге субсидия түрінде мемлекеттік қолдауды, сонымен қатар тарифті көтеруді сұрады, яғни бір жылдың ішінде олар бүкіл жобаның құнына пара-пар ақша талап етті, – деп атап өтті А.Сматлаев.
Сонымен қатар 2021 жылдың 10 ақпанында кәсіпорын қайтадан 3,5 млрд теңге, ал 21 ақпанда 773 млн теңге сұрады. Осыдан кейін 29 наурызда компания 2021-2022 жылдарға 3,7 млрд теңге, яғни екі жыл ішінде 7,4 млрд теңге көлемінде субсидия сұрады. Бұл лизинг сомасынан екі есе көп.
Сонымен бірге билік өкілдері атап өткендей, тасымалдаушыда сұралған сомалар мен тиісті негіздемелердің нақты дәлелі болған емес және әлі де жоқ. Бірнеше күннің ішінде сомалардың неліктен соншалықты күрт өзгеретіні белгісіз. Осылайша, 2020 жылдың наурызынан бастап кәсіпорын тарапынан субсидиялау қағидаларына сәйкес түпкілікті негізделген есептері бар бірде-бір өтінім түскен жоқ.
Осыған қарамастан, 2020 жылы облыстық бюджеттен аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың жеңілдікпен жол жүруіне байланысты тасымалдаушылардың шығындарын өтеу үшін Семей қаласына 140 млн теңге бөлінді. Алайда бұл соманың 5,9 млн теңгесі ғана игерілді, ал қалған ақша облыс бюджетіне қайтарылды.
Облыс әкімі бірінші орынбасарының айтуынша, ағымдағы жылдың бюджетінде аталған мақсаттарға 500 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бірақ бүгінгі күні тасымалдаушылар тек 14 млн теңгені, оның ішінде SEMEY BUS ЖШС тек 8,4 млн теңгені игерді. 500 млн теңге – Семей қаласының маңызды әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталатын қомақты қаражат. Ал тасымалдаушы мемлекет бөлген қаражатты игере алмай отыр.
Сонымен қатар сатып алынған 170 жаңа автобустың небәрі жарты жылдан кейін 30-ға жуығы тоқтап қалса, бүгінде шамамен 70-і істен шығып тұр.
Облыс әкімдігі қала көлік қатынасынсыз қалмауы үшін барлық қажетті шара қабылданып жатқанын мәлімдеді. Әзірге кездесуге дайындығын байқатып отырған «ҚДБ-Лизинг» АҚ-мен келіссөздер жүргізілуде. Субсидия бөлу үшін кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне және нормативтік-құқықтық актілеріне құқықтық талдау жүргізілуде, өйткені бәрі бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тиіс.
– Тасымалдаушылар өтінімдері негізінде қажетті субсидия алады деп үміттенемін. Өкінішке қарай, бүгінге дейін бірде-бір негізделген өтінім түскен жоқ. Біз бұл мәселе бойынша жұмыс істейтін боламыз. Кез келген жағдайда көлік қатынасының тоқтауына жол берілмейді. Қоғамдық көліктер барлық әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша қалыпты режімде қатынайтын болады, – деді Семей қаласының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетерлігі, Семей қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясы өткізіліп, кәсіпорынға 500 млн теңге бөлу мәселесі қарастырылады. Одан әрі бұл мәселе республикалық деңгейде қаралатын болады.